KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 2,3 м/с, В
443.44 480.51 4.88

ШҚО-ның агроөнеркәсіп кешенінде 37 инвестжоба іске асады

30.11.2023, 12:29 132 Оразай Жеңісұлы

Өңірдің ауыл шаруашылығы саласына салынатын жоспарланған инвестициялар сомасы 236,4 млрд теңгені құрады. Қаржы ірі интеграцияланған агроөнеркәсіптік алаңдарды салуға бағытталатын болады.

Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өтіп жатқан брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы өзекті мәселе, ағымдағы жыл көрсеткендей өзінің тұқым өсіру базасын құру болмақ.

Бұл мәселені шешу үшін облыста дәнді, майлы және жемшөп дақылдарының бірегей сұрыптарын, күнбағыс пен соя буданын өндіру жолға қойылды. Бұл өңірді, одан әрі елдің басқа да облыстарын тұқыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Бұдан басқа, өңірде "Алтай" көтерме-тарату орталығының құрылысы аяқталып қалды, ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін өткізу алаңына айналады және облыс орталығы тұрғындарының сұранысын қолжетімді бағадағы сапалы отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысы атап өткен бірегей нысан ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы күйде сақтап, ішінара өңдеп, фермерден тұтынушыға делдалсыз сатуға мүмкіндік туғызады. Қоймаға еліміздің барлық өңірінен өнім жеткізіледі деп жоспарланған.

Жуықта Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жобаны жоғары бағалап, бірегей нысанның ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтқан еді.

Көтерме-тарату орталығы ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, дамытуға жол ашады. Сондай-ақ әлеуметтік бағаның тұрақтануына ықпал етіп, қызметтердің кең спектрін және ассортименттің алуан түрін ұсынады.

Инвестициялық жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде аумағы 19 935 шаршы метр екі көкөніс қоймасы салынады. Мұнда 45 мың тонна өнім сақтауға болады. Сондай-ақ кросс-док және әкімшілік ғимараттар кешені тұрғызылады. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.

Жобаның екінші кезеңінде негізгі көтерме-тарату орталығының ғимараты бой көтереді. Аумағы – 20 024 шаршы метр. Ет пен балық өнімдерін сату залы, жеміс, көкөніс сату залы, сүт, нан өнімдерін сату залы, 40 адамдық асхана, 1 тоннаға дейін нан өнімдерін өндіру қуаты бар шағын наубайхана, күзет бөлмелері, әкімшілік нысандар, жүк түсірушілер нысаны, ветеринарлық сараптама орны, мал дәрігерінің бөлмесі және жәрмеңке өткізу аймағы да екінші кезең аясында салынады. Бұл негізгі ғимараттардың құрылысы 2023 жылдың 2-ші тоқсанында басталған, енді келер жылдың 2-ші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Шығыста ҚХР-ға агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізудегі техникалық кедергілерді жою мақсатында зертхана ашылатынын айта кетейік. Жоба қазірдің өзінде Қытай тарапымен келісілген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив