KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
448.89 477.93 4.76

Шығысқазақстандық кардиохирургтар кезекті күрделі отаны сәтті аяқтады

17.04.2023, 18:20 190 Ләззат Қанатқызы

Өскеменде кардиохирургтар көк тамыры қабыршықтанып, жарылуға шақ қалған ер адамды құтқарып қалды. Науқас кардиологиядағы ең күрделі диагноздардың бірімен шұғыл түрде облыстық ауруханаға түскен.

51 жастағы ер адам өзін көшеде жайсыз сезініп, ауырып қалған. Сол уақытта көлігіне мініп, әйеліне қоңырау шалып үлгереді. Инфарктіге күдікпен жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген науқасқа коронарография жасаған кезде инфаркт диагнозы расталмайды. КТ зерттеуі пациентте аорта тамыры зақымданғанын анықтайды. Науқастың бүкіл көк тамыры жүрегінен жамбасына дейін зақымдалған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Мұндай патологияның соңы өлімге әкелуі мүмкін. Кардиохирургтар Дастан Қадырбаев, Шыңғыс Балтабеков, анестезиолог Олжас Рахымғалиев және перфузиолог Әсет Нұрахатов он сағат бойы аяқтарынан тік тұрып, оның өмірі үшін күресті. Науқас жасанды жүрек айналымына қосылып, денесі Цельсий бағанасы бойынша 29 градусқа дейін салқындатылған.

Менің мүмкіндігім аз болғанын білдім. Бірақ мен өзім үшін емес, жақындарым мен балаларым үшін алаңдадым. Алайда білікті дәрігерлердің арқасында өмірге қайта келдім. Мен ақ халаттыларға ризамын, дейді науқас Болат Калиакперов.

Кардиохирург Дастан Қадырбаевтың айтуынша, операция өте күрделі болған.

Ота өте ауыр болды күрделіліктің жетінші деңгейі, бұл қазір кездесетін ең жоғары деңгей. Өкінішке қарай, медицинаның барлық жетістігіне қарамастан мұндай патологиямен өлім көрсеткіші өте жоғары. Алайда біз бұл науқасты құтқарып қала алдық, дейді Дастан Қадырбаев. 

Бір айта кетерлігі, науқас ауруханаға жедел түскендіктен оған жоғары технологиялы ота кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің аясында тегін жасалды. Ал ары қарай алатын ем-домы мен оңалту шаралары азаматта сақтандырылған мәрбесі болғандықтан МӘМС пакетінің шеңберінде тегін көрсетіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив