KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 9 м/с, С
448.56 478.03 4.79

Ештеңе мәңгілік емес. Санчес пен Головкин дауының себебі туралы

29.04.2019, 05:46 339

Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1,34 КО) 25 сәуірде күтпеген мәлімдеме жасап, өзін 9 жыл бойы жаттықтырған мексикалық бапкері Абель Санчеспен жұмысын тоқтатқаны туралы жариялады. Бұған дейін көптеген бокс мамандары GGG-ға бапкер ауыстыру туралы ұсыныс білдірсе де, қазақстандық Санчестен бас тартпайтындығын айтқан болатын.

  Абель Санчес кім?

  Абель Санчес 1955 жылы Мексиканың Тихуана қаласында дүниеге келіп, 6 жасында АҚШ-тың  Калифорния штаты Новато қаласына отбасымен бірге көшіп келген.

  Абель 90 жылдары Лупе Акино және Норрис ағайындылар сынды танымал боксшыларды жаттықтырған. Сондай-ақ, бұл күнге дейін жалпы 26 боксшыға тәлім беріп, 20-ға жуық әлем чемпионын дайындап шығарды.

 2000 жылы Абель Санчес Калифорния штатының Big Bear Lake аумағында «The Summit» жаттығу лагерін салды. Ондағы басты мақсаты боксшыларға таудың таза ауасында жаттығу жасауына мүмкіндік жасау болды.

Алайда, бапкердің жаттығу лагеріндегі жұмыстары ұзаққа созылған жоқ. 2001 жылы Абелдің жүрек ауыруына байланысты, жаттығу лагері бос қалды. 2008 жылы боксшы Оскар Дела Хойя филипиндік Мэнни Пакьяоға қарсы жекпе-жегі үшін осы жаттығу лагерін жалға алды.

 Абель Санчестың бапкерлік жұмысына қайта кірісуіне, 2010 жылы маусым айындағы Геннадий Головкинмен кездесуі түрткі болды. Бапкер қазақстандық боксшының талантына тәнті болып, онымен бірге жұмыс істеуге бел шеше кірісті. Сондай-ақ, ол Мурат Гассиев, Денис  Шафиков және Арсен Гуламирян сияқты боксшыларды да жаттықтыра бастады.

  Бапкер мен шәкірті қандай жетістіктерге қол жеткізді?

 Головкин кәсіпқой бокстағы 19 жекпе-жегінен бастап Абель Санчеспен жаттыға бастады. Айналасы бір жыл ішіндегі екі жекпе-жекте олар әлем чемпионы атағын бағындырып үлгерді.

 2010 жылы тамыздың 14 күні «GGG» қарсыласы Милтон Нуньесті бірінші раундта нокаутқа жіберіп, WBA тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атанды. Көп ұзамай, Головкин Қазақстанның Тәуелсіздік күні Астана қаласында WBA әлем чемпионы титулы үшін жұдырықтасып, қарсыласы Нильсон Хулио Тапианы үшінші раундта нокаутқа түсірді.

Жалпы, бапкер мен шәкірт 9 жылдың ішінде 22 жекпе-жекке бірге дайындалып, WBA/IBO/WBC/IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық титулдарын жеңіп алды. Сонымен қатар, Головкин WBA белдігін 20 рет сәтті қорғап, аңыз боксшы Бернард Хопкинстың жетістігін қайталады.

 Бұл жетістіктердің арқасында Геннадий Головкин орта салмақта ең мықты боксшыға айналса, Абель Санчес бокс әлеміндегі ең танымал бапкер ретінде танылды. Олар қатарынан бірнеше жыл үздік боксшы және бапкері марапатына ие болды. 2015 жылы, Абель Санчес Америка бокс журналистері қауымдастығының (BWAA) «Futch-Condon» арнайы сыйлығымен марапатталды. 2017 жылы, WBC ұйымының үздік бапкер белдігін иеленді.

 «Канело»-ның әлегі

 Геннадий Головкинның орта салмақтағы ұзақ жылдарға созылған үстемдігіне ешкім бөгет жасай алмады. Алайда, отандасымызға орта салмақтағы барлық титулды біріктіру үшін тек WBO чемпиондық белдігі қажет болды. Бұл титулдың сол кездегі иегері англиялық Билли Джо Сондерс «GGG»-дан «қашып» жүргенін айта кеткен жөн.

Головкин орта салмақты толықтай бағындыру үшін көп уақытын жоғалтып алды. Бұл оның жасының өтуіне және өзін шыңдауына кері әсерін тигізді. Себебі, орта салмақта «GGG»-ға қарсы тұра алатын боксшылар қалмай, ешқайсысы оның ауыр соққыларына шыдас бермеді. Мұндай жеңістер сериясы және уақытынан бұрын аяқталған жекпе-жектер боксшының өзін шыңдауына, ары қарай біліктілігін арттыруына кедергі болды. Бұған дәлел, Головкинның америкалық Дэниел Джейкобсқа қарсы жекпе-жегі.

 2017 жыл «GGG» үшін ең табысты әрі ең ауыр жыл болды деп айтуға болады. Табысты дейтініміз, отандасымыз екі үлкен жекпе-жек өткізіп, чемпиондық белдіктерін сәтті қорғап қалды. Ал ауыр дейтініміз, екі жекпе-жекте 12 раундтқа созылып, Головкин кәсіпқой бокстағы ең мықты қарсыластарына жолықты.

 Дэниел Джейкобс «GGG»-мен 12 раунд бокстасқан ең алғашқы қарсылас. Қорытындысында отандасымыз төрешілер шешімімен жеңіске жеткенімен, Головкинның жылдамдығының ақырындағанын және оның ауыр соққыларына шыдай алатын қарсылас бар екенін көрсетті.

 Сол жылы, «Golden Boy» ұзақ уақыттық келіссөздерден кейін «GGG»-мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруға келісті. Бұл жекпе-жекте 12 раундқа созылып, отандасымыз айқын басымдылық танытсада, төрешілер шешімімен тең нәтиже тіркелді.

 Жекпе-жек қорытындысы көп дау туғызды. Бокс жанкүйерлері, бокс сарапшылары және танымал боксшылар қазақстандық боксшының айқын басымдықпен жеңіске жетті деген пікір білдіріп жатты. Алайда, осы екі жекпе-жектен кейін, Головкинге бапкер алмастыру және бокстасу стилін өзгерту керектігі ескертілді.

Көпке созылған дау-дамай, допинг оқиғасы және келіссөздерден кейін, «GGG» VS «Canelo» II қарымта жекпе-жегі 2018 жылы 16 қыркүйекте тағы Лас-Вегас қаласының  T-mobile аренасында өтті. 12 раундтық жұдырықтасудан кейін, төрешілер  Сауль Альваресті жеңіске лайық деп баға берді. Сөйтіп «GGG» кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілістің дәмін татты.

 Айта кеткен жөн, қарымта кездесу Альварестің батыл қимылы және Головкинді тығырыққа тіреуімен ерекшеленді. Бұл жолы біз өзгеше «Канелоға» куә болдық және алғаш рет «GGG»-ның артқа шегінгенін байқадық. Дей тұрғанмен, отандасымыз соққы жасау және белсенділік жағынан бәсеңдеген жоқ. Керісінше көбірек соққысын дәл бағыттап, жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.

 Соңғы кездесуде «Канело» алғашқыға қарағанда техникалық жағынан әлде қайда жақсы өзгеріс жасағанын, ал Головкин әліде бұрынғы қалыптан өзгермегенін байқатты.

 Альварес жас боксшы болғандықтан оған кәсіпқой бокста жетістікке жетуіне мүмкіндіктер көп. Ал «GGG» үшін уақыт алтыннан қымбат. Екі атақты боксшының айқасы «Ғасыр жекпе-жегі» болып, барлық бокс жанкүйерлерін баурады. Алайда, «Golden Boy» мен «Канело» барлық жағынан айласын асырды.

 Ештеңе мәңгілік емес

 Спортта бапкер алмастыру қалыпты жағыдай болып есептеледі. Себебі спортшы әр қашан бір орында тұрып қалмауы керек.

Абель Санчес Головкиннің үлкен табысқа жетуіне көмектесіп, ол өз міндетін адал атқарды. «GGG»-Джейкобс жекпе-жегінен кейін, Санчес бапкер ретінде шәкіртінің кемшіліктерімен жұмыс істеуі керек еді. Ал «Канело»-мен бірінші кездесуден кейін де, Головкинге басқа тактика ұсыну шарт болған.

Қарымта алдында, «GGG» командасы допинг дауы, сыйақы және IBF белдігі турасындағы істермен айналысты. Қомақты сыйақыға кенелгенімен, олар таңдау бар бола тұра, тағыда Лас Вегас қаласында жұдырықтасуға келісім беріп қойды. Бұл дегеніңіз өзін «жарға итерумен» барабар.

 Команданың қателігі жеңіліске әкеліп соқты. Енді үшінші жекпе-жек Головкинға тек ақша үшін болмаса, тағыда «Golden Boy» мен «Канело»-ға пайда әкелері даусыз. Себебі, «GGG»-ның оларға сыйақы және жекпе-жек орыны туралы шарт қоюға мүмкіндігі жоқ. Тіпті, олар үшінші жекпе-жек өткізуге келісім бермеседе өздері біледі.

 Осы жылдың 25 сәуірінде Геннадий Головкин Абель Санчеспен жұмысын тоқтатқаны туралы мәлімдеп, оның кәсіби қабілетіне жоғары баға бере отырып, алғысын айтты. Алайда, Абель сол күні ақ бұл шешімнің ақшаға байланысты екенін жайып салды.

Әрине, еш нәрсе мәңгілік емес... Кәсіпқой бокс -  бизнес болғандықтан, бапкердің алмасуы қалыпты құбылыс. Головкин кәсіпқой мансабындағы соңғы жылдарында есте қаларлықтай жекпе-жек өткізгісі келсе, оған адам танымастай өзгерістер ауадай қажет.  

Мұхтар Қалимоллаұлы. ҚазАқпарат ХАА

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив