KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, З
446.49 475.38 4.79

ШҚО: Нейрохирургтар емдеудің жаңа технологиясын игерді

21.04.2023, 16:48 258 Ләззат Қанатқызы

Шығысқазақстандық нейрохирургтар үшкіл нерв (тройничный нерв) невралгиясымен ауыратын науқастарды емдеуде жаңа технологияны игерді.

Шеберлік оқу аясында "Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасы" АҚ нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Саршаев өз білімі және тәжірибесімен бөлісті. Ол өңірге "Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығы күндері" аясындағы делегация құрамында келген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Шеберлік сынып барысында соңғы он жылда осы патологиядан зардап шегіп келген 56 жастағы науқасқа сәтті операция жасалды.

– Науқастың беті, жағы үнемі ауырып, мазасын алған. Бұл жерде ауырсыну ми тамырларының үшкіл нервті жаншығанынан болған. Науқас ұзақ уақыт бойы ауырсынуды басатын күшті дәрілерді қабылдап жүре берген. Содан кейін ағзасы үйреніп алғанда, дәрі-дәрмек ауырсынуға мүлдем әсер етпей қойған. Шеберлік сабағы барысында алматылық әріптесіміз ми тамырын үшкіл нервтен ажыратып, олардың арасына төсеу салу әдісін көрсетті, – деп бөлісті облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімінің резиденті, болашақ нейрохирург Ғұмар Каденов.

Енді осындай патологиясы бар пациенттер облыстық мамандандырылған медициналық орталығында операция жасата алады. Бұл медициналық көмек МӘМС шеңберінде қолжетімді. Орталық дәрігерлерінің айтуынша, жыл сайын осындай проблемамен инновациялық медицина бөліміне ондаған пациент жүгінеді. Көбінесе пациенттер мұндай жағдайларда медициналық көмекке қайда жүгіну керектігін білмегендіктен қатты ауырсынуға шыдап жүре береді.

– Мұндай операцияларға заманауи диагностикалық және операциялық жабдықтары бар жоғары мамандандырылған орталықтарда, микрохирургиялық әдістемені меңгерген мамандардың болуымен ғана қол жеткізуге болады. Медициналық орталықта осының барлығы бар. Бұл жерде бөлімше дәрігерлерінің кәсіби біліктіліктерін, дағдыларын үнемі арттыруға ұмтылатыны қуантады, – деді Марат Саршаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив