Сталиннің мақтау грамотасын алған күршімдік майдангер

Смағұлов Әділбек (құжат бойынша Адыке) Салихұлы 1920 жылы 20 қыркүйекте Ленин колхозы, (қазіргі Үшбұлақ ауылында) Күршім ауданы, Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келді. 1941 жылы 21 жасында Ұлы Отан соғысына Күршім ауылынан майданға аттанады. Ол Будапешт, Секешфехервар , Мор, Зирез, Веспрем, Эньниг қалаларын, 350-ден аса елді мекендерді және Тула, Рига қалаларын азат етуге байланысты кескілескен шайқастарда ерлік көрсеткен.
Соның айғағы 1944 жылғы 13 қазанда, 1945 жылғы 24 наурызда Прибалтикадағы Латвияның астанасы Рига қаласын азат етудегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Сталиннің мақтау грамотасымен марапатталып, Ушаковтың «За Отвагу», «Нахимовтың «За боевые заслуги», «За Победу над Германией в ВОВ 1941-1945 г.г.» медальдарымен және «Орден Отечественный войны ІІ-степени» «Орден отечественной войны І степени» ордендерімен наградталды.
Соғыстан кейін де оның ерлігі бағаланып, «Совет Одағының Маршалы Г.К. Жуков атындағы мерекелік медальмен», «20 лет Победы в ВОВ», «30 лет Победы в ВОВ», «40 лет Победы в ВОВ», «70 лет Вооруженных сил СССР» мерекелік медальдарымен бірнеше дүркін марапатталды.
Сонымен қатар, соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына қатынасып, 1946 жылы майданнан оралған ол отбасын құрып, 3 ұл мен 7 қыз тәрбиелеп өсірді.
Әділбек Салихұлы Соғыстан кейін де еңбекке белсене араласып, Марқакөл ауданының Горное совхозында ұзақ жылдар малшы болып еңбек етті. Өзінің еңбек сүйгіштігімен, еселі еңбегімен, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын ұқыптылығымен көзге түсіп, «За трудовую доблесть», «За трудовые отличия» медальдарымен және көптеген грамоталармен марапатталған.