Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі 76 жылдан кейін ресми түрде мойындалды

Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі 76 жылдан кейін ресми түрде мойындалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа жетіп, алғашқы болып Жеңіс туын тікті. Осы ерлігі үшін олар Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Бірақ екеуі де марапатталмаған еді. Мәскеуден Бауыржан Момышұлының өзі, одан бөлек қазақ зиялылары да Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын беруді сұрайды. Дінмұхаммед Қонаев та Брежневтің жеке қабылдауында болғанда осы ұсынысты алға тартқан. Бұл өтініш қанағаттандырылмайды.
Ресми нұсқада ұзақ уақыт бойы Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып лейтенант Алексей Берест, қатардағы жауынгер Михаил Егоров және кіші сержант Мелитон Кантария тікті деп көрсетілген еді.
1999 жылы Елбасы Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берді. Кейін елордада арнайы ескерткіш те қойылды. Бірнеше кітап жазылды, бірқатар фильм түсірілді.
Қазақтың қайсар батырының Жеңiс туын бәрiнен бұрын тiккенi 76 жылдан кейін ғана ресми түрде дәлелденіп, мойындалып отыр. Бұл туралы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Instagram-парақшасында жарияланды.
Дегенмен, Кеңес үкіметі тиісті марапатын көзі тірі кезінде бермесе де, қаһарманның батырлығы оның халқының, өскелең ұрпақтың мәңгі есінде.