KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Ескі мәшине. Егістік алқабы. Пара. Ұры қалай ұсталды?

28.01.2021, 10:03 256
Ұлан ауданында ұрлықтың беті ашылды. Күтпеген жерден. ...Ашылмауы да мүмкін болатын.

«Егістік ішінде жол көп»

Жасар – Айыртау ауылының тұрғыны. Серікбол Әділбаев – ауылдың учаскелік полициясы. Екеуі екі күннен бері көлік үстінде: көршілерден түсініктеме алып, ауыл айналасында тексеру жүргізіп жүр. Мінген көлігі – мал иесінің «Нивасы».
– Таңертең бауырым сиырын өргізерде санап, бес бас мал кем екенін біледі. Полицияға арыз жазады. Іздеу басталады. Олар апаруы мүмкін жерлер мен қосылып кетуі мүмкін жеке шаруа қожалықтарын аралайды. Сөйтіп жүргенде арада екі күн өтіп кетеді. Алдарынан Жаңа Қанай ауылынан Таврияға қарай жалғасқан егістіктің бойында бейсауат жүрген «Жигули» кезігеді. Соңына түседі. Қуып келе жатқан – қарапайым мәшине, яғни полиция көлігі болмаған соң, ол жазыққа шыққан соң тоқтай салады, – деп әңгімелей бастады болған оқиғаны мал иесінің ағасы Мұратхан Кенжеханұлы.
Жаңа Қанай – Айыртау округіне қарасты ауыл. Кейін анықталғандай, ұры сол ауылдың тұрғыны болып шыққан. 
Әлгі жерде («Жигулиді» тоқтатқанда) күдікті пара ұсынады. 
Кейіпкердің айтуындағы оқиғаны диалогпен ұсынып отырмыз:
– Ей, (атын айтып), не әкетіп бара жатырсың? – деп сұрайды полиция.
– Е, сол темір-терсек, – деп жауап қатады ол.
– Ашшы, көрейік.
– Негізі «фермадан» мал алып бара жатыр едім. «Просто» құжаты жоқ, – деп, күдікті жылыстай бастайды.
– Мен малымды, басы жоқ болса да, етінен танимын. Қарап көрейін, – дейді мал иесі.
Полиция жүксалғышты ашқызып көреді. 
– Мынау менің етім екен, – дейді мал иесі. Көліктен екі сиырдың басы да табылады.
– Бес сиырыңа бір жарым миллион теңге берейін. Ал сізге (полицияға) бір ат берейін, – дейді күдікті.
Полиция «102-ге» қоңырау шалады.
Учаскелік полиция бұл іспен ары қарай ауданнан келген жедел уәкіл мен тергеуші айналысқанын айтады.
– Әуелі ауыл маңын, сосын алыс жерлерді қарай бастадық. Қанай базы деген жерде, иен далада әлгі мәшинені тоқтаттық. Сөйлесу барысында күдікті екені белгілі болды. Малды алардан бір күн бұрын барлау жүргізіп, тексеріп кеткен секілді. Бұл үйдің сиыры қораның артында жататынын білген соң, түн ішінде атпен айдап алып кеткен. Күдікті бұған дейін де құбыр ұрлап ұсталып, бас бостандығы шектелген адам болатын. Ал мәшинемен етті қайда алып бара жатқаны белгісіз. Егістік жақта жол көп. Іргедегі Өскеменге де баруына болады. Нақты айта алмаймын, – деді Серікбол Әділбаев.



Мәні өзгерген мәтін

Ұры ұсталған соң, мал иесінің бауыры Құмар Зиятханұлы әлеуметтік желіде ауылдың учаскелік полициясына рахмет айтып, жазба жариялаған. Онда инспектордың мәшинесі ескі екені туралы да айтылған. Аудандық полиция бөлімі бұл жазбаны өзінің ресми парақшасына салған, бірақ өз тарапына бағытталған сыни сөздерді кесіп тастаған.
– Ауылдағы «учасковыйдың» жұмысы ауыр екенін көзбен көрдік.  Оның мәшинесі тым ескі, тозығы жеткен болатын. Іздестіруге ағам өз көлігін алып шықты. Басқа ауылдардағы тәртіп сақшыларында да осындай мәселе бар. Сондықтан нағыз қара жұмысты атқаратын ауылдардағы полицияға сенімді темір тұлпар берілсе деген тілекпен жазғанмын. Бірақ олар мен жазған жолдарды бұрмалап, өзгертіп жіберіпті, – деді Құмар Зиятханұлы.
Аудандық полиция бөліміне барғанымызда учаскелік полицейдің көлігі жаңартыла ма деп сұрап көрдік.
– Учаскелік полицияға берілген көлікке сегіз жыл болды. Мерзімі бітті. Биыл облыстық полиция департаментіне жаңа көліктер алынып жатыр. Ендігі жылы аудандарға бөліп бере бастайды, – деді Полиция бөлімі бастығының орынбасары Досымбек Алтайбеков. 
Досымбек Алтайбеков жоғарыдағы алғыс айту жазбасы неліктен өзгертіліп шығарылғанын бастық қана түсіндіріп бере алатынын айтты. Сол сәтте бастық Нүркен Көпжасаровпен тілдесу мүмкін болмады. Телефон арқылы жиналыста отырғанын айтты.
Аудандардағы мекемелердің әлеуметтік желілерінде «Алғыс» атты айдар бар екенін көріп жүрміз. Мысалы, жуықта Зайсан ауданы әкімдігінің парақшасында полицияға алғыс айтылған видео жарияланды. Бірақ алғыс бар жерде сын да айтылып жатыр. Ендеше бұл қатарға «Сын» атты айдар да қосылса құба-құп!
Біз полиция бөлімі бастығының орынбасарынан учаскелік полицейге сыйақы беріле ме деп сұрадық.
– Иә, еңбегі елеусіз қалмайды. Өйткені мал ұрлығын ашу өте қиын. Малды нақты қай уақытта, қай жерден алып кеткенін біле алмайсың. Жоғалғаны туралы енді хабарланып жатқанда, ұры ізін суытып үлгереді, – деді.
– Мөлшермен қанша теңге беріледі?
– Әлі белгісіз. Басшылық тарапқа ұсыным айтылып, қараудан өтеді.
– Мысалы, сіз бұған дейін атқарған ісіңіз үшін немесе мейрамдарда сыйақы алдыңыз ба? Алсаңыз ең жоғарысы қанша теңге еді?
– Ең көбі 50 мың теңге алғанмын, – деді бастықтың орынбасары.
Мал иесінің ағасы қазіргі уақытта бір аттың бағасы 500 мың теңге көлемінде екенін айтады.
– Бұл жерде істің ашылуы ауыл полициясының еңбегі. Қырағылығынан бөлек, ұсынған парадан бас тартуы ерлік. Бір ат – 500 мың теңге. Осы орайда парамен ұсталып жатқан шенділер туралы ой келеді. Кейбір істер қомақты ақшамен жабылып кетіп жатқан жоқ па екен? – дейді Мұратхан Кенжеханұлы.

«Ертеңнен қалса, айырылады»

– Туыстар мал жоғалғанда Қытайдағы таныс құмалақшыға құмалақ салдырды. «Ертең ауылдың күнбатыс жағына барсын. Ертеңнен қалса, айырылып қалады. Өзеннің жағалауынан тауып алады» депті құмалақшы. Содан кейін олар күнбатыс жақтағы шаруа қожалықтарын аралауға шыққан ғой. Әлгі көлік кезіге кетіпті. Кейіннен анықталғандай, сиырларды сойып, құлағындағы сырғаларды суға лақтырып тастап бара жатқан беті екен, – дейді Құмар Зиятханұлы.
– Бал ашқызу деген шарасыздық енді. Бірақ құмалақтың тілінде біраз мағлұмат айтылып тұр. Құмалақшы айтты бауырыма: «Бұрын да бір сиырың жоғалған екен. Оны бетінде үлкен тыртығы бар адам алған екен. Мынаны да сол алды» деді. Расымен, күдіктінің бетінде үлкен тыртық болды. Бірақ дәлелсіз дүниеге дау айтпаймыз, – дейді Мұратхан Кенжеханұлы.
«102-ге» қоңырау түскеннен кейін жедел уәкіл мен тергеушілер күдіктінің үйін тінтуге барады. Бұл түнгі сағат 12-ден кейінгі уақыт.
– Гараждан малдың басы табылды. Пышақ, балта сынды заттай деректер алынды. Ұрлыққа пайдаланған көлігі айып тұрағына апарылды. Көліктен табылған үш малдың еті иесіне қайтарылды. Екеуін сатып үлгерген. Жауапкердің айтуынша, малдың етін Өскемендегі базарға тапсырған екен. Ауыл полициясы мен мал иесінің түн қатып жүріп іздеген еңбегі ақталды, – дейді бөлім бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Бекзат Мұратов.
– Ұрылар біреудің бала-шағасының аузынан жырып ұрлаған малмен өз бала-шағасын асырамақ болады. Біреудің бір үйір жылқысын айдап кетеді, біреудің жар дегенде жалғыз сиырын сойып әкетеді... – дейді тергеуші.
Былтыр Ұлан ауданында ұрлық өршіп тұрды. 148 қой, 11 сиыры жоғалған Ұлан ауданы Бозанбай ауылының тұрғыны Ержан Сәбитовтің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевқа бейне-үндеу жолдағаны баршаға белгілі. 
– 2020 жылы сегіз мал ұрлығы ашылды. Ашылмағандары, мөлшермен, бес-алты факті, – деді Бекзат Мұратов. Нақты айтқан жоқ.
Арада екі айдан артық уақыт өтті. 2021 жылдың алғашқы айы аяқталуға жақын. Учаскелік полиция мерзімі өткен көлікпен жүр.
Аудандық полиция бөлімінің ақпаратынша, ұры үш жарым жылға сотталды. Зардап шеккен тараптың шығыны толық өтелді. Іс жабылды.

...Бәрі басқаша болуы да мүмкін болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив