KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 9 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

Глубокое ауданы астықты дер кезінде жинап үлгерді

30.11.2020, 11:12 179
Биылғы жылдың егіс маусымы ерекше қиын болғаны рас. Елімізде жарияланған төтенше жағдай мен ауа райы диқандардың қолын байлап, бірқатар мәселелер туындатты. Десек те, глубокоелық шаруалар ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерін уақытында сеуіп, дер кезінде жинап үлгерді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің хабарлауынша, биыл аудандағы ауыл шаруашылығы дақылдары егілген аумақ 102 мың 400 гектарды құрап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1370 гектарға артық болды. 

Үстіміздегі жылы бұршақты және дәнді-бұршақты дақылдар 60,5 мың гектарға, май дақылдары – 34,5 мың гектарға, картоп – 1,7 мың гектарға, көкөністер – 0,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдар – 5,3 мың гектар алқапқа отырғызылған. 

Топырақтың құнарлылығын, түсімді және алынатын өнімнің сапасын арттыру мақсатында жыл сайын сатып алынатын минералды тыңайтқыштардың көлемі де ұлғайып келеді. Атап айтсақ, биыл егіс түсімін арттыру мақсатында 10,1 мың тонна субсидияланатын минералды тыңайтқыштар сатып алынып, жаздық егістің әр гектарына 106 келіден тыңайтқыш себілген.

Бүгінгі күні аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өсімдік шаруашылығын жүргізуге мемлекеттен қолдау ретінде 1087,6 млн теңге көлемінде субсидия алса, оның 92,97 млн теңгесі тұқым шаруашылығын дамытуға, 432,9 млн теңгесі минералды тыңайтқыштар бағасын арзандатуға, 255,4 млн теңгесі гербицидтер бағасын арзандатуға, 306,4 млн теңгесі инвестициялық субсидияларға бөлінген. 

Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 3,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106 пайыздық өсімді (200 млн теңге) көрсеткен. Құйылған инвестицияның негізгі көлемін, яғни 92 пайызын бизнес нысандарының өз қаржылары құраса, қалған сегіз пайызы банктерден берілген несиелер мен ауыл шаруашылығы техникаларына алынған лизингтердің еншісінде. 

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернар Қапатевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы бойынша негізгі капиталға құйылған инвестицияның басым бөлігін машина-тракторлық базаны жаңарту құрайтын көрінеді.

– Жыл сайын ауданда ауыл шаруашылығы техникалары 6,5 пайызға жаңарып отырады, – дейді ол.
 – Мысалы, биылғы жылдың тоғыз айында жалпы сомасы 2,2 миллиард теңгеге 51 дана ауыл шаруашылығы техникалары, оның ішінде сегіз комбайн, 22 трактор, бір тұқым себетін кешен мен 20 дана басқа да ауылшаруашылық техникалары сатып алынды.

Орақ маусымына 2145 тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Астықты кептіруге қосымша 520 тонна дизель отыны қарастырылған. 

Үстіміздегі жылы 58,6 мың гектар аумақтан астық дақылдары жиналып, жалпы өнімнің алғашқы салмағы 62,9 мың тоннаны құраса, 35 мың гектардан жиналған май дақылдарының жалпы өнімі 62,6 мың тоннаға жетті. 59 мың тонна шөп жиналып, 13 мың тонна пішендеме дайындалды, екі мың тонна сабан шабылып, 30 мың тонна сүрлем жабылды.

Ауыл шаруашылығы жануарларының саны өткен жылмен салыстырғанда біршама пайызға өскен. Аудан аумағында 48,3 мың тонна сүт, 5,2 мың тонна ет, 17,8 млн дана жұмыртқа  өндірілді. 

– Минералды тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту (сүт-тауарлы фермалар мен бордақылау алаңдарын ашу) арқылы еңбек өнімділігін арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Ернар Қапатаев. – Жаңа инвестициялық жобаларды, мал мен өсімдік шаруашылықтарындағы нақты технологиялар мен цифрландыру мәселелерін де ұмытқан емеспіз. Атап айтсақ, осы бағытта малды чиптеу, жанармайдың шығынын бақылайтын датчиктер орнату, тұқым мен минералды тыңайтқыштарды дифференциалды себу және тағы басқа да технологияларды қатар қолданып отырамыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив