KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность жел 2 м/с, З
444.32 473.33 4.76

Үлкен бәйгеге Аягөзден қос тұлпар қатысты

2.12.2020, 18:02 639

Осыдан біраз уақыт бұрын Елорданың «Қазанат» атшабарында бәйгенің төрт түрінен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кубогы жолындағы жарыс өтті. Әр облыстар мен еліміздің үлкен қалаларынан іріктелген кіл сәйгүліктер бақ сынаған басты додаға Аягөз ауданынан қос тұлпар қатысты.

АТ - ЕР ҚАНАТЫ

Тұлпар текті ұлтымыздың жылнама-ларына зер салсаңыз бабаларымыз қылқұйрыққа ерекше мән беріп, жылқы малын қадір тұтқанын көресіз.

Қазақ тарихында ел қорғаған атақты батырлармен бірге олардың ерекше қасиетке ие тұлпарлары қатар айтылады. Әсіресе, осындай сәйгүліктердің есімдері эпостарда, тарихи жырларда, ел аузында және жер атауларында жиі кездеседі. Халқымыз атақты сәйгүліктердің, жүйрік бәйге аттарының, батырларға серік болған тұлпарлардың етін ешқашан да жемеген. Өз ажалынан өлген мұндай аттарды қадірлеп жерлеген. Атап айтар болсақ, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Қызыл аты, Ақанның «Құлагері», Тілеулі батырдың Кез құлағы, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді батырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Кераты, Қарабектің Қарасы, Қамыстың Шұбары, Ерқосайдың Торысы, Сегіз серінің Бозжорғасы тағы да басқаларын айта беруге болады.

Жылқы - қазақты әлемдік деңгейге танытқан материалдық игілігіміздің биігінде тұр. “Ат - ер қанаты”, “Жылқы - малдың патшасы”. Осы нақыл сөздерде еліміздің, елдігіміздің сәні мен мәні жатқандай. Көшпенділердің өмірі аттың жалында, ердің қомында өтті. Жылқымыздың өткен замандарда көптігі болар: “Жылқылы елде жау көп, жатақ елде дау көп”,-депті бабаларымыз.

Халқымыз ежелден-ақ төрт түлік малдың ішіндегі төресі деп жылқыны таныған. Түгінің түсіне, жаратылысына сай ат қойған.

Ауылға келген қадірменді қонағына дәулетінің көлеміне қарай күмістен құранды ер салған. Жібек жалды арғымақ не сауырна су төгілмес жорға мінгізген. Қонақасына да бабына келтіріп пісірген жылқы етінің жылы – жұмсағын тартып, артынан қазының майы салып ашытылған қымызбен сыйлаған. Адам тәрбиесінде ерекше орын алатын халықтық салт-дәстүрдің көптеген тамаша көрінісі жылқы малына байланысты болады. Жас баланы сүндеттегенде сүндет атын сайлау, жиен ауылға қыдырып келгенде нағашы жұртының бәсіреге тай, құнан атауы соның куәсі болса, адам болмысындағы жағымды, жағымсыз мінездерді сынағанда да жылқы малының мінезіндегі ерекшеліктер салыстырмалы түрде алынатын болған.

Бабаларымыз бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларын тұлпар, сәйгүлік, арғымақ деп ерекше қастерлейді. Соған сәйкес оларды ерекше күтімге алған. Өйткені, дәстүрлі қазақ қоғамында сәйгүліктер тек қана иесінің емес, бүкіл әулетінің, елінің мәртебесін асқақтататын түлік төресі болып саналған.

Шығыс Қазақстан топырағында мықты-мықты арғымақтар аз болмаған. Солардың бірі - Құлынқара.

1970 жылы Қазақ КСР-нің 50 жылдық мерей тойына арналған республикалық аламан бәйгеге әр облыстан іріктеуден суырылып шыққан бір-бір жүйріктен қатысты. Шығыс Қазақстан облысы аңызға айналған Құлынқараны қосты.

Қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсірепов Құлынқараны кейін очерк жанрының классикалық үлгісіне айналған, республикалық «Лениншіл жас» жастар газетінде жарияланған «Бошайдың үш қарасы» шығармасында арқау етті.

Сирек те сұлу тұрпатты Желмая (шабандозы Ершок Саханов) жорғаға арналған 13 шақырымдық қашықтықта бәсекелес шақ келтірмесе, 30 шақырымдық аламанда Бұланқара (шабандозы тағы да Ершок Саханов) екінші келді. Ат жарыстың үш түрі де қолдаушыларына жүлде сыйлады. Мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болады.

Бүгінгі таңда біздің облыс жылқы саны жағынан көш бастап тұрғандардың қатарында дейді статистикалық деректер. Аудан аумағында да қыл құйрықтар саны жыл санап артып келеді.

Жүйрік баптап жүрген ат сүйер азаматтар бірігіп 2016 жылы «Бәйге» ұлттық ат спорты федерациясы қоғамдық бірлестігін құрады. 2017 жылы арнайы тіркеуден өтіп Толқынбай Талғат Сафарғалиұлы қоғамдық бірлестіктің төрағасы болып бір ауыздан сайланады.

Асыл тұқымды жылқылар өсіріп, қаны асылдарын будандастырып қолтумалар алып, аузымен құс тістеген бірнеше тұлпарлары айтулы аламандарда Ердің ғана емес Елдің даңқын асырған азамат бәйге, ат спорты дегенде біліктілігімен дараланған азамат.

Талғат Сафарғалиұлы: «Жыл өткен сайын аудан аумағында жүйрік жүгіртіп, ат спортына қызығушылығы артқан жігіттер көбейіп келеді. Атап айтар болсам, 300-ге жуық атбегілер бар. Бүгінде Аягөзден шамамен 60-қа жуық аламанға қосылатын аттар болса, жылдам қашықтыққа жүгіретін 2 жасарлар саны да 100-ге жуық. Бұдан бөлек 100-ге жуық тайлар тағы бар. Біздің азаматтар арасында елімізді былай қойғанда шет елден айтулы деген арғымақтарды арнайы алдырып жүргендер де бар. Бұл өз деңгейінде жердің атын, елдің даңқын асыратын сәйгүліктердің айтулы аламандарды бәйгенің алдында келуіне жасалып жатқан зор қадам деп бағалауымыз керек» дейді.

Елбасы кубогі - 2020

Жеті шақырымдық жорға жарысында бірінші орын Аякөз Бикенова баптаған Петропавл қаласындағы «Құлагер» атшабарының жылқысы «Филипс» есімді жорғаға, келесі орындар солтүстік қазақстандық Арман Қабдоллаевтың «Реванш» атты сайгүлігі және Ақмола облысы, Бұланды ауданының тұрғыны Фархат Жайлиев тізгіндеген «Эдельвейс» атты жорғаға бұйырды.

Тоғыз шақырымдық құнан бәйгесіне 24 жүйрік қатысып, бірінші болып Алматы облысы, Жамбыл ауданынан келген Сұлтан Жоланұлының жүйрігі «Талхиз» атты торы байталы, екінші орын Сүлетай Нұрболат тізгіндеген «Бабур Амир» есімді құнанға, үшінші орын Алматы қаласының тұрғыны Олжас Әбдіхамит баптаған «Заманай» атты ағылшын жылқысына бұйырды.

ТОП БӘЙГЕНІҢ ТОБЫНДА ШАҢТИМЕС БАР

Келесі кезектегі кіші аламан, яғни, 16 шақырымдық топ бәйгеде 27 жүйрік жарыс жолына шығады. Бұл ұлы дүбірге Аягөз ауданының атынан Жанатаев Әріп Жолдыбайұлы ағамыздың «Шаңтимес» атты 3 жасар таза қандысы да қатысады.

Әріп Жолдыбайұлы дегенде ат сүйер қауым 2019 жылы Зайсанда өткен 130 шақырымдық ұлан бәйге есіне түсері анық. Осы бір айтулы сынның мәресінен 53

ат шығып көмбеге тек 8 ат қана кірген тартысты жарыс жолы туралы жұртшылық әлі де ұзақ уақыт әңгіме қылары сөзсіз. «Орда қасқа» мен «Қаз мойынның» шабысы, тартысты бәсеке туралы газет оқырмандарына 2019 жылы №10 санда көлемді мақала ұсынғанбыз.

Әріп ағамыз ол қазақтың батыр ұлдарының бірі. Ел мен жердің абыройын асырған мықты спортшы. Жауырыны жер иіскемеген палуан. Қазақ күресі, самбо, дзюдодан спорт шебері. Соңғы он шақты жылдан астам уақыт көлемінде шаруашылықпен айналысып бәйге ұстап, жүйрік жаратқан белгілі атбегі. Қазақтың таза қанды қарабайыр жылқыларын өсіріп, жаугершілік замандарда бабаларымыздың тақымында қырық күн шапқанда талмайтын текті қылқұйрықтыларды танып, тауып, баптап, дайындаудағы үлкен еңбегін де осы жерде айтып өткен жөн.

Атбегілік дегенде ардақты азаматтың арғы тегі туралы да тоқтала кеткенді жөн көрдім.

Анасы Раушан апамыз он екі құрсақ көтерген батыр ана. Көкебай қажының ұрпағы Кенже Қыдырхан. Қыдырханның жалғыз қызы Раушан. Белгілі кәсіпкер Әкімбаев Ермек ағамыз да осы тектен тарайды. Қорасына үш мың бас жылқы біткен, аста-төк дәулет, биік адамгершілік болмыс, тура мінез, кесек келбет, асқан батылдығы ел арасына аңыз болған даңқты ата Көкебай қажының саусағындағы кесек алтын балдақ сақина сол кезеңдегі менмін деген алыптардың саусағынан сырғып түсе береді екен. Осыдан қарап-ақ зор бітімін бағалай беріңіз.

Өз атасы Тоныбай Ұлы Отан соғысының ардагері. Бабаның көзін көрген көпшілік батыр тұлғалы, қайраттылығы мен балуандығын жыр қылып айтады. Әкесі Жолдыбай совхоздың ірі қарасын бағып еңбек майданында даңқы шыққан еңбек ері. Аттың сынын дөп басатын қырағылығы да бар. Халық арасында «Жолдыбай таныған тай түбінде бәйге болады» - деген нақыл әлі де айтылады. Жаңа туған құлынға көзі түскенін көрген жұртшылық оны сатып алуға тырысады екен. Ат баптап, бәйге ұстаған атбегілігі туралы да аңызға бергісіз оқиғалар жетерлік. Жолдыбай ақсақалдың Күреңбайдай сыншылығы туралы ауыл, аудан тұрғындары көптеген оқиғаларды ақтарады. Ол туралы айта берсе алақандай мақала аясы тарлық етеді.

Сол бір совет өкіметі тұсында Қисық атты баптаған тұлпары аудандық сабан тойды алты рет ұтып алып, кілем жабылған қаншама жылқы олжалағаны да бар. Облыстық сан жарыста алдына қара салмай оқ бойы оза шауып ел мерейін еселеп, ауыл даңқын арттырған екен. Міне, осы сәйгүлікке бес жасынан шауып ат құлағында ойнап өскен Әріп ағамызға қалың қыл құйрықтың ішінен мінсіз жүйрігін тану қасиеті қанмен берілгендей. Осыған дәлел боларлық бір оқиғаны баяндай кетейін.

Кезекті бір сапармен Семейге барғанда екі айлық жетім құлынды көріп иесінен сатып алады. Сезімінің алдамағанын, ат танығыш қасиетінің қате кетпегенін білу үшін ауылға алып келіп, әкесі Жолдыбай ақсақалға көрсетеді. Құлынды бір айналып қараған ақсақал «Мынадай жас құлынға жанар тоқтатып, жүрекпен түсініп, бағамдай алғаныңа қатты разымын. Жүйрікті жазбай көрген көзіңнен айналдым. Бағың ашылсын. Ырысың артып, дәулетің тасысын» - деп батасын берген екен. Әкенің ыстық мейіріммен айтқан батасы қабыл болып, бұл күнде Әріп ағамыздың баптауындағы жүйріктер ердің атын ғана емес, елдің даңқын арттырып жүр.

Айтпақшы құлынынан таныған сол тұлпарға «Ақ орда» деп ат қойылып, осы арғымақ байтақ мемлекетіміздегі аузымен құс тістеген небір сәйгүліктер бақ

сынай-тын «Алтын тұлпар - 2015» аламанына да қатысты. «Алдына қара салып көрмеген тұлпардың ауыздықпен алысып бой бермегеніне шыдамаған шабандоз үстінен ауып қалды. Кейіннен шапқан баладан мән-жайды сұрағанымызда 42 ші шақырымда бүйрегі қысып, денсаулығындағы жайсыздықтан тізгінге ие бола алмай қалдым деген жауапты алдым дейді. Өткен іс өтті. Алайда, аттың бабында мін жоқ еді. Алдағы уақытта «Ақ Ордамен» жетер жетістігіміз мол екеніне сенімім мол» - дейді ат бапкерлерінің бірі Жолдыбаев Тасқын бауырымыз.

Енді өткен шақтан жылыстап қазіргі кезеңге ойыссақ, биылғы карантиндік жағдайларға байланысты белгілі атбегінің сәйгүліктері көптеген жарыстарға қатыса алмаған екен. Алайда «Бақторы» атты арғымағы айтулы жарыстардың біріне қосылып темір тұлпар еншілепті.

Жақында өткен Елбасы Кубогіне арналған айтулы жарыс туралы, жалпы бәйге тақырыбы аясында Әріп Жолдыбайұлы: «Шаңтимес» ағымдағы жылы ғана бізге қосылған таза қанды француз жылқысы. Ақшәуліге Алматыдан алып келгенбіз. Аталмыш сынға баптаған бапкер Хамзаев Дәулет. Шабандоз Базарбаев Алтынбек болды.

Тұлпарымыз бабында жарап тас түйін бардық. Мәреден шыққаннан алдыңғы топта отырған «Шаңтимес» оқыс мінез көрсетіп, қатарласып шапқан жүйріктерді теуіп, тістеп, тіпті шабандоздарға қауіп төндіре бастады. Бұл оқыс қылықтың соңы біреуді жазым етіп, өкіндіретін жайсыз жағдай орын алмасын деп атты жарыстан шығарып алу туралы шешім қабылдадым.

Қаншама уақыт баптап үміт етіп апарған соң арман деген болады. Шаппағанынан емес, шатақ мінез көрсеткеннен Шаңтиместі шығарып алу ат иесі ретінде ауырлау тигенін де айта кеткенім жөн. Алайда қаншама тұлпар жүгіртіп, жүйрік баптап, арғымақтар ұстағанымдағы ең үлкен ұстанымдарымның бірі арғымаққа зиян келтірмеумен қатар шабандоздың бас амандығы.

Осы орайда бәйге аттары менікі болғанымен абыройы елдікі екенін де айта кеткен жөн. Халықтың батасы, халықтың ықыласы, елдің қошеметінің орны қашан да ерен. Жүйріктерімнің жарқырап жанған бағы Ақшәулі жұртының, аудан тұрғындарының жалпы тілектестеріміздің тілеуінің нәтижесі деп ұғамын.

Ең бірінші алғыс адал ниет, ақ пейілін білдіріп жүрген, қолынан келгенше көмектесуге дайын тұратын ауыл жұртына арналады.

Келесі кезекте аттың бапкері мен шабандозға, шабандоздың ата-анасына рақметім шексіз. Бәйгені жарыс жолына жақсылап дайындап, бабын келтіру машақаты көп жұмыс. Жалпы менің ойымша арғымақты иесі тек қана ақша табу, атын шығару үшін пайдаланса бұл жылқы малына жабысқан үлкен сор дейтін едім. Мың жерден мықты болса да мұндай қолға түскен сәйгүліктің жеңісті жолы ғана емес, өмірі де ұзаққа бармайды. Аттың иесі, бапкер мен шабандоз жылқының жанын ұғынып, жүрегімен сезіне алса жүйрік қыл құйрықтың бағының шын жанғаны болады. Жүйріктің әр қозғалысана мән беріп, әр жағдайын бақылауда ұстап талапқа сай дайындау бапкер бойынан зор талантты қажет етеді. Атқа шаба білу де ерекше өнер. Тақымым тиді екен деп ойсыз далақтап шаба беретін адам шабандоз болмайды. Ол үшін үлкен ақыл керек. Менің аттарыма шабатын шабандоздарымнан талап ететінім ақыл, білім. Олардың жаман әдеттерден аулақ болуын, спортқа жақын болуын назарда ұстаймын.

Өте жоғары жылдамдықпен шабатын бәйгенің тізгіне ие болу шабандоздан қандай үлкен қасиеттерді талап ететінін айтқанда, ат иесінің шабандоздың өмірі мен денсаулығы алдындағы жауапкершілігіне де тоқтала кеткен жөн. Бауыр еті балаларына атқа шабуға рұқсат берген ата аналарының кең жүректілігі мен ұлы

өнерге құрметін бағалауымыз керек. Екінші бір рақмет білдіретін жандар ат бапкерлерім, шабандоздарым және олардың ата аналары. Оларға құрметім жоғары.

Қазір әркім өздері ойға алған уақытта ат жарысын өткізе береді. Жалпы менің ойымша аттың да шабатын және шаппайтын уақыты болады. Біз өзіміз ораза айында өтетін жарыстарға мүлде ат қоспаймыз. Көпшілік талас тудырып таңырқауы мүмкін. Мен байқаған шындық дәл осы айда өтетін жарыстарда түрлі жағдайар көп орын алады. Атап айтар болсам, бүгінге дейін ораза айында өткен жарыстар нәтижесінде жүз шақты аттың аяғы кеткен екен. Сондай–ақ, қырық жеті ат өліп қалды. Ол аз десеңіз 17 бала түрлі деңгейде жарақат алып, 2 шабандоз өмірімен қош айтысты. Бұл ой жіберіп негізге алатын жай.

Қорыта айтқанда, бәйге ат иелері қасиет пен киені қадір тұтқан бабалары-мыз жүйрік ұстап тұлпар жүгірткенде ұстанған биік қағидаларды сақтауға тырысуымыз керек деп ойлаймын.

Жылқы мінезді халқымыз аман болып, өмір аламанында тек бақытқа кенеле берсін. Тұлпарларымыздың тұяғы бүтін болып, шаңырақтарымызда бақ пен ырыс болсын» дейді.

Қазақтың дара тарихы мен дана дәстүрі және жүйрік жылқының сыны мен сыры туралы терең білетін азаматтың болмысынан ұлттың ұлы қасиетті есіп тұр.

Елбасы Кубогінің топ бәйгесінің қортындысында ауыздығымен алысқан сәйгүліктердің ішінен Алматы облысының Қарасай ауданының «Қарлығаштың» (иесі – Секенай Бөбекбай) маңдайы жарқырап бірінші келсе, одан кейінгі орындарды Маңғыстау облысының тұрғыны Шадрах Ермекбайұлының «Ақшолпан» атты торы биесі мен Алматы облысының Жамбыл ауданынан келген Сұлтан Жоланұлының таза қанды қарагері бөлісті.

БӘЙГЕ КӨРКІ АЛАМАН

«Бәйгенің көркі – аламан» дегендей, 25 шақырымдық жарыс жолына әр тараптан қосылған 31 жүйрік бағын сынады. Бұлардың арасында үлкен бәйгелерден бәс алып жүрген Қарағандының «Бақторысы», Алматының «Қараторғайы» мен «Нұртөбелі», Нұр-Сұлтанның «Бұйрығы», Оралдың «Бекторы», Жамбылдың «Нұрисламы», Алматы облысының «Жетісуы», Павлодардың «Сенімі» сынды бас жүлдеден дәмелі сәйгүліктер қара жердің апшысын қуырды. Осы отыз бірдің ортасында шабандозы 25 нөмірді еншілеп Қуат Әшімұлының сәйгүлігі Аягөздік «Қасқалдақ» атты байтал да құйқылжып алдыңғы топтың ортасында отырды.

Сонымен алғашқы болып тізгін ұстатқан 7 жүйрікке жүлде берілді.

Бірінші орын Мейірлан Нұрболатов тізгіндеген «Бақторы» атты жүйрікке бұйырды. Ат иесі – Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан. Екінші орынды Алматы облысының Қарасай ауданынан келген таза қанды бес жасар күрең бие еншіледі. Иесі – Мәди Оразалиев. Үшінші орынға Нұр-Сұлтан қаласының атынан шыққан таза қанды торы дөнен табан тіреді. Ат иелері – Нұрдәулет Әкімжанов пен Азамат Бегалин.

Келесі орындар Алматы облысындағы Қарасай ауданының тұрғыны әйгілі атбегі Секенай Бөбекбайдың «Үшқоңырына», Қарағанды облысының Қызылжар стансасынан келген Бекзат Әйнекбаевтың күрең қасқасына, көмбені кесіп өтіп жығылған Ержан Ақтасовтың «Көкойнағына» және Алматы облысындағы Қарасай ауданынан келген Сұлтан Жоланұлының «Асу торысына» бұйырды.

БАБЫ КЕЛМЕДІ МЕ, БАҒЫ ЖАНБАДЫ МА?

Жарыс барысы, Қасқалдақтың дәл осы жолғы бабы мен бағы туралы ат иесі Қуат Әшімұлы бауырымызбен телефон арқылы тілдесіп, қойған сұрағымызға «Елбасы Кубогіне барар жолда байталым үсті-басын жаралап алды. Оның үстіне екі күн бойы жерсінбей көңіл-күйі болмады. Жем-шөпке де қарамады. Аламанға қосар тұлпардың көңіл-күйі шабысына әсер ететіні белгілі ғой. Бұрындары көзінде от ойнап тұратын Қасқалдақ мәре сызығын осылай аттады. Жер-жерден кіл мықты арғымақтар жиналған Кубок жолындағы жарыс өте тартысты басталды. Біздің жылқы он бір айналым бойы алдыңғы топтың ішінде отырды. Иесі ретінде жолда алған жарақаты мазалап тұлпарымның жай-күйі төмендеп бара жатқанын сезіп, он бірінші айналымды аяқтап, он екіншіге аяқ басқан шақта топтан шығарып алу туралы шешім қабылдадым. Алла сәтін салып жатса әлі де алар асуларымыз бар ғой. Аттың денсаулығына зақым келтіріп алмауды ойлап осындай қадамға барғаныма өкінбеймін. Бабымыз келіскенімен дәл осы жолғы бағымыз сәл-сәл кемшіндеу болғанын да мойындау керек. Шыны керек, осының алдында Қазақ атбегілерінің Кубогіне орай ұйымдастырылған жарыста Қасқалдақ осы жолғы Елбасы Кубогінде 1-ші орын алған Бақторымен бірге төрт сәйгүлік көмбеге құйрық тістесіп қатар кірген болатын. Жылқымның күш-қайратын біліп, әрі осы жарыс үміт шоғын да үрлегені шындық. Бекболат ағамыздың Бақторысы сөз жоқ мықты жылқы. Осының алдында 3-4 жарыста бәйгенің алдын бермей келе жатқанын айтып өту керек. Атап айтар болсам, былтыр Өтеген батырдың атына өткен үлкен бәйгеде құнандар арасында 1-ші келіп автокөлік ұтты. Қордай жақта Жаныс - Дулат батыр ұрпақтары ұйымдастырған керемет бәйгеде де бәсі жоғары болды. Қазақ Ат бегілер кубогінде «Джип» авто көлігін алғанын да айтқан жөн.

Мұндай айтулы сындарда атты қинаудың салдары ауыр қайғыға алып келетін жағдайлар да аз емес. Дәл осы жолы Қазыбеков Серіктің Қараторғай атты керемет тұлпары шауып келе жатып аяғы сынудың әсерінен өліп кетті. Кезінде оң шешім қабылдамаудың салдары опық жеуге алып келуі де бек мүмкін ғой. Осыны да ескерсеңіз екен».

- Қарашаның бірі күні Алматы атшабарында «Қазақстанның Алтын тайы -2020» атты жарыста жүлделі болыпсыз. Құтты болсын!

- Рақмет. Алла разы болсын. Иә, келешекте керемет тұлғалы тұлпарлар болатын 27 тай бақ сынаған жарыс кере-мет өтті. Айтулы жарысты ұйымдастырған Шығыс Қазақстандық жерлесіміз, беделді ат бегі Бұлғынов Мерхат ағамыздың еңбегін айта кеткен жөн. Бұл сында 1 орынды Жамбыл облысындағы Луговой ат зауытының Ресейден алған таза қанды «Шуақ» атты тайы алды. 2 орынды менің «Үміт» атты ағылшын арап қанды қолтумам еншіледі. Осы орайда Батырхан Сабуров ағамыздың қосқан Ақсуаттың екі тайы да керемет өнер көрсеткенін айтып өтсем деймін.

Жетістіктеріміз туралы қосымша айта кетсем ағымдағы жылы осы Қасқалдақ Алматы облысы, Іле ауданы, Междуреченское ауылындағы топ бәйгеге қатысып 1-ші келді. Сонымен бірге Алматы облысы, Күрті ауданы, Ақши ауылында үлкен Қазақ атбегілер Кубогінде 25 шақырымдық сында 4 орын.

Тайлар арасында топ жарып жүрген Үміт Ақши ауылында осының алдында да бірінші келген.

Алматы облысы, Кеген ауылында болған бәйгеде тайлар арасында Үміт, Аламанда Әсем қара атты жүйрігім қатысып екеуі де бірінші орында келді.

Жамбыл облысы Қордайда өткен құнан бәйгеде Жел қара атты тұлпарым 1-ші келді. Бұл да Қасқалдақ сияқты Польшадан алынған таза қанды. Алматы облысы, Қарой ауылында тай бәйгеден Жебе деген ағылшын қолтумам 1 орын алды.

- Туған мекен, ата–аналарыңыз, атбегілікке келуіңізге себеп болған азаматтар туралы айтып өтсеңіз.

- Біз Аягөздікпіз. Әкем Үсенов Әшім Бекенұлы Ақшатауда электрик, анамыз Үсенова Раушан Нұрсәлімқызы орта мектепте неміс тілінен сабақ берген, мұғалім болып еңбек етеді. Бүгінгі таңда өзім Алматыға қоныс аударғанмын және де ата анам да Алматыда тұрады. Атам Үсенов Бекен шабан болған. Жүйрік жүгіртіп, бәйге ұстаған екен. Сол кездердегі сабан тойлар мен шабан тойларда аудандық аламандарда Ер қасқа мен Жел қанат деген екі тұлпары бәйгелі болып абыройын асырып жүреді екен. Нағашыларым Үржар ауданының Лайбұлақ деген ауылының тұрғыны Саркүшіков Әсенғазы деген кісі ауыл әкімі болды. Оның Шалқыма көк аты болыпты. Ол да ауданаралық сындарда оза шауып Хәкім Абайдың 150 жылдығында Үржар ауданының атынан сынға түскен екен.

Қанымда қыл құйрықтыға деген ыстық ықылас болғаннан соң мен де жылқы малына деген ерекше қызығушылықпен өстім. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде шамам жеткенше жүйрік жылқылар алып жүгіртіп жүрмін. Бұл жолға келуіме себепкер болған Тасболат, Секенай, Батырхан ағаларымыз бен Дүйсенхан атамызға алғысымды білдіріп өтсем деймін.

- Ат бәйгелі болсын. Абыройың артсын. Уақытыңды бөліп, сұхбат бергеніңе рақмет Қуаныш бауырым. Баптап отырған бәйгелеріңнің бәсі жоғары болып, ұлан бәйгелерде рухың асқақтап, абыройың артып, ел мен жердің даңқын шығара бер

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив