KZ
Өскемен
+28°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
440.9 475.95 4.82

Аягөздегі "Сандықтас" шаруа қожалығы 24 отбасыға көмір түсіріп берді

25.11.2020, 12:19 122

Ақши ауылының көп балалы, шаңырағында мүмкіндігі шектеулі сәби өсіріп отырған, күнкөріс деңгейі төмен жалпы қолдауды қажет ететін 24 отбасы қатты отынға ие болып қуанып қалды. 


Жерлестеріне көмірмен көмектесіп, қайырымдылық жасаған «Сандықтас» шаруа қожалығы екенін айта кеткен жөн. Қарашаның ортасынан ауып, қара жерді қар жапқан осынау шақта қыстық отын түсіріп үлгермей, көңілдері кіреукеленген бірталай жан жадырап қалды. Ошағында от жанған үйдің қазанында су қайнайды, дастарханында дәм, көңілінде ән болады емес пе? Соңғы он шақты жылдан артық уақыт көлемінде шаруа қожалығы ауылдастарына қатты отынмен көмек көрсетуді дәстүрге айналыдырып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Екі камаз жүк көлігіне толтырып тиелген 52 тонна көмір отбасылық жағдайларына байланысты жиырма төрт отбасына 1-1, 5-2 тонна көлемінде бөлініп таратылып берілді. Ауыл әкімі Айдар бауырымыз: «Бұл шара ауылдас азаматтар арасындағы ынтымақ пен береке-бірлік, құрмет қошемет пен бауырластықты көрсетеді. «Туған жер» бағдарламасының аясында осындай бағыттағы қайырымдылық шаралар жақсы жолға қойылған, әлі де жалғаса береді» дейді.


КЕҢ БОЛҒАННАН КЕМ БОЛМАЙСЫҢ

 

Қайырымдылық - көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық - ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық — адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді.


Қайырымдылық жасасаң,

Қайырын өзің көресің, - демекші қандай қайырымды істер жасасаң да барлығы өзің үшін деп ата-бабамыз да мақал-мәтелдерде айтып кеткен. Шағырай шешен өз кезегінде:

Өзін ғана ойлаған,

Жамандықтың белгісі.

Өзгені де ойлаған,

Адамдықтың белгісі.

Үлгілі сөз білмеген,

Надандықтың белгісі.

Бар-жоғына қарамас,

Анық жомарт, ер кісі.


Осы өлең жолдарымен адам санасына жомарттықтың қандай екенін жеткізген. Қоғамда да күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің мәніне үңілсеңіз адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» – деген екен.

Қайырымдылық пен қайырлы іске ынтығу туралы айтқанда «Сандықтас» шаруа қожалығы ойға оралады. Сонау 1995 жылдары Ақши ауылындағы бес ағайынды азамат бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, шаруашылық құрады. Іске мығым жігеттерге ауылдың біраз тұрғындары да ілеседі. Жетпіске жетер жетпес ұсақ мал, 30-40 ірі қара, азын аулақ жылқы және кеңес өкіметінен қалған ескі техникалармен бастаған іс, құрылған шаруа қожалық ағайындылардың береке-бірлігі мен еңбеккерлігінің арқасында бүгінде аудан аумағындағы алдыңғы қатарлы шаруашылық құрылымдарының бірі. Біздің аймақтың қарлы боран мен үскірік аязбен араласып келетін қыс маусымының қаталдығын барлықтарыңыз білесіздер. Қарағанды-Боғас тас жолының бойындағы Ақши ауылының аумағында жеңіл, жүк көліктерімен бірге автобустардың да қалың қарға батып қалған оқиғалары жиі болды. Жолда қалған жолаушыларды қар құрсауынан шығару, оларға көмек көрсетуде де ағайындылар алып жүрген алғыс мол. Ауылды айтпағанда аудан орталығы Аягөз қаласына келіп мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы нашар отбасыларына көмек көрсетіп кететіні туралы да естіп білген ақпараттарым бар. Қилы кезең, қиын шақтардың түрлі сынақтарынан сүрініп кетпей жемісті еңбек етіп келе жатқан «Сандықтас» шаруа қожалығының мүшесі, жеке кәсіпкер Жұмаханов Сайран Қалиұлымен сұхбаттасқан едік. Қожалықтың құрылуы, жай-күйі, жұмысшысына жасалып жатқан жағдай, ауылға көмек, игілікті іс-шараларға қолдау білдіру, алдағы уақытқа жоспарлары туралы сұрап білген едік.


Сайран Қалиұлы: «Әкелеріміздің табынының ізі қалған, маңдайының тері тамған Ақши біздің туған жер өскен өңіріміз. Әкеміз қали 40 жыл ауылдағы жанар май орталығының меңгерушісі, 30 жылдай қырман басшысы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Анамыз да жанар-жағар май орталығында еңбек етеді. Ата-анамыз Гүлнар, Мейрамгүл, Мариямгүл, Әсемгүл, Руфия, Зульфия, Фарида атты 7 қыз, Қабидолла, Сағидолла, Сайран, Алтай, Еділдей бес ұл өсірген тағылымды әке, батыр ана. Кеңес өкіметі құрдымға кетіп, ауыл тарап, жұрт жеке меншік болып жатқанда біз де ағайындылар бірлесіп шаруа қожалық құрдық.


Бүгінде өз бала шағамызбен бірге 10-нан астам ауылдас отбасы қожалығымызда еңбек етеді.

Біздің ата-аналарымыз «Еңбегімен ер сыйлы, Өнбегімен жер сыйлы. Еңбегіне қарай — құрмет, Жасына қарай — ізет. Еңбегіне қарай өнбегі. Еңбегіне қарай табысы, Ерлігіне қарай дабысы. Еңбек бейнет емес, зейнет. Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген мағыналы мақал-мәтелдерді жиі айтып ерінбей еңбекке ұмтылу, еңбекті құрметтеуді үйретті.


Бүгінгі жеткен жетістігіміздің ішінде тракторшы, мехнаизатор-ларымыздың, малшыларымыз бен көмекшілеріміздің көп еңбегі бар. Оларға барынша жағдай жасауға тырысамыз. Осы оннан астам отбасының еңбекақылары, ішіп-жем ас-ауқаты, соғымы, отыны мен көмірін түгелдей түсіріп беруді алғашқы кезекте жолға қойғанбыз. Еңбеккер алаңсыз болса шаруа өнімді болады. Бір отбасындай аралысып, тумасаң да туысқандай болып кеткеннен соң бей-жай қарай алмайсың ғой.

Жылда мал толысып, егін орағы аяқталған уақытта арнайы ынталандыру жасаймыз. Онда әр жұмысшыға еңбегіне қарай үйіне қажетті, теледидар, тоңазытқыш сияқты көлемді тауарлар басқа да қажеттіліктер береміз. Сондай-ақ, жұмысшыларға әр бес жылда, малшыларымызға әр сегіз жылда бір рет салондағы жап-жаңа автокөлік немесе осы бағаның маңайында үй алып беремін. Сыйақыға ие болушы жартысын малдай, жартысын ақшалай алам десе де өз еркі. Еңбеккерлеріміздің ортасында осындай сыйақыға ие болып үй, көлік алғандары бар. Биыл да 3 азаматтың шаруашылықта еіңбек етіп жүргендеріне бес жыл толды алдағы уақытта олардың сыйақылары берілетін болады.


Алдағы жылдары мал басын арттырып тағы да жаңадан 4 трактор алсақ деген жоспарымыз бар. Яғни, тағы да 4-5 отбасын жұмысқа аламыз деген сөз.


Жылда құрбандық шалып зекет беру, ол енді басты парыздарымыз. Сонымен бірге халыққа ең қажеттіліктерінің бірі ғой деп мүмкіндігімізше қолдауды қажет ететін ауылдастарымызға көмір алып беруді де ұйымдастырып жүрміз.


Әке-шешеміз қолыңда болса ел іші, ауыл азаматтарына көмек көрсетіп отырыңдар. Одан сыйың артпаса, ырысың кемімейді дейтін. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген өте орынды айтылған екен. Алғыс арқалап, бата алғанның тасы өрге домалайтынын бабаларымыз баяғыда айтып кеткен ғой. Қандай игілікті іс жасасақ та мақтан үшін емес, бір Жаратушымыздың ықыласына бөлену үшін атқарамыз. Ол жағына аса көп тоқталмай, осы жерден қоя тұрсам деймін» - деп әңгімесін аяқтады.


Ермек Дайырбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив