Өскемен
-15°
туман ветер 1 м/с, С
459.92 501.31 6.62

Дарынды жас спортшылар өзімізде неге тәрбиеленбейді?

16.03.2022, 18:01 25 0 Мадина Амангелдіқызы
Өңірде болашақ чемпиондарды тәрбиелеу және оларға спорттық өсу үшін барлық жағдайды жасау жолға қойылған. Естеріңізде болса, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Президент балаларды бұқаралық спорт түрлеріне белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және "балалар клубтарының"қызметін жандандыру міндетін қойғаны белгілі. Аталған міндеттер облысымызда қаншалықты нәтижелі іске асуда? Болашақ чемпиондарды тәрбиелей алып жатырмыз ба? Осы мәселелер аймақ басшысының қатысуымен жақында өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс он үшінші сессияда көтерілді.

Кемшілік көп, шешудің жолдары қандай?

Биылғы Бейжің Олимпиадасы өкінішке орай, отандық спорт жүйесінің бірқатар кемшіліктерін ашты. Қазақстан құрамасы сәтсіздігінің басты себептерін сарапшылар білікті жаттықтырушылар санының жеткіліксіздігінен, заманауи спорт инфрақұрылымдарының жоқтығынан, сондай-ақ спорт мәдениетінің нашар дамуынан деп атап көрсетті.
Айта кетейік, аталған проблемаларды жергілікті деңгейде шешу үшін өңір басшылығы бірнеше жыл қатарынан айтарлықтай жұмыс істеп келеді. Нақтырақ айтсақ, спорт кешендері тұрғызылып, жергілікті бюджет қаражаты есебінен спорт мектептерін қаржыландыру ішінара қамтамасыз етілуде және спортшыларға тиісінше жағдай жасалуда.
Сессияда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаевтың келтірген деректері бойынша бүгінгі таңда облыс халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 40 пайызды құрайды. Өткен жылдың өзінде ғана өңірдің қалалары мен ауылдарында 13 спорт нысаны, 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және екі спорт модулі пайдалануға берілген.
Алайда,  бір қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай атқарылып жатқандай көрінгенімен, іс жүзінде жіберілген өрескел қателіктер де жоқ емес. Соңғы уақытта құрылысқа жауапкершілік алған мердігерлердің өз міндеттемелерін жауапсыздықпен орындауы әдеттегі құбылысқа айналғандай.
Бұған Үржар ауданында аумақты дамыту аясында салынған екі спорт нысаны нақты мысал бола алады. Белгілі болғандай, жоба бойынша барлық халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс Үржар ауылындағы жүзу бассейні мен Мақаншы ауылындағы спорт модулін салу барысында мердігерлер көптеген кемшіліктерге жол берген. Соның кесірінен екі нысанды да бүгінгі таңда мақсатына сай пайдалану мүмкін болмай, қаңырап бос тұр. Ал депутаттар нысан қабылданбай жатыр деп дабыл қағуда.
Сессияда осы мәселеге арнайы тоқталған облыс әкімі ең алдымен мердігерлердің немқұрайлылығына уақытында бақылау жасамаған жергілікті депутаттардың жұмысын сынға алып, халық қалаулыларына осы нысандарды салу кезінде жіберілген ақауларды тездетіп жоюды жіті бақылауға алуды тапсырды.

– Сіздер мұнда сессияда Үржар ауданындағы құрылыстар қашан іске қосылады, неге қабылданбайды деп мәселе көтересіздер. Ал өздеріңіз неге депутат ретінде көре тұра кемшіліктерге жол бермеуге тырыспадыңыздар? Сіздер де сол аудан тұрғынысыздар, үнемі құрылыстың жанында жүресіздер. Сондықтан, мәселе ортақ, бірігіп шешу керек. Қажет болса, комиссия, бақылаушы жұмыс тобын құрыңыздар, тексеріңіздер. Кешіріңіздер, біз  анықталған кемшіліктер жойылмай тұрып, мердігерлердің мүддесі үшін бұл спорт нысандарын қабылдай алмаймыз. Бір айдан соң құрылыс басына сіздерді ертіп тиісті сала мамандары барады, сол кезде бәрі белгілі болады, – деді облыс басшысы.  

Дарынды спортшылар өзімізде даярлануы тиіс

Сонымен қатар Даниал Ахметов өткен Олимпиада жаттықтырушылар құрамын дайындауға және ел құрамасының бірінші құрамының спортшыларын тәрбиелеуге нақты көңіл бөлуді әйгілегенін атап көрсетті.

– Маңызды жарыстарға қатысуға шетелдік спортшыларды көптеп тарта беру дұрыс емес әрі олардың жеңіс тұғырынан көрініп жатқандары шамалы. Егер жеңіп келсе, бір сәрі. Мәселен, хоккейден ұлттық құраманың бірінші құрамының жетпіс пайызына дейін сырттан спортшылар тартылады. Неге өзімізден дайындамасқа? Жеті жыл ішінде мемлекет спортты дамытуға жеті миллиардтан астам теңге бағыттады. Нәтижесі қайда? Біз олимпиадашыларымызды өзіміз өсіріп, олар өз тәжірибесін өскелең ұрпаққа бере отырып, өздерінің спорттық мансабын туған өңірінде жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Өкінішке орай, айтарлықтай нәтиже көріп отырған жоқпыз. Содан соң балалардың, жас жеткіншектердің жетістігін алға тартып, мақтана беруді қойыңыздар. Бұл жерде ересектер құрамасының нәтижесі, олимпиадашылар жайы сөз болып жатыр. Бұл айтылғандар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмысына тікелей қатысты, басшысы тыңдап отырса, қорытынды шығаруы тиіс. Депутаттар, Сіздер алдағы уақытта сала басшылығының бұл мәселеге қатысты жеке есебін тыңдаңыздар, – деді өңір басшысы.

Жиында депутат, қазақ күресінен әлем чемпионы, Семейдегі Көлік колледжінің директоры Айбек Нұғымаров өңірдегі дарынды жас спортшылардың өзімізде қалмай, өзге облыстарға кетіп, сол жақтардың намысын қорғап, атағын шығарып жүргенін, оларды өзімізде қалдыру мәселесін шешу керектігін көтерді. Айтуынша, облыста екі спорт мектеп-интернаты жұмыс істейді, 11-сыныпты бітірген соң талантты жастар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына оқуға кетіп жатыр. 

– Ал Шығыстағы университеттерде де дене шынықтыру және спорт факультеттері бар. Спорт басқармасы, Өскемен мен Семейдегі ЖОО ректорларымен бірге ақылдаса отырып, ең мықты деген спортшыларды өзімізде алып қалудың жолын қарастырсақ, – деді даңқты балуан.

– Шынында да,  мәселе орынды көтеріліп отыр. Бізде болашағынан зор үміт күтетін спортшылар аз емес. Сондықтан, спортқа бейім дарынды талапкерлерді тарту үшін біз жергілікті бюджет есебінен гранттар берейік. Біздің университеттеріміз, спорт базаларымыз, ол жақтардан еш кем емес қой. Облыстық білім басқармасына тапсырма беремін. Тиісті ұсыныстар дайындаңыздар, мен қолдаймын, – деді Даниал Ахметов.

Қаржыландыру неге кешігіп жатыр?

Сессияда халық қалаулылары спорт мекемелерін қаржыландырудың кешіктірілгенін де алға тартты.
Бұған қатысты жауап берген облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаковтың айтуынша, бұл ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап, Қазақстанда балалар спорт секцияларын жан басына қаржыландырудың енгізілуімен байланысты.

– Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тапсырыстың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Негізгі өзгерістер мен толықтырулар жеткізушілерге, сабақтарға тартылатын қызметкерлерге, сабақтарды өткізуге арналған үй-жайларға қойылатын талаптарды күшейтеді, спорт түрлерінің тізбесін кеңейтеді, сондай-ақ ақпараттық жүйені жетілдіруге қатысты болмақ. Одан ары жан басына қаржыландыру үшін облыстың уәкілетті органына да, Мәдениет және спорт министрлігіне де қосымша қаражат бөлуге өтінімдер жіберілді. Жаңа ережелер енгізілгеннен кейін қаржыландыру қайта басталады, – деді Денис Рыпаков.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаевтың айтуынша, 2022 жылға бұл мақсатқа облыс бюджетінен 300 миллион теңге бөлінген, оның басым бөлігі игерілген.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру спорт секциялары тапшылығы проблемасын шешуге және жеке секторды тарту есебінен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға арналған. Мемлекеттік спорттық тапсырыс 4 жастан 17 жасқа дейінгі барлық балаларға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолданылмақ. Бұл ретте мемлекет спорт секцияларына баруға байланысты шығындардың көп бөлігін өз мойнына алады. Ал ата-аналар қызмет жеткізушісін таңдау және оның қызметін бағалау құқығына ие.
Авторлардың пікірінше, бұл жобаның тиімділігі, балалармен жұмыс жасайтын жаттықтырушылар мен мұғалімдер дарынды балаларды тауып, оларды одан әрі күшейтілген жаттығуларға тарта алады. Алайда, мемлекеттің басты міндеті – дені сау, шығармашылық, спортқа бейім ұлт қалыптастыру екені даусыз.

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив