KZ
Өскемен
+8°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
449.58 486.94 4.86

ШҚО-да педагогтардың аймақтық форумы өтті

15.11.2022, 11:56 383 Мадина Амангелдіқызы

Өскемендегі Педагогикалық шеберлік орталығының филиалы қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесіп, «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» тақырыбында аймақтық форум өткізді.

Білім беру процесіне заманауи тәсілдерді енгізу, жас педагогтердің зияткерлік әлеуетін арттыру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған ауқымды шараға өңіріміздің түкпір-түкпірінен барлығы 150  жас педагог қатысты, деп хабарлайды Altaynews сайты.

Форум басталмас бұрын ұйымдастырылған «Біз бір командамыз» тренингі жас мамандарға  бір-бірімен танысып, эмоционалдық көңіл-күйлерін  форум жұмысына бағдарлауға көмектесті.

- Мұғалім болу, бала тәрбиелеу - ең ардақты мамандық, үлкен мәртебе. Сіздердің алдарыңызда Жаңа Қазақстанның азаматтарын тәрбиелеудің абыройлы міндеті тұр. Қиындықтарға мойымай, алға қойған мақсаттарыңыздан таймай, алға талпыныңыздар. Технологиялар мен жаңашылдықтар үзіліссіз жетіліп жатқан заманда өз ісінің шебері, ұстаз деген атқа лайық педагогтерді қалыптастыруда бүгінгі форумның маңызы ерекше. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді құттықтау сөзінде  облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбек.

Жиналғандар алдымен І республикалық форум туралы бейнероликті тамашалады. Республикалық форумға облыс атынан делегат болып барған Ұлан ауданындағы Мәрсеков атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әділ Анарбековтың алғашқы мамандығы аударма ісі болыпты. Алайда мектепте істеген бір жылда өзінің мұғалім болғысы келетінін жақсы түсінген жас маман алты жылдан бері оқушыларға ағылшын тілін үйретіп келеді. Әділдің пікірінше, аймақтық форум пікір алмасу алаңы ретінде жас педагогтарға өте қажетті шара, өйткені оларға қолдау қажет. Тамыз айында өткен республикалық форумда өз шеберлік сыныптарын көрсетіп, тың, жаңа идеялармен оралыпты.

– Келешекте, тәжірибем толыққаннан кейін өзімнің авторлық әдістемелік бағдарламаларымды ойлап тапқым келеді. Заманауи технологияларды қолдана отырып, сабақты қалай қызықты өткізуге болады, соларды зерттеп, осы бағытта жұмыс жасасам деймін. Оқушыларға, жас мамандарға көмекші оқу құралдарын жазсам деген арманым бар, - деп бөлісті болашақтағы жоспарымен  Әділ Анарбеков.

Республикалық форумға қатысқан тағы бір делегатымыз Алена Рахимова өзін мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндердің оқуға деген ынтасы, білімге деген құшатарлығы қанаттандыратынын, содан жігер алатынын айтады.  Ол - Өскемендегі №39 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.

 -Тамыз айында өткен республикалық форум педагогтардың кәсіби дамуы мен біздің қызметімізді цифрлық ұйымдастырудың платформасы болды. Бүгінгі форумда сонда алған іс-тәжірибеммен бөлісіп, жаңа білім, тәжірибе жинақтап қайтамын деп үміттенемін, - дейді Алена Рахимова.

Сондай-ақ, С. Аманжолов атындағы мектептің мұғалімі Мақсат Алғали, О. Бөкей атындағы №44 лицейдің мұғалімі Назым Бекжанатова, Меновное мектебінің мұғалімі Анна Шваб модератор болып, республикалық форумда жинаған іс-тәжірибелерімен бөлісті.

 Жас педагогтерге  мотивациялық талпыныс беру үшін  өз кәсіптерінде жетістікке жеткен, еліміздің дамуына зор үлестерін қосып жүрген  олимпиада чемпионы  Ольга Рыпакова, кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров форумға арнайы спикер ретінде шақырылды. Өңірімізге танымал тұлғалар  кәсіби даму жолдарын, қызықты да мағыналы оқиғаларын әңгімелеп, жетістіктерінің құпияларымен бөлісті.

Форумның әдістемелік бөлігінде тренерлер мен  ұстаздар тақырыптық алаңдарда функционалдық сауаттылық, сабақты құрастыру, Insight зертханасы, оқытуда АКТ-ны тиімді пайдалану тақырыптарында әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

 І аймақтық жас педагогтер форумының ACTIV SPOT бөлігінде Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары саз, сурет салу, би, вокал, домбыра өнерлеріне саяхат жасады, арт терапия жүргізді.

Іс-шара соңында Өскемен қаласындағы ПШО филиалының тренерлері «Зерттеуді зерттеуге болмайды» тақырыбында  педагогикалық батл ұйымдастырды.  Оған қатысушылар өз көзқарастарын уәжді дәлелдермен негіздеп, пікірлерімен бөлісті.

Жас педагогтерге арналған аймақтық форум жыл сайын жалғасын таппақ.

 

 Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив