KZ
Өскемен
+7°
ясно жел 11 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Манапқазы Қанарбаев: Дауыс беру арқылы болашағымызды айқындадық

25.11.2022, 10:35 510 Ләззат Қанатқызы

Ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагері Манапқазы Қанарбаев саяси науқанға бір кісідей қатысып, өз таңдауын жасаған.

- Жуықта еліміз үшін аса маңызды саяси оқиға – кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Бұл саяси науқанға біздің Тарбағатай ауданының халқы да бір кісідей қатысып, өз таңдауларын жасады. Мен де жерлестерімнің қатарында барып, дауысымды бердім.
Мемлекеттің болашағын қалыптастыратын үлкен саяси іс-шарада ауданымыздың 32 сайлау учаскесі өз деңгейінде жұмыс істеді. Оны әкімдіктің әлеуметтік желі парақшасынан, облыстық мерзімді басылымдардың интернет сайттарынан қарап, көріп отырдық. Учаскелерде сайлау комиссияларының да, тәуелсіз бақылаушылардың да жұмысына қажетті барлық жағдай жасалғандығын да аңғардық. Сайлау рәсіміне ауданымыз жоғары саяси мәдениетпен қатысты.
Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, сайлаушылардың 81,31 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап дауыс берді. Айқын жеңіс. Оған негіз де жоқ емес, себебі Қасым-Жомарт Кемелұлы іс басына келген аз уақытта біршама өзгерістердің бастау алуына ықпал етті, сең жүрді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, қоғамдық пікірді саралап, шешу жолдарын қолға алды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы азаматтық қоғамның жандануына серпін берді. Ең төменгі жалақы жаңа жылдан бастап 70 мың теңгеге өспек. Әлеуметтік салаға айрықша мән беріліп, мұғалім, дәрігер, мәдениет, өнер, спорт және мұрағат қызметкерлерінің жалақылары, студенттердің шәкіртақысы өсті. Зейнетақы қорындағы жинақталған қаржыны пәтер алуға немесе емделуге жұмсауға мүмкіншілік туды.
Қазақ елінің байлығы үркердей топтың қолына шоғырланғаны ашық айтылып, әлеуметтік әділеттілік орнату ісіне жіті назар аударылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің де қарқынды жүргізіліп жатқандығын бәріміз естіп-көріп отырмыз. Мемлекетімізден заңсыз жолмен жылыстатылған миллиардтаған қаражатты қайтару жұмыстары да кезеңкезеңімен іске асуда.
Өзім ауыл шаруашылығы саласында көп жылдар жұмыс істедім. Президенттің «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» дегені көңіліме қонды. Рас, бұл салада ілгерілеу бар, десе де әлі де шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер жоқ емес. Кейінгі уақытта малдың құны түсіп, сұраныс төмендеп кетті. Алыпсатарлар арзан баға ұсынады, өтпегендіктен еріксіз бересің. Малдың терісі, жүні кәдеге жаратылмай тұр. Шикізатты қабылдапөңдейтін шағын кәсіпорындар ашылса дейсің. Келешекте ол да қолға алына жатар деп сенеміз.
«Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылды жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет», – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында. Өте дұрыс пайым. Сонымен қатар Президент аграрлық салаға тек тұтынушылық көзқарас қалыптасқанын, ғылыми бағытта іс-әрекеттің төмендігін де атап айтты. Қазақ халқының түп тамыры – ауыл. Қаланы табиғи таза азықтүлікпен қамтамасыз ететін де – ауыл. Импорттан тәуелсіз болу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуіміз керек қой. Еңбек өнімділігін арттыру да кезек күттірмес мәселе.
Қорыта келгенде, біз дауыс беру арқылы болашағымызды айқындадық, тура жолға бастайтын тұлғамызды таңдадық. Ең бастысы, береке-бірлік керек екендігін көкірек көзі ояу, парасат-пайымы терең жерлестеріміз түсініп отыр. Еліміздің толағай табыстары мен айтулы жетістіктері әлі алда. Оған қол жеткізуге толық мүмкіншілігіміз бар деп есептеймін, - деді ардагер.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив