2030 жылға дейін 972 МСАК нысаны мен 35 аурухана салынады

Қазақстанда 2030 жылға дейін 972 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны мен 35 аурухана салу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Инвестициялық жобалар департаменті директорының міндетін атқарушы Әмина Жемакишева мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұған дейін денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту қажеттілігін анықтау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын өзектендірді, онда денсаулық сақтау нысандарының ағымдағы жай-күйіне кешенді талдау жүргізілді, сондай-ақ құрылыс пен күрделі жөндеу қажеттілігі айқындалды.
Ескірген инфрақұрылыммен және әсіресе ауылдық деңгейдегі медициналық-санитарлық алғашқы көмекке қол жетімділікпен байланысты негізгі проблемалық мәселелерді денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік жоспарларын іске асыру шеңберінде кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр.
- "2030 жылға дейін Өңірлік даму жоспарлары аясында 972 МСАК нысанын, аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде 35 жаңа аурухана салу және ашу, сондай – ақ жұмыс істеп тұрған 1 033 аурухана мен емхананы күрделі жөндеу жоспарланған", - деді А.Жемакишева.
Салынған нысандар барлық өңірлердегі халыққа жоғары технологиялық, білікті, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа,"Дені сау ұлт" ұлттық жобасы аясында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 20 денсаулық сақтау нысаны және 2 ғылыми-инновациялық орталықты салу және жаңғырту көзделген.