KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Еліміздегі кітапхана жүйесі қалай дамуда?

23.05.2023, 22:37 2 448 ALTAINEWS

Бүгінгі таңда еліміздегі кітапхана жүйесі қалай дамуда? Кітапханалардың жаңа технологиялармен қамтамасыз етілу деңгейі қандай? Кітапханаларды цифрландыру мәселесі қалай іске асып жатыр?

Осы мәселелер Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада өткен «Кітапхана – ХХІ ғасырдағы сауаттылық түрлерін қозғаушы күш» атты кітапханашылардың республикалық конференциясында кеңінен қозғалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Конференцияға Абай, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Қостанай облыстары мен Астана қаласының кітапхана мамандары қатысты.

Қатысушыларды облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов пен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит құттықтап, шырайлы Шығыс жерінде өтіп жатқан осынау келелі жиынның жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ АҚШ-тың Остин қаласындағы Техас университетінің кітапхана ісі жөніндегі профессоры Дэвид Ланкес те қашықтан қосылып, конференцияға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

– Мен  Қазақстандағы әріптестеріме сәлем жолдаймын. Бүгін кітапхана ісі және сауаттылықтың маңызы туралы әңгіме қозғалған келелі жиында сіздермен бірге болу – мен үшін үлкен құрмет. Менің міндетім – кітапханашылар немен айналысады, кітапханалардың қоғамды жақсарту бағытындағы жұмыстары қандай, міне, осы мәселелерге жаһандық тұрғыдан көз жіберу. Мен кітапханалар тұрғылықты жерге әсер ететін жергілікті тетік болғанын қалаймын. Әлбетте қала немесе ауыл болсын, университет немесе мектеп болсын біз адамдарға өзі туралы, өзінің мемлекеті, әлем туралы ақпарат алу үшін қалай көмек көрсете аламыз? Әлемдегі жағдайды өзгерту үшін мүмкіндіктерді қалай арттыруға болады? Өйткені бұл –  біз айтып жүрген цифрлық сауаттылық, ақпараттық сауаттылық. Сауаттылықтың барлық түрі – үлкен күш, – деді ол өзінің құттықтау сөзінде.

Шара барысында кітапханашылар Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметіне енгізіліп жатқан заманауи технология түрлерімен, жүзеге асырылған жаңа жобалармен танысты. Кітапханашыларға әсіресе «VR киіз үй» мен «IT arular mеktebi» сынды жобалар қатты ұнады. Сондай-ақ олар қазақ тілінде ауызекі сөйлеуді үйрететін «Кел, сөйлесейік» клубының, жеті атаны білуге насихаттайтын «Ататек» бағдарламасымен танысып, «Оюлар сөйлейді» көрмесін тамашалады.

Ал түстен кейін «Қазақстан кітапханаларының келешегі және болашақ кітапханалар» атты дөңгелек үстелге қатысып, түйткілді мәселелерді ортаға салды.

Осы орайда біз Қазақстандағы кітапхана саласы, оның бүгінгі таңдағы беталысы, жалпы, кітап оқу туралы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаровпен тілдескен болатынбыз:

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің қоғамда үлкен бір қателік кетті. Нарықтың заңы осы екен деп барлығын құрта бастадық. Соның ішінде ауылдағы мәдениет үйлерін, кітапханаларды құртқанымыз дұрыс болмады. Сол кезде тіпті шалғайдағы кішкентай ауылдарда да кітапханалар болып еді. Нарық заманында мәдениет үйлері мен кітапханаларды ұстап тұруды қиынсындық. Совхоздар да тарап жатты.  Ауылдағы МТС-тер де қысқартудың құрбаны болды. Ауылда бір қойды екі-үш бөтелке араққа айырбастаған заман да өтті. Оның барлығы әлі күнге дейін көз алдымызда. Біз осылай кітапхана жүйесін құртып алдық. Сол ауылдағы жабылып қалған кітапханалардағы кітаптардың қайда кеткенін білмей де қалдық. Катонқарағайдағы өзімнің Ақмарал дейтін ауылымда да кішкентай кітапхана бар еді, жақсы кітаптар көп болатын. Соның барлығы қайда кетті? Кейін есімізді жиғандай болдық. Елімізде 2000 жыл Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды.  Осы жылдың аясында сонау тоқсаныншы жылдары тиын-тебенге сатылып кеткен мәдениет үйлері мен кітапхана ғимараттарын қайтадан қайтаруға тырыстық. Бірақ быт-шыты шығып кеткен дүниенің басын қайтадан құрау қиын екен.

Жалпы, Шығыстағы кітапхана ісі саласының ілгері басуына Өскемендегі осы Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың директоры Хабиба Ақжігітованың сіңірген еңбегі зор. А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың басшысы болып тұрған кезінде ол өте белсенді жұмыс істеді. Мен 2012 жылы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананы басқарып, 2014 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапхананың бас директоры болған кезімде осы Шығыстан көп нәрсе үйрендік. Біз әлі тіпті ойланбаған дүниені Шығыста Хабиба Мырзаханқызы сарт еткізіп  істеп жататын. Кітапхана саласына QR кодтан бастап біраз жаңалықты енгізді. Ғаламтор дегеніңіз де ең алдымен Шығыстың кітапханаларының төрінен орын алды. Тіпті кейде Хабиба Мырзаханқызы Мәскеуде жоқ жаңалықты енгізіп жататын. Мәскеулік ғалымдардың өзі мұны мойындап отыратын. Хабибаның осындай ерлігі болмаса, көштен қалып қоятын едік. Сол жылдары мен біраз кітапханашыны «Хабибаға барыңдар, үйреніңдер, көріңдер» деп осы Шығыстағы А.Пушкин атындағы облыстық кітапханаға жіберіп, оқытып та алдым. Шығыстың кітапханасы республикада көшбасшы болғанын мойындаймыз. Әлі күнге дейін сол. Міне, Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қазір қандай? Жайнап тұр. Бәрі де басшыға байланысты, – дейді жазушы Әлібек Асқаров.

 

– Әрине, еліміздің кітапханаларын әлемдік деңгейде емес деп кемсітуге болмайды. Бірақ цифрлық технология өмірімізге енгелі жұрт дәстүрлі кітап оқудан қалып бара жатыр. Кезінде Алматыдағы Ұлттық кітапханада директор болып жүрген кезімде кітапхананың қызметкерлерін есік алдына тұрғызып қойып, мониторинг жасадық. Жұрт кітапханаға қандай мақсатпен келетінін білгіміз келді. Сонда ғалымдар ізденіспен келсе, студенттер оқу бағдарламасымен келеді екен. Жазушылар, ақындар, жалпы, қаламгер қауымы неге кітапханаға келмейді десек, олардың үйінде жеке кітапханасы бар көрінеді. Кітапханаға барып кітап оқығаннан гөрі, кітапты дүкеннен  сатып алғанды жөн санайды екен. Ал сонда көркем әдебиет оқитын, «Осындай жақсы кітап шығыпты, соны оқи қояйық» деп келіп  жатқан адамды көзіміз шалмады. Осыған қарап, мен бізде кітап оқу дәстүрі әлі соншалықты қалыптасқан жоқ па деген ойға қалдым, – дейді қаламгер.


 Айтуынша, Минскіде (Беларусь) әр сенбі сайын кітап жәрмеңкесі өтеді екен. Бір жақсысы, бұл тәжірибе соңғы кездері біздің елде де қолға алынған.

– Үміт бар. Астанада өткен кітап көрмесіне мектеп оқушылары көп келді. Бір жағынан, мектептерге әкімдік барып көріңдер деп тапсырма бергені білініп тұр. Сонда смартфоннан басқа ештеңе көрмеген, ұялы телефонмен ғана көзін ашқан оқушыларды көрдім.  Өмірінде мұндай кітап мұхитын көрмеген болса керек, алақ-жұлақ етіп, естері шықты. Үйлерінде кітап жоқ екенін бірден білдім. Әдемі бір ойынның ішіне кіріп кеткендей күйді бастан кешіргендей. Кітап алмай-ақ қойсын. Кітап алып жатқаны да шамалы. Бірақ солардың көкіректеріне бір сәуле түссе деген ой ғой.

Қаламгер электронды кітап дәстүрлі кітап оқуды алмастыра алмайтынын айтады.

– Ұсақ хабарды, бір ұсақ әңгімені телефоннан оқуға болатын шығар. Бірақ М.Әуезовтің «Абай жолының» 4 томы мен Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының 4 томының барлығын электронды кітапханадан оқысаң, соқыр болып қаласың. Өйткені ол мүмкін емес. Түбінде бәрібір дәстүрлі кітап оқуға қайтарымыз хақ. Жалпы, мына смартфон дегеніңіз біздің қазақ жастарын делитант етіп тәрбиелеп жатыр. Смартфоннан қысқа хабарды ғана естиді де, арғы жағындағы тереңіне бойлай алмайды. Атүсті білім жарға жығады. Тереңге бойлау үшін дәстүрлі кітап керек. Сондықтан смартфонға сенген жастар түбінде білімге жарымайды. Бір қарағанда, бәрін білетін секілді, бірақ, шындап келгенде, түк те білмейді. Ал бізге білімнің мұхитына терең бойлайтын ұрпақ керек, – дейді қаламгер.
 


Автор: Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив