Өскеменде халықаралық теннис турнирі өтті

Өскеменде жас теннисшілердің халықаралық ITF Juniors J3 Kazzinc Open турнирі өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, турнирдің жекелей және жұптық сынында қазақстандық қыздар үздік өнер көрсетті.
Жекелей жарыстың финалында Сандуғаш Кенжебаева мен ресейлік Елизавета Масная бас жүлдені сарапқа салған.
Масная ақтық сынға дейін қазақстандық апалы-сіңлілі Арыстанбековаларды және Аружан Сағындықованы жарыс жолынан тайдырған болатын. Елизавета мен Аружан арасындағы бәсеке 3 сағат 11 минутқа созылғанын айта кетуміз керек. Ал Сандуғаш Кенжебаева жартылай финалда Дана Байдәулетпен 2 сағат 41 минут бойы шеберлік байқасты.
Финалда отандасымыз ресейлік спортшыдан 6:3, 6:4 есебімен басым түсіп, чемпиондық атақты талассыз жеңіп алды.
Жұптық сынның финалында қазақстандық теннисшілер өзара кім мықтыны анықтады. Доданың бірінші ракеткалары саналған Аружан Сағындықова мен Дана Байдәулет Әсем Шойбек-Стефания Шалахова жұбын 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Бір сөзбен айтқанда, облыс орталығында өткен халықаралық турнирде еліміздің жас теннисшілерінің мерейі үстем болды.