Өскемен
-19°
туман ветер 2 м/с, СЗ
459.92 501.31 6.62

ШҚО-дағы дзюдо федерациясын өңірге танымал кәсіпкерлер басқаратын болды

26.03.2019, 10:23 19 0

Облысымызда дзюдодан балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебі ашылуы мүмкін. Аймақ басшылығы атына бұл жөнінде тиісті ұсыныс жолданып та қойыпты. Өскеменде өткен облыстық дзюдо федерациясының отырысында жапон жекпе-жегі төңірегіндегі осы және басқа да мәселелер сөз болды.


Айта кетер жайт, көптен бері жиналмаған федерация мүшелеріне бұл жолы ұйымның жаңа басшылығы таныстырылды. Атап айтсақ, бұдан былай облыстық дзюдо федерациясын Рустам Закарьянов басқарса, оның орынбасары қызметін Мұхтар Тойбазаров атқармақ. Былайғы жұртқа кәсіпкер ретінде жақсы таныс бұл екі азамат аймақтағы дзюдо күресінің өркендеуіне бұрыннан бері қол ұшын тигізіп келген-ді. Дегенмен, бұған дейін облыста өтетін бірнеше жарысқа қаржылай демеушілік жасаумен ғана шектелген олар енді аталған спорт түрінің бүкіл облыс аумағында кешенді дамуына тікелей жауапты болмақ. Жиында «Казгипроцветмет» ЖШС басшысы Тоқан Шайжүнісов облыстық дзюдо федерациясының құрметті президенті атағына ие болғаны да мәлім болды.


– Дзюдо Шығыс Қазақстандағы ең танымал спорт түріне айналуы тиіс. Бұған мүмкіндік көп. Алайда, қазірде аталмыш жекпе-жек хоккей, футбол, волейбол сияқты спорт түрлерінің тасасында қалып қоюда. Біз осы ахуалды өзгерткіміз келеді. Себебі, бүгінде дзюдо әлемдегі ең танымал, әрі бұқаралық спорт түрінің бірі болып саналады. Тіптен, кейбір елдерде бұл жекпе-жек мектеп бағдарламасына да енгізілген екен. Бұған қоса дзюдо олимпиадалық спорт мәртебесіне ие. Демек, кешенді жұмыс жүргізсек, облыстан талай Олимпиада чемпионы мен жүлдегерін шығаруға болады. Ал ол үшін бізде мамандандырылған спорт мектебінің болуы шарт. Міне, біздің алға қойған ең басты мақсаттарымыздың бірі осы, – дейді облыстық дзюдо федерациясының жаңа вице-президенті Мұхтар Тойбазаров.


Оның айтуынша, көршілес Павлодар облысында дәл осындай спорт мектебі әлдеқашан ашылып қойған. Соның арқасында бір ғана Павлодар облысынан Олимпиада ойындарына бес дзюдошы барған кездер де болыпты.


Жиын барысында, сонымен қатар алдағы уақытта облыста екі жаңа дзюдо мектебі ашылатыны да белгілі болды. Оның бірі облыс орталығында орналаспақ. Сондай-ақ Зайсан, Катонқарағай сияқты шалғайдағы аудандарда дзюдо күресінің дамуына баса назар аударылмақ екен.


– Облыста бұған дейін дзюдодан екі ірі жарыс өткізілетін. Оның бірі Марат Шегеевті еске алуға арналған халықаралық турнир болса, екіншісі Талғат Ақтаев атындағы республикалық мемориал. Енді тағы бір жарыс ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл дода Семейде өтуі мүмкін. Осының бәрін жастар арасында дзюдо күресінің таныламдылығын арттыру мақсатында жасап отырмыз, – дейді федерацияның президенті Рустам Закарьянов.


Кездесу барысында федерация мүшелері, аудандар мен қалалардан келген бапкерлер облыстағы дзюдо спортының проблемаларына қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, жоспарларымен бөлісті.

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив