KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 9 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Стоматологиялық қызметті МӘМС есебінен кімдер ала алады?

29.03.2023, 10:24 303 Ләззат Қанатқызы

2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарттар жасай бастады. Бұрын шарттар емханалар арқылы жасалып келген.

Бұған дейін стоматологиялық клиникалар өзара шартқа отыру арқылы қосалқы мердігер ретінде медициналық қызмет көрсетсе, 1 қаңтардан бастап Қор көрсетілген қызметтер көлемін бақылап, сапасына мониторинг жасау үшін  тікелей осы клиникалармен шартқа отырды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

- Біз науқастарға терапевтік, хирургиялық және ортодонтиялық көмек көрсетеміз. Қабылдауды хирургтар жүргізеді. Кішкентай пациенттердің емдеуге келмейтін тісін жұлу, кисталарды алып тастау сияқты процедураларды жасайды. Ортодонтиялық кабинетте дұрыс орналаспаған тістерді түзету үшін брекет орнатып береді. Әрине, кезек көп, күтуге тура келеді. Өйткені барлық балалар бізге келеді. Әсіресе каникул кезінде. Қаржыландыру тікелей қор арқылы жүзеге асырылады, — деді Өскемен қаласының балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері Махамбет Имашпаев.

Айта кету керек, бұл мекеме - 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмектің барлық спектрін МӘМС аясында тегін көрсететін жалғыз мемлекеттік емхана.

Жоспарлы стоматологиялық көмек балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Ал шұғыл көмекті он жеңілдік санатына кіретін азаматтар ала алады. Тегін стоматологиялық көмек алу үшін клиниканың ӘМСҚ-мен келісімшартқа отырған-отырмағанын анықтап алу керек. Пациенттің сақтандыру мәртебесі болса, қажет қызметтерді алуға құқылы. Тұрғылықты жері және қай емханаға тіркелгені маңызды емес.

Тегін стоматологиялық қызмет көрсетушілер арасында тек мемлекеттік емес, сонымен қатар жеке клиникалар да бар.

- МӘМС шеңберінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға, одан кейін жүкті әйелдерге, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары: бес баладан артық баласы бар көпбалалы аналарға, жұмыссыздар және басқаларға көрсетіледі. Ең бастысы - өткір ауырсынуды басу. Егер емделуге бала келсе, ортодонтиялық көмектен басқа қызмет түрлерін толық көлемде тегін алады, - деп түсіндірді "ДИАНА-ДЕНТ"стоматологиялық клиникасының директоры Ләззат Кисанова.

МӘМС шеңберінде жеке клиникаға қабылдауға бару үшін емхананың тіркеу бөліміне қоңырау шалып, тіркелу қажет. Егер баланың тісі ауырса, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуінің бірге еріп келуі міндетті, өйткені кез-келген манипуляцияны жүргізу үшін жазбаша келісім қажет.

Тіс дәрігері көптеген адамдар егер көмек тегін болса, бұл сапасыз деп санайтынын, бірақ олай емес екенін айтты. МӘМС шеңберіндегі клиенттердің ағыны қазірдің өзінде аз емес, бірақ әзірге клиникалардың шамалары жетіп тұр.

Егер пациенттер қызметтерді толық алмадым деп есептесе немесе шағымдары болса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz. ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе Telegram-дағы SaqtandyryBot  арналарының біреуі арқылы хабарласуларына болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив