Биыл бірінші сыныпқа 300 мыңдай бала барады – БҒМ

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, биыл 300 мыңдай бала бірінші сыныпқа барады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Статистикаға сүйенсек, республикада 7649 мектеп бар. Оның 7307-і – жалпы білім беретін күндізгі мектеп. 3796 мектеп қазақ тілінде, 1349-ы орыс тілінде оқытады. 2014 жылдың 1 қыркүйегінде елімізде 68 жаңа мектеп ашылған. Шығыс Қазақстан облысында –18, Оңтүстік Қазақстан облысында – 17, Астана қаласы мен Қызылорда облысында алты, Атырау облысында тоғыз мектеп пайдалануға беріледі.
Мектеп формасына қатысты тиісті ведомство мамандары «Білім туралы» заңға сәйкес, оқушылар білім мекемесі бекіткен мектеп формасын сақтауға міндетті екенін айтады. Министрліктің мониторингіне қарағанда, 2012-2013 оқу жылында мектеп формасын 4,5 мың мектептегі 1,6 млн-нан астам оқушы (61%) киген. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 72 пайызды, яғни 5,4 мың мектептегі 1,8 млн оқушыны құраған. Киімнің саны мен үлгісіне қарай мектеп формасының орташа құны - 4,5 мыңнан 13,5 мың теңге аралығында.
Ал мектеп формасын енгізу білім мекемесінің құзырында және ол мекеменің жарғысында міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Мектеп формасын енгізу туралы шешімді мектеп кеңесі мен ата-аналар және қамқоршылар кеңесі жалпымектептік ата-аналар жиналысында көпшілік дауыс бойынша қабылдайды. Киім үлгісі әр мектептің қалауына қарай таңдалады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасы балалары мектеп формасымен жалпыға міндетті оқу қоры қаражаты мен демеушілік қолдау есебінен қамтылады. Министрлік дерегі бойынша, бірнеше жыл қатарынан жүргізілген сауалнама нәтижесіне орай ата-аналардың 80 пайызы мектеп формасы болғанын қолдайды.