KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

ШҚО-да экология саласындағы парақорлық мәселесі талқыланды

5.12.2022, 16:00 417 Мадина Амангелдіқызы

Сапасыз көмір. Ескі қазандық. Бақылаудың жоқтығы Өскемен шаһарының ауасын әбден ластап болды. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экология  саладағы «бармақ басты, көз қысты» қылмыстары, жемқорлық пен парақорлық экологиялық жағдайдың нашарлауына қалай әсер ететінін анықтау мақсатында осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, бірнеше түйіткілді мәселелерді  анықтады.

Жемқорлық тәуекелдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Amanat» партиясының алаңында өткен  жиында жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бұған дейін ШҚО бойынша экология департаменті басшысы орынбасарының жемқорлық үшін істі болуы - аталмыш саладағы былық-шылықтың бір ғана фактісі.  Бұл орынбасар әрдайым Семей шаһарында жұмыс істеген, іс жүзінде қаланың бас экологы болған. Күдіктіге ҚР Қылмыстық Кодексінің  2,4-тармақтарының 190-бабы 3-бөлігінде қарастырылған экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапқа тартпағаны үшін ақша алды деген айып тағылып, қазір ісі сотта қаралуда.

Өскемен қаласының ластануының екінші бір себебі -  өндіріс технологияларының ескіруі.

- Өскемен жылу электр орталығы  1947 жылы іске қосылған. Жұмыс істеп тұрғанына биыл 75 жыл толған өндірістің техникаларын жаңғырту мүмкін емес. Өйткені орталықтың аумағында  қосымша сүзгі қондырғыларын орнататын жер жоқ,- деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев өз баяндамасында.


Тағы бір мәселе – өңірдің көмірмен жылытуға тәуелділігі. Энергетика басқармасының деректері бойынша Өскемен қаласының жеке және өндірістік секторы жыл сайын 2,2 млн.тонна көмір тұтынады. Ал қолданылатын отынның сапасы төмен. Жергілікті ЖЭО-да бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағында орналасқан "Қаражыра" кен орнының көмірі жағылады. Қауіпті аймақтарда бүгінгі күнге дейін радиациялық фон бар. Өңір халқы Қаражыра көмірінің ерекше майлы иісіне үнемі шағымданып келеді, алайда бағасы төмен және өңірдегі кәсіпорынның монополиялық жағдайына байланысты тұрғындар осы  көмірді пайдалануға мәжбүр. Ең сорақылығы - көмірдің сапасына тиісті бақылаудың жоқтығы. Отынның сапасы ЖЭО-ның өз зертханасында ғана тексеріледі екен. Өздері тексеріп, өздері тұтынып отырғандықтан, бұл жерде шындықтың айтылуы екіталай екені түсінікті. Осыған орай эколог Дәулет Асанов «Водоканал» кәсіпорнының зертханасында көмірдің сапасын тексере алатын заманауи құрылғылардың бар екенін, бірақ оларға қалалық әкімдік ақылы қызметпен айналысуға тыйым салып тастағанын айтты. Алайда қалалық мәслихаттың хатшысы Александр Светаш әкімдік мұндай тыйым салмағанын айтып, наразылық білдірді. Депутаттың сөзіне сенсек, бұл монополияға қарсы ведомствоның бұйрығымен жасалып отыр.

Сыбайлас жемқорлықпен күрескерлер экология департаментінің материалдық-техникалық жарақтандырылуының жеткіліксіздігі де парақорлыққа себепші болуы мүмкін дейді. Талдау көрсеткендей, департаменттегі өлшеу аспаптарының  88% - ы тозып тұр.  Көптеген  құралдар жөндеуді қажет етеді. Жұмыс үшін қажетті құралдар-жабдықтар (компьютерлер, кеңсе техникасы, кабинеттерді жарықтандыру құралдары және т.б.) тапшы, 20 жылдан астам  не ағымдағы, не күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қызметкерлер кабинеттеріне косметикалық жөндеу жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізген. Осы жерде сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің мамандары ол қаражаттардың шығу тегі туралы өте орынды сұрақ туындайтынын айтады.

Облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша жол картасына енгізілген іс-шараларды егжей-тегжейлі талдау олардың бірқатарының формальды сипатқа ие екендігін, қаржылық жағынан қолдау көрсетілмегенін, жекелеген іс-шараларды жүзеге асыру үшін ондаған жылдар мен қомақты қаржы талап етілетінін, ал кейбір тармақтарды орындау мүлдем мүмкін еместігін көрсеткен.

- Мысалы, жеке секторды орталық жылытуға қосу (3-тармақ) 2024 жылға қарай толық аяқталуы тиіс, ал ол жаңа қуатты қазандық салмай мүмкін емес. Өйткені қазірдің өзінде қазандықтың қуаты жетпейтіні байқалады.  Осы тармақ 2020 жылы бекітілген сәттен бастап осы уақытқа дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан оны орындау бойынша ешқандай шаралар қабылданған жоқ, – деп атап өтті Архат Бейсембаев.

Жиын қорытындысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты ұсынымдар енгізіліп, құзырлы орындарға жіберілді.


Автор: Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив