KZ
Өскемен
+9°
переменная облачность жел 7 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды

19.03.2023, 07:15 458 ALTAINEWS

Бүгін Қазақстан халқы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлайды.

19 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің жетінші сайланған Мәжілісін тарату туралы Жарлық шығарды, деп хабарлайды Altaynews.kz Қазақпарат сайтына сілтеме жасап. 

Айта кетсек, Мәжіліс құрамында 107 депутат бар еді. Ал енді Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын 9 мандат қысқарып, 98 депутат қалады. Олардың өкілеттік мерзімі – бес жыл. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бірмандатты округтерден сайланады. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатысу немесе өзін-өзі ұсыну мүмкіндігін алды.

Мәжіліс сайлауына 7 саяси партия тіркелді, олар – «Қазақстанның Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «AMANAT» партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы, «Respublica» партиясы.

Бүгін 12 млн-ға жуық азамат таңдау жасайды. Алдын ала тұрғылықты жері бойынша 11 970 406 сайлаушы анықталды. Сайлаушылардың ең көбі – 1 177 507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелген.

Ел учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды.

Уақыт белдеуіне байланысты кейбір шет мемлекеттерде дауыс беру бізден ерте басталды. Қазақстандықтар өмір сүретін Еуропа, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Үндістан сынды бірқатар мемлекетте 77 дауыс беру учаскесі ашылған.

Бұл жолы дауыс санау процедурасы ұзаққа созылады. Себебі бюллетеньдер саны әдеттегіден көп. Бірақ, заң бойынша дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс. Дауыстарды санау барлық сайлау учаскелерінде таңғы 8:00-де аяқталады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив