Өскемен
+9°
переменная облачность ветер 4 м/с, С
458.87 493.84 6

Оқырманнан хат: "Біздің әкелер жүрген жол"

9.05.2022, 20:12 36 0 Мадина Амангелдіқызы

Соғыс бітті...

Бірақ,жыл өткен сайын ұмытылмайтын құдіретті күші – осы адам тағдырының бүгіні мен ертеңінің сабақтастығында.

Соғыс зардабы көпке дейін оңалмады,әсіресе адам жанында ауыр жарақат қалдырды. Миллиондаған адамдар оралмай оқ тиген жерін жастанса,еліне оралғандар жарымжан,қолдан не аяқтан айырылып келді.

Ұлы Отан соғысы елдің елдігін,ердің ерлігін сынға түсірді.

Қазіргі біздің сәулетті өміріміз үшін жас жанын қиып,кеудесін оққа тосқан батыр әкелер ерлігін жас ұрпақ есінде қалдыру бәріміздің азаматтық борышымыз.Біз Ұлы Отан соғысы кезінде көп ұлтты Қазақстанның ұл-қыздары Кеңес Армиясы қатарындағы жаумен шайқасқан ерліктері жайлы тарихи оқулықтардан ғана оқып-білеміз.Осы орайда өзімнің әкем жайлы естелігімді айтқым келеді.

WhatsApp Image 2022-05-03 at 11.29.24.jpeg

Жумабайдан тараған екі ұлы бірдей 1941 жылы сұрапыл соғысқа аттанады.Менің әкемнің ағасы Қуанған сол қанды жорықтан оралмайды.Әкем Жумабаев Қуаныш осы кезде оң –солын әлі толық танып үлгермеген,бар-жоғы 19-ақ жастағы бозбала болыпты.

-Балалары: «Өте жас болыпсыз ғой соғысқа барасың дегенде қорықпадыңыз ба?»-деген сұрағына.


-Жоқ,ол кезде қорқу ойыма келмепті.Сол жалындаған жастығым болса керек,тек Отанды қорғау,елді жаудан азат ету ғана ойымызда болды.Ата-ана,туған-туысты ойлауға мұршамызда келмеді.Команда берілісімен жиналып жолға шықтық.Көкшетауда әскери жаттығуды өткізіп,336-ншы атқыштар полкінің сапына соғысқа кірдім.Әрбір жорықтан соң қатарымыз сиреп қалған жауынгерлер сағат сайын есейіп кететінбіз. «Өзі өрттің ортасында жүріп,жолдасын оттан аман алып шығу сол кездегі жаумен жағаласқан жауынгерлердің асыл парызы еді,»- деп әкем майдандағы жолдастарын ойлап,көзіне жас алып,күрсініп отырушы еді.


Ол кезде менде баламын ғой әкеміздің неге көзіне жас алып,күрсініп отыратынын ұқпаппыз да.Әкем Украйна майданында шайқаста болып,Киевті жаудан азат ету жорығында аяғынан жараланып,6 ай Курскіде госпитальда емделіп,1943 жылы ауылға оралады.

Әкем туған ауылына аман-есен оралған соң барлық майдангерлер сияқты еңбекке араласты.Елдің соғыс күйзелткен шаруашылығын қалпына келтіруде еселі еңбек етті.Ұзақ жылдар мал бағып,еңбек екпіндісі атанып,елінің,жері-

нің көркеюіне сүбелі үлесін қосты.Соғыста және еңбекте көрсеткен ерлігі үшін көзі тірісінде орден,медальдармен марапатталып,алғыс хат,мадақтамалар алып,еңбегінің жемісін көрді.

Осыншама қиындықты көре жүріп ұрпағының өсіп-жетілуіне де көңіл бөліп,еңбек етті.9 бала тәрбиелеп өсіріп,бір-бір үй қылды.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қазіргі күні құдайға тәуба

37 немересі,64 шөбересі,1 шөпшегі бар.Енді әкемнің жүрген жолына қарайтын,сол жолдан үлгі алатын,әкемнің атын шығаратын осы ұрпақтары.

      «Отан үшін отқа түс,күймейсің» осы ұраны,

      Батырлары қазақтың қайтпайтын қайсар қыраны.

      Жоқ болсаңдарда арада бейнелерің сақталар,

      Тарихта алтын әріппен өшпестей атың тұрады.

      Аттарың мәңгі жадында елдің жатталар

      Арада жылжып өтседе мейлі ғасырлар

      Үлгі алып сенен құрметтеп өтер ұрпағың,

      Ел үшін туған ерлерім деп бағалар.

      Ішінде ердің менің де екі әкем бар,

      Батырлар десе аттары қалмай аталар.

      Қуанған менен Қуаныштай ерлерден

      Жалғасып келеді адал жанды ұрпақтар.

      Ұмытылмас ерен ерлік ұмытылмайды ешқашан

      Тілерім сол енді атпасын,енді атпасын қара таң.

Сіздердің жасаған ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз мәңгі жасап, жасара береді.

Әкелер мен аналарымыздың жүрген жолдарына қарап,сол жолдан үлгі алып,ата-бабамыздың алып берген жерін қорғау,оны көркейтіп,гүлдендіру Қазақстанның білімді ұрпағының қолында.Сондықтан сіздердің алдарыңызда басымды иіп,сіздердің есімдеріңізді мәңгілік жадымда сақтаймыз.

   

 

Тамара ЖУМАБАЕВА

Тарбағатай ауданы

Ақмектеп ауылы

                                                                                                                               

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив