KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 11 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Тар бейінді мамандар енді терапевтің жолдамасынсыз қабылдайды

15.11.2022, 12:07 434 Мадина Амангелдіқызы

ШҚО-ға жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңір тұрғындарымен кездесу өткізді.

Министр өз баяндамасында медицина саласын өркендетуге бағытталған шараларға тоқталып, халықты қызықтырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Altaynews сайты.

Ажар Ғиният денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағыттарын атап өтті, бұл - медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қамтуды кеңейту, ауылдық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту.

Облыста 293 бастапқы буын нысаны жұмыс істейді, бұл –  елдегі барлық МСАК ұйымдарының 5%-ы.

Ауылдағы медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін пациентті қолдау қызметі, жұқпалы емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, патронаждың әмбебап прогрессивті моделі, отбасын жоспарлау, ерлер денсаулығын жақсарту, баланың даму кабинеті сияқты МСАК-тың озық тәжірибелерінің жобалары енгізілуде.

Министр соңғы екі жылда медициналық көмек көлемін ұлғайтуға қол жеткізілгенін, атап айтқанда консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны 1,5 есеге ұлғайғанын, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарын азайтуға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде қымбат тұратын дәрі-дәрмектер қосылды, амбулаториялық деңгейде босатылатын медициналық препараттардың тізбесі кеңейтілді. Мәселен, ағымдағы жылы облыс үшін 11 түрлі қымбат препарат 1,2 млрд.теңгеге сатып алынып, жеткізілген. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету деңгейінде 15,5 млрд. теңгеден астам сомаға, стационарлық көмек үшін 12 млрд.теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек сатып алынды.

- Халықтан көп түсетін өтініштердің бірі- тар бейінді мамандарға терапевтің жолдамасынсыз қаралу. Осы орайда пациенттер енді тоғыз маманға ешқандай жолдамасыз қаралып, консультациялық-диагностикалық қызметтер ала алады, олардың тізімі емханаларда бекітілген, - деді сала министрі.

Сондай-ақ, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл дәліз» жобасы енгізілген. Онкологиялық ауруға күдікті пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және барлық зерттеулерден өтуге тиіс( зертханалық зерттеулер, ультрадыбыстық зерттеулер, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопия).

Министрдің айтуынша, барлық денсаулық сақтау ұйымдарына, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне оларды медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру бойынша инвентаризация жүргізілген. Облыс бойынша медициналық техникамен жарақтандыру – 85,7%-ды құраса, оның 41,3%-ы тозған.

Мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізілетін болады, бұл оқушыларды профилактикалық қарап-тексеру тәсілдерін жүйелеуге және асқазан-ішек трактісі, тірек-қимыл аппараты, көру және тағы басқа ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Ажар Ғиният медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Өңірде 144 медицина қызметкері тапшы. Биыл облысқа 154 маман келген, олардың 36-ы ауылды жерге жіберілді. Министр мамандарды тұрақтандыру үшін оларға әлеуметтік жағдайлар жасау қажеттігін баса айтты.

- Өткен жылы Шығыста тек жеті медицина қызметкері әлеуметтік қолдау алды, - деп атап өтті министрі. - Бұл өңірде әлеуметтік қолдау шаралары төмен екенін көрсетеді. Егер дәрігерлер жеткіліксіз болса және сіздерге жіберілген мамандардың осында қалуын қаласаңыздар, оларға алдымен жағдай жасау керек!

 

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив