KZ
Өскемен
+7°
пасмурно жел 6 м/с, З
444.32 473.33 4.76

Жас ғалымдар көпшілікке ғылыми жобаларын таныстырды – ШҚО

18.04.2023, 10:44 615 Ләззат Қанатқызы

Өскемен қаласында 13-15 сәуір аралығында оқушылар арасында ғылыми жобалар фестивалі өткен болатын. Аталмыш байқауда әр ауданнан келген жас өнертапқыш түрлі қызықты жобаларын көпшілікке таныстырды.

Оқушылардың бірі күн энергиясы негізінде құрылған экоауыл моделін жасаса, тағы бірі микроклоналды көбею әдісімен картопты сауықтыру жобасын ұсынып, келесі оқушы механикаландырылған бесік макетінің үлгісін жасап әкелген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Денис Лагутин өзінің ғылыми жобасында әдеттегі ас үйден шығатын қалдықтарды, яғни пияз, жұмыртқа қабығы, банан қабығын, шай жапырақтары, қызылша қабығы мен цитрус қабығын пайдаланған. Жас ғалымның айтуынша, олардың пайдасы орасан зор.

– Бұл жобамен айналысқаныма 2 жылдай болды. Тәжірибе алты шелекте жүргізілді: тыңайтқыш қосылмаған үш бақылау, үш минералды және үш органикалық. Тыңайтқыш көп болмаған бақылау контейнерінен мен 10 дана картоп алдым, минералды тыңайтқышпен – 15, ал органикалық тыңайтқышпен – 17 дана, – дейді Денис Лагутин.

Фестивальдің тағы бір қатысушысы Нұрәли Жаңабаев күн батареясын пайдалану негізінде экоауылдар құруды ұсынған. Бұл – таза экологиялық технология. Ол арқылы үйді жарықтандырып, бақша суаруға да болады.

– Мен, ең алдымен, экологияны қалай жақсарту жайын ойлаймын. Бүгінгі таңда зауыттардың кесірінен ауа сапасы нашарлады. Сондықтан күн батареялары негізінде жұмыс істейтін «Экоауыл» моделін жасадым. Жарықтандыру үшін әр үйге күн батареяларын орнатып, соның энергиясы есебінен көкөніс бақтарын автоматты түрде суару үшін арнайы жүйе ойластырдым. Өз жобамды одан әрі ілгерілетуді жоспарлаудамын, – дейді Нұрәли Жаңабаев.

Ал Ұлан ауданының Герасимовка орта мектебінің оқушылары Мәрмәр Мәулітбек пен Нұрбол Мантай инновациялық механикаландырылған бесік макетінің үлгісін әкелген. Балалар бұл жобаға бір жыл уақыт жұмсаған. Олардың айтуынша, мұндай бесік редукторлы электр қозғалтқышының арқасында артық дыбыссыз болады. Жас өнертапқыштар бесікті қазақ ою-өрнегімен безендіріп, ұлттық әндер ойнайтын музыкалық құрылғы орнатқан.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив