ШҚО-да жедел жәрдем көлігінің қатысуымен жол апаты болды: зардап шеккендер бар

11 шілде күні Ұлан ауданы, Бестерек ауылының кіреберісінде «LADA» маркалы автокөлігі мен жедел жәрдем көлігі соқтығысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол апатына қарсы жолаққа шығып кеткен жеңіл көлік себепші болған көрінеді. Нәтижесінде, екі автокөлікте қатты зардап шегіп, жолаушылар медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды.
- Жол-көлік оқиғасы салдарынан Lada автокөлігінің жүргізушісі, оның екі жолаушысы және түрлі дене жарақаттары бар жедел жәрдемнің екі жолаушысы облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізілді, — деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.