KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Шығысқазақстандық кардиохирургтер жүрекке тіліксіз ота жасады

12.04.2023, 09:44 191 Ләззат Қанатқызы

ШҚО кардиохирургтері кезекті жоғары технологиялық ота жасап, жүрек клапанын тіліксіз ауыстырды.

Жуықта 82 жастағы облыс тұрғыны Эдуард Пекаторосқа осындай операция жасалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Жалпы құны 6,5 млн теңге болатын бұл жоғары технологиялық операция пациент үшін МӘМС қаражаты есебінен тегін жасалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» атты сайлауалды бағдарламасында да медицина саласының негізгі міндеті – өмір сүру ұзақтығын арттырып, азаматтардың денсаулығын жақсарту екенін атап өткен болатын.

Дәрігерлер Эдуард Анатольевичке аорта стенозы диагнозын қойған. Пациенттің бұрын инфаркт алғанын, жүрек қағысында өзгерістер барын және жасы келіп қалғанын ескерген мамандар оның жүрегіне ашық ота жасауға келмейтінін байқаған. Облыстық аурухананың құрамында эндоваскулярлық хирург, кардиохирург, анестезиолог мамандары бар көпсалалы командасы қарт адамның кеудесін тілмей және қан айналымын тоқтатпай-ақ жасанды клапан орнатты.

– Операцияның бұл түрі аорта клапанын транскатетерлік имплантациялау (TAVI) деп аталады. Пациенттің санында жасалған кішкене тілік арқылы катетер (ұзын түтік) артерияға енгізіледі, ол арқылы жасанды клапан діттеген жеріне – науқастың жұмыс істемейтін аорта клапанының ішіне жеткізіледі. Осы жерге орнатылған протез ашылады да толық жұмыс істей бастайды. Операция ешқандай кедергісіз, сәтті өтті және науқас екі-үш күннен кейін қалпына келеді. Біздің кардиохирургиялық бөлімшеде пациенттер мен мамандар үшін қажетті барлық жағдайлар жасалған және осындай операцияларды біз төртінші жыл бойы жүргізіп келеміз, – деді облыстық аурухананың эндоваскулярлық хирургі Қуатжан Әбішов.

Облыстық аурухананың дәрігерлері 2020 жылдан бастап бөлімшеде 38 TAVI отасы жасалғанын атап өтті. Өйткені бұл әдіс – жүрегіне ашық операция жасауға келмейтін ауыр науқастарды құтқарудың жалғыз мүмкіндігі. Ота 70 пен 86 жас аралығындағы науқастарға жасалған.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив