KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
446.49 475.38 4.79

Өскеменде сайлаушылар азық-түлікті арзан бағада сатып алды

20.11.2022, 13:00 342 Мадина Амангелдіқызы

Өскемен қаласының үш ірі сайлау учаскесінде азық-түлік өнімдерін арзан бағада саудалайтын жәрмеңкелер ұйымдастырылды.

Кезектен тыс өтіп жатқан Президент сайлауы күні облыс орталығындағы сайлаушылар саны көп үш ірі сайлау учаскесінде дауыс берушілерге арнап азық-түлік тауарларын арзан бағада саудалайтын жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Осындай екі ірі сайлау учаскесі Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінде орналасқан №30-шы және №31-ші сайлау учаскелері болды, деп хабарлайды Altaynews.kz.

 

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдерінің айтуынша, таңғы сағат сегізден бастап білім ордасының кіреберісіне өз өнімдерін жайғастырған кәсіпкерлер келушілерге азық-түлік тауарларын әдеттегі бағадан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынған. Сайлаушылар үшін істелген игі шараға келген қала тұрғындары бірінші кезекте қажетті қант, өсімдік майы және шұжық өнімдері сияқты азық-түлік тауарларын сатып алуда. Осындай ерекше жәрмеңкелер арқылы өз өнімдерінің көпшілік арасында кеңінен танымал болатынын айтқан кәсіпкерлер де сайлаушылар тарапынан қызығушылықтың барын айтады. Мұның бір дәлелі – дауыс беру басталған мезеттен бастап екі сағат ішінде саудаға шығарылған тауарлардың 30 пайызынан астамының сатылып кетуі.

– Біздің мектебіміздің аумағында 30-шы және 31-ші сайлау учаскелері орналасқан, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Ғазизова. – Екі сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар саны өте көп. Яғни, 30-шы сайлау учаскесінде сайлаушылар саны 1878-ді құраса, ал 31-ші сайлау учаскесі бойынша олардың саны 1545 адам. Бүгін таңғы сағат жетіден бері ауа райының қолайсыздығына қарамастан сайлаушылар дауыс беруге келіп жатыр. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты барлық шаралар заңға сай әрі уақытылы орындалды. Заңбұзушылықтар орын алған жоқ. Яғни, дауыс берушілер тарапынан ешқандай ескертулер келіп түскен жоқ.

  

Бұдан бөлек, сайлау учаскелерінде қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен дауыс берушілерге ыстық шай мен бауырсақ ұсынылып, көпшілік арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Сайлаушылармен ере келген балаларға түрлі-түсті шарлар сыйланып, бүлдіршіндердің де көңілдері көтерілді.

– Өскемен қаласының байырғы тұрғынымын. Осында туып, өстім. Бұл жолғы Президент сайлауына дауыс беруге келіп көңілім шынымен де көтеріліп қалды. Күнделікті қолданатын азық-түлік тауарлары мен шұжықтардың бағалары көңілге қонымды екен. Қолөнер бұйымдарын да саудалап жатыр. Бұл жерге түрлі тоқыма өнімдерін ұсынатын әжелерді де отырғызып қойса артық болмас еді. Бұрынғы кезде осындай сайлауға келгенде өзімізді мерекеге келгендей сезінетінбіз. Бүгін де сондай атмосфера сезіледі. Жолдасым екеуіміз дауыс беруге келіп, бір аптаға жететін азық-түлікті әлеуметтік бағада сатып алдық, – дейді Марина Ефименко есімді қала тұрғыны.


Кіреберістен-ақ мерекелік көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірген қала тұрғындары алдағы уақытта әр сайлаудың осындай қалыпта өткенін қалайтындықтарын айтты.

 

 Азамат Темірбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив