KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Даниал Ахметов №9-шы сайлау учаскесіне барып дауыс берді

10.01.2021, 15:02 258

Облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласының №42 орта мектебінде орналасқан 9-шы сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.

Аталмыш сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы жетіден бастаған. Онда барлығы 2 426 сайлаушы тіркеліпті. Олардың 600-ге жуығы сағат 12:00-ге дейін өз таңдауын жасап үлгерген екен. Арасында аймақ басшысы Даниал Ахметов те болды.

– Сайлауға келушілер қарасы көп екен. Бұл өте қуантарлық жайт. Жерлестеріміздің маңызды саяси науқаннан шет қалмай, дауыс беріп, азаматтық ұстанымын білдіруі біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды аңғартса керек. Сондай-ақ, бүгін сайлау учаскесіне келушілердің арасында әйел адамдар да көп екенін байқадым. Бұл қыз-келіншектеріміз ел болашағына бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов сайлау учаскесінен шыққан бойда.

Айта кетейік, бұл күні сайлау учаскесіне келушілерге барлық жағдай жасалыпты. Дауыс берушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ғимарат ішінде әсем әуен әуелеп тұрды. Ал бірінші рет дауыс бергендерге естелік сыйлықтар мен тәтті-дәмділер тарту етілді.

№9 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт Назарбаеваның айтуынша, мұнда дауыс берушілер таңғы сағат алтыдан ағыла бастаған.

– Халықтың белсенділігі жаман емес. Тіптен, 10 шақты адам таңатпай келіп, сайлау учаскесінің ашылуын күтіп отырды. Бүгін дауыс беруге келгендер арасында жастар да көп екенін айтқан жөн. Олардың бірталайы сайлауға алғаш рет қатысуда. Сол себепті, біз ондай дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар әзірлеп қойдық. Жалпы, халықтың көңіл-күйі тамаша, саяси науқан мерекелік рәуіште өтуде деуге болады, – деді Б.Назарбаева.

Еске салайық, қазір облыста 1 039 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Онда тұрғындардың еш қиындықсыз дауыс беруіне барлық жағдай жасалған.

Барлық сайлау учаскесі медициналық маскалармен және өзге де қорғаныш құралдарымен жабдықталған. Сайлау учаскелерінде дауыс берушілер арасында 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуда. Учаскелердің кіреберісінде келушілердің дене қызуы термометрдің көмегімен өлшенеді. Бұған қоса, бөлмелер әр 3-4 сағат сайын дезинфекцияланады. Сонымен қатар, сайлау учаскелерінде оқшаулағыштар да бар. Егер сайлаушыда коронавирустық инфекция белгілері бар болса немесе дене қызуы 37 градустан асса, онда ол жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін бөлек бөлмеде оқшауланады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив