Pfizer – артықшылығы неде?

Қазіргі уақытта 74-тен астам мемлекетте Pfizer вакцинасын қолдануға рұқсат берілген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны әртүрлі ауыр патологиялық ауруы бар адамдар үшін қауіпсіз және тиімді деп мойындап отыр.
Мұндай патологиялардың қатарына гипертония, қант диабеті, астма, өкпе, бауыр немесе бүйрек аурулары, сондай-ақ тұрақты және бақыланатын созылмалы жұқпалы аурулар жатады.
Екпе белсенді емес болғандықтан, мРНҚ жасуша ядросына енбейді, тез ыдырайды және жасуша қызметіне әсер ете алмайды. Сондықтан жүкті және бала емізетін әйелдер де Pfizer-ді салдыра алады.
Жанама әсері бар ма?
Екпенің жанама әсері бір күннен үш күнге дейін созылады. Көбінесе екінші дозасын алған соң қолдың ауыруы, әлсіздік (шаршау сезімі), сезілуі мүмкін. Жанама әсерлердің болғаны – вакцинаның иммундық жүйеге оң әсер етіп жатқанын көрсетеді. Дей тұрғанмен, жанама әсер болмауы де мүмкін әрі бұл вакцина «жұмыс істемеді» дегенді білдірмейді. Клиникалық зерттеу барысында қатысушылардың жартысынан көбінде жанама әсерлер байқалмағанын айта кетуіміз керек. Сондай-ақ вакцинаның бірінші дозасын алғаннан кейін екінші дозасын міндетті түрде кем дегенде 21 күннен соң алу керек.
Тиімділігі қандай?
COVID-19-ға қарсы Pfizer екпесінің тиімділігін анықтау кезінде оның вирустан 95 пайыз қорғайтыны белгілі болды. Мұндай тиімділік тек алғашқы 7 күннің ішінде пайда болған. Екпе жас, этникалық топ және жыныс түрлеріне қарамастан ықпалдылығын көрсетті. Осылайша ол 65 жастан үлкен кісілерге салуға болатыны дәлелденді.
Pfizer вакцинасының 2021 жылы 1 миллиардтан астам дозасына АҚШ, Еуропа, Канада және Жапониядан тапсырыс берілді.
Вирустың жаңа штамдарына төтеп бере ала ма?
ДДҰ-ның иммундау жөніндегі сарапшыларының стратегиялық консультативтік тобы вирустың әртүрлі нұсқаларына қарсы сынақтар барысын зерттей келе вакцинаның COVID-19-дың жаңа нұсқаларына қарсы күресте тиімді екенін көрсетті. Әсіресе “дельта” нұсқасына қарсы күресте 70 пайызға дейін тиімді болатыны анықталды.
Басқа вакциналардан артықшылығы неде?
Зерттеулер BioNTech компаниясы шығарған вакцинаның қытайлық Sinovac препаратына қарағанда 10 есе көп антиденелер шығаратынын анықтады.
COVID-19-ға қарсы Pfizer екпесінде иммундық реакция тудыратын ақпараттық рибонуклеин қышқылы (иРНҚ) қолданылады. Ол болашақта организмді инфекцияның жұғуынан қорғайды. Сол себепті вакцинаны өте төмен температурада сақтау керек. Егер иРНҚ төмен температурада сақталмаса, оңай және тез ыдырайды.
Вакцинаның негізгі ерекшелігі – минус 80 градусқа дейін өте төмен температураны қажет етеді. Сондықтан тасымалдау кезінде арнайы суытуға арналған қораптар қолданылады. Әрқайсысында үш қабатпен төселген 23 килограмм құрғақ мұз бар. Ол он күн бойы суықты қамтамасыз етеді. Әр қорап GPS спутниктік жүйесіне қосылған термосенсорлармен жабдықталады.
Екпені салдыру қауіпсіз бе?
ДДСҰ Pfizer вакцинасын төтенше жағдай уақытында қолдануға болатын құралдар тізіміне 2020 жылдың 31 желтоқсанында қосты. ДДҰ осы вакцинаның сапасы, қауіпсіздігі және тиімділігі туралы деректерді мұқият тексерді. Сондай-ақ,16 жастан асқан балаларға салуға рұқсат берді.