Ашық есік күніне 130-ға жуық тұрғын келді - ШҚО

26 наурыз күні ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығында колоректальдік қатерлі ісік және жатыр мойны обырының алдын-алу және ерте анықтауға байланысты Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шара барысында таңертеңгі 9.00-ден 14.00-ге дейін 130-ға жуық тұрғын онкоорталыққа келіп, онколог мамандардан тегін кеңес алып, қажетті медициналық көмекке жүгінді.
Ашық есік күніне келген 127 адамның ішінен 13 адамнан қатерлі ісік болжамы, 1 адамнан ауру анықталып, 40-тан астам адамнан басқа да аурулар тіркелді.
- Осы шараға қатысу үшін арнайы таңертең келдім. Дәрігерлер маған кеңес беріп, мұқият қаралдым. Әйел адам өз денсаулығына қашанда көңіл бөлуі керек, оның үстіне еш жолдамасыз осылай маман көмегіне жүгіну өте ыңғайлы, — деп бөлісті Өскемен тұрғыны Салтанат Сембинова.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде жатыр мойны обырын анықтауға бағытталған МӘМС аясында скринингтік бағдарламалар қарастырылған. Сонымен қатар, тоқ ішек обырын 50 мен 70 жас аралығында әйелдер мен ер азаматтар МӘМС аясында скринингтік тексерулерді тұрғылықты мекенжайы бойынша емханалардан өте алады.