KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 9 м/с, С
444.22 476.38 4.82

ШҚО-да үш қызды құтқарған бозбаланың ерлігі елеусіз қалды

25.05.2023, 16:39 514 Мадина Амангелдіқызы

Ұлан ауданының тұрғыны Мейір Серікұлы үш қызды құтқарып, өз өмірін қиған. Бұл қайғылы оқиға осыдан бір жыл бұрын болған. 

Сібе көлінде суға батып бара жатқан өрімдей үш қызды құтқарып, өзі қаза тапқан жігіттің ерлігі еленбей қалды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Егемен Қазақстан басылымына сілтеме жасап.

Күні бүгінге дейін батыр ұлдың ата-анасы «біздің бала ерлік жасады» деп ешкімге тіс жармаған. Әкесі оқу орнына құжаттарын іздеп бармағанда, сол күйі айтылмай да қалуы мүмкін еді.

Қайғылы жағдай 2022 жылдың 13 маусымында болды. С.Аманжолов атындағы университеттің 3-курс студенті Мейір Серікұлы бір күн бұрын танысқан қыздың өтінішімен үш құрбыны Өскеменнен 50-60 шақырым жердегі Сібе көліне апарады. Сағат үштер шамасында қыздар көлдің терең жеріне кетіп қалса керек, тұншыға бастайды. Дәл осы сәтті жағадан бейнетаспаға түсіріп жатқан Мейір қалта телефонын тастай сала көмекке ұмтылған. Өкініштісі, үш қызды құтқарғанымен, өзі сол жерде өмірмен қош айтысады. Телефон камерасына оқиғаның шет жағасы түсіп те қалған екен.

– Әркім өз баласын мақтайды ғой. Десе де, менің тұңғышым 21 жасқа дейін бірде-бір рет жамандығын көрсетпеді. Үй шаруасын бәрін өзі реттейтін. Амал не? Қанатым қырқылғандай күйге түстім. Өзіміз Марқакөлдің тумасы болғанымызбен, Ұлан ауданында тұрамыз. Ұлым биыл оқуын тәмамдап, экономист мамандығын алып жатар еді... Бұл туралы үндемей-ақ та қояр едік. Үш қыздың ата-анасы келіп, рақмет айтпай-ақ қойсын, жұбатып, көңіл де айтпады. Жарайды, әркімнің өз өресі бар. Кейін құжаттарын жинап алайын деп оқу орнына барғанымда «берешек кітаптары бар ма, оқуының ақшасы төленді ме?» дегендей сұрақтар қойды. Олар үшін дұрыс та шығар. Бірақ ұлымның үш қызды құтқарып, жазым болғанын университеті біліп отыр. Керісінше, алдымнан шығып, іс-қағаздарды реттеп берсе, менің төбем көкке жетер еді ғой. Оның қасында күшікті құтқарып қалғандарды да марапаттап жатады, – дейді Мейірдің әкесі Серік Нәбікенов.

Әкесінің ендігі тілегі баласының ерлігі баспасөз бетінде қалып, соңынан ерген іні-қарындасының мақтанышы болса дейді. Оқу орны тарапынан да ерлігі ескеріліп, есімі студенттер арасында да айтылып жүрсе артықтық етпес еді.

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив