KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 1 м/с, В
447.4 477.55 4.76

Діни иммунитетті қалыптастыру қажет

24.08.2022, 10:55 271

Қоғам әл-ауқатының құрамдас бөліктерінің бірі – дәстүрлі діни құндылықтарға сүйену, ал деструктивті ағымдарға қарсы тұрудың маңызды аспектісі – діни сауаттылық. Облысымызда дін саласына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүруде.

Облыстық Didar және «Рудный Алтай» газеттерінің бетінде өңірде дін саласында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы мақалалар жарияланып тұрады. Құқықтық және діни сауаттылықты арттыру жолындағы кезекті қадам – облыста Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің (АҚДМ ДІК) «Облыстар мен қалаларда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу» жобасының іске асуы. Ол мемлекеттік конфессиялық қатынастардың негіздерін түсіндіруге, діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған.

Айта кету керек, жоба еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асты. АҚДМ ДІК білікті мамандарды тарта отырып, дін саласындағы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы (РАТТ) құрылған.

Облыста жүргізілетін жұмысқа РАТТ құрамынан ДІК ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру басқармасының бас сарапшысы С.Қизатов, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің исламтанушысы Қ.Оразбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының психолог-сарапшысы Л.Шәкімова, Шығыс Қазақстан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры, дінтанушы Е.Қыдырмоллаев, «Kazislam.kz» ақпараттық-танымдық порталының үйлестірушісі, магистр А.Жарас тартылған.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында Өскемен, Зайсан қалалары, Ұлан және Глубокое аудандары қамтылды. Түсіндірме жұмыстарымен 9-10 тамыз аралығында барлығы 500-ден астам адам қамтылып, 14 іс-шара өтті.

Жоба аясында 9 тамыз күні Өскемен және Зайсан қалаларында шекара қызметінің әскерилерімен, еңбек ұжымдарымен, қалалық полиция басқармасында пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтармен, Зайсан қаласы мешітінде жамағатпен, облыстық мәдениет үйінде этнос өкілдерімен, Ұлан ауданының «Мұса Баба» мешітінде ауыл тұрғындарымен, жамағатпен және басқа да кездесулер өтті.

Сондай-ақ 10 тамызда Өскемен қаласында облыстық төтенше жағдайлар департаменті құрылымдық бөлімшелерінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, облыстық этномәдени орталықтарда этнос өкілдерімен, жастармен, «Халифа Алтай» облыстық мешітінің жамағатымен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен, әлеуметтік осал топтармен және бірқатар түзету мекемесінде жазасын өтеушілермен кездесулер өтті. Іс-шаралар барысында діни сарапшылар елімізде тұратын барлық конфессиялар мен этностардың қатар өмір сүруіне және өзара іс-қимылына, Қазақстан халқының мәдениеті мен рухани мұрасына, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың зиянына бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызын айтты.

Олар діннің рухани-адамгершілік құрамдас бөлігіне, қазақстандық қоғамдағы әйелдің рөліне, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың әсеріне қарсы іс-қимыл шараларына ерекше назар аударды. Кездесу аясында тыңдаушылар сұрақ қойып, мамандардан толық жауап алды.

Барлық іс-шаралар конфессияаралық қатынастарды нығайтуға, халықтың діни және құқықтық сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, деструктивті діни ағымдардың радикалды идеологиясына тұрақты иммунитетті қалыптастыруға бағытталған. Осы бағыттағы жұмыстар ортақ үйіміз – Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға үлес қосуда.

 

Ержан Кеңесұлы

(мақала Шығыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының тапсырыс бойынша әзірленді)

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив