KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 9 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Өскеменнің автобустары - жағдай жылдан-жылға нашарлап барады

4.02.2021, 14:32 236

Өскемендегі қоғамдық көліктердің мәселесі (ескіруі, уақытлы жүрмеуі) жүргіншіге, автобус жүргізушілері мен кондукторларға шешілмейтін түйін іспетті көрінеді. Жиналыстарда қала басшылығына шағымын айтып жатқанымен, жағдай өзгеріссіз. Тасымалдау компанияларының жетекшілері жағдай жылдан-жылға нашарлап бара жатқанын айтады. Нөпір қауым ішінде аяғы жаншылып немесе керекті аялдамасынан түсіп үлгере алмаған халық ашуын бір-бірінен алумен тынады. Тасымалдаушы компаниялар мәселелерін тізімдеп жазып, айтып берді. Ал Өскемен әкімдігінің тиісті бөлімі өзіне жолданған сұрақтардың жауабын қысқа қайырады.

 

Тұрғындарды індет жұқтырудан бұрын жұмысқа кешікпей жету жағы қатты алаңдатады. Ахмер, Меновной, Бабкина, Теміржолшылар сынды алыс аудан тұрғындары автобустың зары әбден өткенін айтады. Ал аязды күні Өскеменнің мақтаулы автобустары да уақытынан сағаттап кешікті. Бұл жайында «Хабар» агенттігінің тілшісі Олжас Керейхан әлеуметтік желіде жазды.

– Шығысқа сиыр жылы сақылдаған сары аязымен мөңіреп кірді. Аяз қысқанда талай нәрсе сыр беріп жатыр. Бір дегенде Өскемендегі қоғамдық көліктер тұралап қалды. Семейде жиналып, отандық өндіріс деп дәріптелген «Dewo» автобустары -30 градуста оталмай қалды. Градус -40-қа төмендегенде ескі болса да әйтеу ыңыранып скандинавиялық автобустар жүр... Сонда деймін-ау, автопарк иелерінің автопаркті жаңартамыз деп, ұрандап көтерген тарифтен түскен қаржысы қайда? Егер сары аязда сол халық селкілдеп аялдамада сағаттап тұрса? -30 дан кейін оталмайтын отандық автобустан не қайыр?.. Әйтеу жолаушы нөпірі көп бағыттарда жылы аялдамалар бары дәтке қуат болып тұр... Ал біздің жақта қыс ұза-а-а-ақ... – деді.

Өскемен құрамындағы «Нұрлыкөш» ауылының халқы да автобус дұрыс жүрмейтініне наразы. Жуықта жиналыс өткен.

«Қоғамдық көлігіміз 12 адамдық. Оған отызымыз тиелеміз. Біз өлуге таядық. Шағын автобустың көлемін көріңізші. Түрегеп тұрған адамға сай ма екен? Айтыңызшы, ұстап тұратын темірі бар ма? Мен жас жігіт болғандықтан үлкен адамдарға орын берем. Өзім қолымды жерге тіреп келем».

«Аялдамадағылар кішкентай балаларды күпәйкеге орап ұстап тұрады. Бұл сұмдық қой. Мен таксимен келе жатқанда студент балаларды ала кетем. Ұзаса төрт адамды. Сыйғанынша. Қалғаны жаяу кетеді. Обал ғой».

«№256 автобус бір рет уақытында жүрген емес. Алдыңғы күні уақытында жүрді ме? Кеше жүрді ме? Бүгін ше?»

«Сіз біздің орнымызда 256 мен 71-ді тосып көріңіз, келе ме екен? Автобус жүреді дедіңіз. Таңертең нешеде жүреді біріншісі?.. Егер 6.10-нан бастап жүрмесе, жұмысқа үш көлікке ауысып мініп жететін адамдар үлгермейді. Ал 71-автобус (№71 автобус Нұрлы көштің сыртымен өтеді – ред.) 20.10-да қаладан шығып қояды. Оған студенттер кейде үлгеріп, кейде үлгермейді. Бұл кезде 256 деген жоқ, тоқтап қалған».

«Міне, қазір екі минуттан соң автобус келуі керек. Жүріңізші бар ма екен, көріп қайтайық…».

«Көбіміз бірінші аялдамадан соңғы аялдамаға дейін барамыз. Жарты сағатта бір келетін көлік 12 тұрғынды ғана тасиды. Қалғаны сыймайды», – деді тұрғындар.

Бұл жиынға қала әкімінің орынбасары Денис Федченко барған болатын. Бірақ әкімнің орынбасары орыс тілінде, ал тұрғындар қазақ тілінде сөйлегендіктен, екі тарап дұрыс түсінісе алмады. Федченко қарбалас уақытта автобустардың жүруін жиілеткенімен, санын арттыру жуық арада қолынан келмейтінін ашық айтты.

«Тасымалдаушы компаниялар жүру кестесін автобустар үшін 75 пайыз, маршруттық таксилер үшін 85 пайыз орындайды. Толық орындамауының негізгі себебі – техника жағдайы қанағаттанарлықсыз және жүргізуші жетіспейді», – деп жазады қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бізге берген жауабында.

Аязды күні жаураған аялдамадағы жұртты көлік тізгіндеген кейбір жомарт азаматтар алып кетіп жатты.

 

«85 автобус қайда?»

 

Altaynews ақпараттық порталының жазуынша, жолаушы тасымалдаумен айналысатын қаладағы ірі компания – «Росттан» жылына 8-10 адам зейнетке кетеді. Келіп жатқан жастар жоқ.

Бізбен тілдескен «СТ Автосервис» ЖШС-ның директоры Мұрат Жақыпханұлы «менікі шағын компания» деп атап айтты.

– Ахмер сынды шеткері аудандарға жолаушы тасимыз. Қары күрелмейді, оған қоса жол сапасыз. Техника ескіруі содан. Қаладағы автобустардың 20-25%-ы жүргізушілердің жоқтығынан қаңтарылып тұр. Қалалық маршруттарға субсидия да бөлінбей жатыр. Егер субсидия берілсе, жүргізушілер мәселесін шешуге болады. Тариф реттеледі, ал субсидия жоқ... – дейді Мұрат Жақыпханұлы.

Тағы бір ірі компания Vosca-ның директоры бізге мәселесін тізіп жазып берді.

«Егер тарифтер жолаушылар тасымалының тиімділігін қамтамасыз етпесе, жергілікті атқарушы орган тасымалдаушыны субсидиялайды. Бұл арнайы заңда жазылған. Бірақ ешқашан орындалған емес. Субсидия берілмеуі көліктерге кері әсер етті және тасымалдау сапасы жылдан-жылға төмендеп барады. Беріле бастаса, көліктерді жаңартуға болады.

Біздің негізгі мәселе мынау:

– жолақыдан қосымша құн салығы алынуы;

– жүргізушілер саны жеткіліксіз және жалақы мөлшері төмен;

– өте ауыр еңбек;

– мемлекет тарапынан ешқандай көмек жоқ», – деді компания директоры Қанат Қалелов.

Қала әкімдігі субсидия бөлінбеуін былайша түсіндіреді: «Бір жолаушының жолақысы – 150 теңге. Халық 90 теңгесін төлейді. Үстіне 60 теңгені біз қосып беріп жатырмыз. Субсидия деген – осы».

Өскемен әкімі Жақсылық Омар 2019 жылы сужаңа 85 автобус сатып алынатынын мәлімдеген. Арада екі жыл өтті. Уәде әлі күнге орындалмады. Себебін сұрап, кеңірек түсіндіруін өтінгенбіз. «Қалада автобус паркін толықтыру жүргізілген жоқ. Жаңасын сатып алуды қала әкімділігі пысықтап жатыр» деп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты қысқа қайырған.

...Жұмыстан қайтып барамыз. Жанымыздағы адамдардың әңгімесі анық естіледі.

– Автобуста халық қиын ұжымшыл, иә?

– Иә, бірлігіміз жарасқан!

– Әй, екі метр аралық сақтап тұрсаңшы, адамға жабысып алғаның не сонша? – дейді таныстар әзілдесіп.

Жаңа ғана ішке телефонмен сөйлесе кірген адам «Ало-оу, біз мұнда фарш құсап жабысып қалдық, кейін хабарласамын!» деп асығыс сөйледі де, телефон ұстаған қолын сол күйі жоғарыдағы көлденең тартылған темірге созды. Саусағының ұшын іліктірген ол автобус тежегіші басылған сайын теңселіп бара жатты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив