KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Қазақстанда бензин арзандауы мүмкін

11.03.2022, 12:13 132

Қазақстанда бензин арзандауы мүмкін. Себебі санкция салдарынан Еуропаға экспортталмайтын Ресей бензині еліміздегі жанармай бекеттеріне жеткізіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Ерлан Жаукиннің айтуынша, елімізде бензин қоры жетіп артылады. Сәуір айында жанармай нарығы Ресейдің арзандатылған бензинімен одан сайын толыға түспек.

Жаукин ресейлік АИ-92-нің бір тоннасы 165-170 мың теңгеден сатылуы мүмкін деп болжап отыр. Ал қазір Атыраудағы зауыт отынды 185-186 мың, Павлодардағы зауыт 196-198 мың теңгеге саудалап жатыр.

Қазақстан көрші елден келетін бензин мөлшерін шектей алмайды. Өйткені біз Ресейді стратегиялық серіктес ретінде қолдауға міндетті болып тұрмыз. Ал мұнай өңдейтін отандық кәсіпорындар бензинді көбейді екен деп төмен бағада сата алмайды. Өйткені өнімнің өзіндік құны жоғары. Осының кесірінен нарық бензинге «тұншығып», тығырыққа тірелуі ғажап емес.

Сарапшының пайымдауынша, бұл тығырықтан шығудың жолы – қазақстандық қымбат бензинді (ресейлік бензинмен салыстырғанда) батыс елдерге экспортқа шығару. Еліміз қазір жанармай жөнелтіп отырған Азия нарығын (Ауғанстан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б) Ресей «жаулайтыны» анық. Ал Ресейге есігін тарс жапқан Еуропа «багін» толтыруға біздің мүмкіндігіміз бар.

   Осы уақытқа дейін жанар-жағармайды бұлайша экспорттауды ел билігі өзі шектеп келгенін айтуымыз керек. Алайда Үкімет наурыздың ортасында бұл шектеуді алып тастайды деген де ақпарат таралып жатыр. Осыған сүйенген сарапшы алдағы уақытта қазақстандық бензин батысқа жол тартып, еліміздегі бекеттер ресейлік өнімді сатуға көшеді деп болжайды.

Сондықтан елімізде бензин бағасы төмендейді деуге негіз бар. Иә, ел Үкіметі қаңтарда жанар-жағармайдың шекті бағасын бекетті. Алайда бұл өзге елден сатып алынған бензинді одан да төмен бағада сатуға болмайды дегенді білдірмейді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив