Өскемен
-15°
туман ветер 1 м/с, С
459.92 501.31 6.62

Өркениет көшін өрге сүйреген Өскемен

25.11.2021, 03:19 56 0 Мадина Амангелдіқызы

Биылғы жылдың қоғамдық маңызы бар басты оқиғасы - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Ел үшін көп болғанымен, тарих үшін қас-қағым ғана сәтте Қазақстан ғасырларға пара-пар жолды жүріп өтті деуге болады. Осы уақыт аралығында ұлан-ғайыр істер атқарылды, әлемге танылды, басқа мемлекеттермен тереземіз теңесті, шекарамыз шегенделді. Мұның бәрі Ел тәуелсіздігінің 30 жылында жеткен табыстар.

Жетістіктерге жетудегі маңызды алғышарттардың бірі – қуатты өңірлер, дамыған қалалар. Өндірісін өрлетіп, экономикасы мен руханиятын өркендете отырып, болашаққа нық қадам басқан қалалардың қатарында біздің Өскемен ерекше айшықталып тұрғаны сөзсіз.

Тәуелсіздік алған кезден бері металлургтер қаласы көркейе түсіп, өнеркәсіп қана емес, мәдениет орталығына да айналды. Қазір Өскемен өркендей, өрлеу кезеңінен жаңа заманға қарай қадам басып, кемелденуге бағыт алды.


Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Қаланың дамуындағы маңызды индикатордың бірі – тұрғын үй құрылысы. Өскемен қаласында бүгінгі таңда 350 мыңнан астам адам тұрады. Халық саны үздіксіз өсіп келеді. Сондықтан мұнда әлеуметтік тұрғын үй құрылысы қарқын алып, түрлі бағдарламалар тиімді іске асырылуда.

Қалада 19, 20, 21, 22, 23 секілді бірнеше жаңа шағын аудандар бой көтерді. Кезінде бос жатқан Ертістің сол жақ жағалауы бүгін өзі бір бөлек қала кейіпіне енген. Мұнда маңызды әкімшілік, әлеуметтік ғимараттар пайда болып, жүздеген тұрғын үйлер салынды.

2018 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта Өскемен аумағында 4872 отбасына арналған 58 жаңа көппәтерлі тұрғын үй салынған. 297 жеке тұрғын үй пайдалануға берілген.

Сонымен қатар, "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы бойынша 28-ші тұрғын ауданда 54 үй салынды. Қазір құрылыстың екінші кезегі басталды – бұл тағы 120 үй.

Қазіргі уақытта Сәтпаев даңғылы бойында 12 қабатты төрт үй мен 16 қабатты бес тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының артындағы алаңда да құрылыс белсенді жүргізілуде. Осы тұстағы спорт кешенінің арғы жағынан жаңа аудан салу жоспарда бар.


Көлік инфрақұрылымы саласындағы өзгерістер

Өскеменнің көлік инфрақұрылымы саласында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды. Осы тұста Сәтпаев даңғылын қайта құруға ерекше тоқтауға болады. Даңғыл Самар ауылына апаратын тас жолмен қосылды. Сол маңдағы 19-шы шағын аудан мен Алматы тас жолы арасындағы жаңа жолдың құрылысы да аяқталуға таяп қалды.

Жібек Жолы көшесі, Өскемен-Семей тас жолы, Тоғас көшесі қайта жаңартылып, бұл екі көпірдің арасында сол жақ жағалаудың бойындағы кең көшелердің сапалы желісін құруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Әуезов даңғылы бөлу жолақтарын алып тастау арқылы 8 жолаққа дейін кеңейтілді. Даңғылды қайта құру кезінде Горький көшесінен Нұрмағамбетов көшесіне оң жақ бұрылысқа дейін қосымша жолақ, ал Жеңіс даңғылының қиылысында – оң жақ бұрылыс жайластырылды.

Потанин көшесі де бөлу жолақтарына демонтаж жасау арқылы кеңейтіліп отыр. Сонымен қатар, студенттер қалашығы ауданындағы көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында Серікбаев көшесі де үш жолаққа дейін кеңейтілді.

Жеңіс даңғылына, Бейбітшілік көшесіне, Малдыбаев көшесіне, Шәкәрім даңғылына орташа жөндеу жүргізілді. Жібек жолы көшесін кеңейту бойынша жұмыстар аяқталды.

Лопатино аралы ауданындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпірден Ахмер ауылына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жүргізілуде. Мұнда жарық орнатылып, жол бойында тротуарлар жайластырылады. Көлік жүктемесін азайту үшін он қиылыста оң жақты бұрылыстар жасау қарастырылған.

Автожол шаруашылығын дамыту жөніндегі жоспарларға Есенберлин даңғылынан Жібек Жолы көшесінің қиылысына дейінгі аралықты, VIII жоспарлау ауданында Абай және Шәкәрім даңғылдарының тұстамасындағы көпірлер арасында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу, сондай-ақ, Белинский, Пограничный, Карбышев, Базовая көшелерін, 23-шағын аудандағы, Ахмер ауылындағы, Үлбі кентіндегі жолдарды реконструкциялау кіреді.

Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі артты

Соңғы онжылдықта Өскемен қаласында 16000 жаңа абонент ауыз суға қол жеткізді. Қазіргі уақытта 20, 22, 25, 27 және 28-ші тұрғын аудандарға сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау желілерін жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Солтүстік Атаман су бөгетіне қосылу есебінен Әуежай және КСМ ауданындағы 1800 үйдің тұрғындары сапалы сумен қамтамасыз етілді. Ново-Троицкое ауылының тұрғындары үшін орталықтандырылған су тәулік бойы қол жетімді болды. Сондай-ақ, сумен жабдықтау және су бұрудың ірі жобалары қаланың басқа шағын аудандарында да іске асырылды.

Халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету деңгейін арттыру мақсатында Октябрь су тартқышын қайта құру жобасы аяқталды. Ол 50 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз ете алады.

Қаланың күннен күнге өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жаңа Өскемен су қабылдағышының құрылысы жүргізілуде. Красин кентінің, Меновное және Ахмер ауылдарының сумен жабдықтау желілерін, Меновное ауылының кәріз желілерін және Тракторная көшесіндегі кәріз коллекторын қайта құру жұмыстары жалғастырылады. Сонымен қатар, Прудхоз ауылының сумен жабдықтау желілері қайта құрылады. Бұл 2022 жылға қарай барлық ауылдық елді мекендерге желі тартуға мүмкіндік береді.


Халықтың жаппай демалуы үшін қолайлы жағдай жасалды

Қала тұрғындарын ерекше қуантатын демалыс зоналары - сол жағалаудағы саябақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы ашқан "Нұрлы жол" саябағы және таудағы "Қазақстан" деген жазуы бар алаң. Одан бөлек, соңғы жылдары Қасым Қайсенов пен Жамбыл Жабаев саябақтары да көркейе түсті.

2019 жылы "Самал" табиғи-спорттық паркі пайдалануға берілді. Мұнда серуендеу алаңы, жүгіру және велосипед жолдары, спорт және балаларға арналған ойын алаңдары, жағажай аймағы және тағы басқалар жабдықталған. Кезінде бұл жер бос жатқан арал еді, қазір ол тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Сол жылы тағы бір тамаша демалыс орыны пайда болды, ол – Арбат.

Ал былтыр 19 шағын ауданда жаңа аллея ашылды. Ол жергілікті тұрғындарға бірден ұнады, өйткені мұнда жақсы демалысқа қажеттінің бар – спорт және ойын алаңдары, орындықтар, үстелдер және Oskemen жазуы бар фотозона.

Cонымен қатар, Славский атындағы Ертіс жағалауы, Назарбаев даңғылындағы үш сквер мен жаяу жүргіншілер аймағы, Республика алаңындағы жарық-музыкалық субұрқақ абаттандырылды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 19-шы тұрғын ауданында ерекше екі нысан пайда болады. Оның біреуі - Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі, "Халық қаһарманы" атағының иегері Сағадат Нұрмағамбетов атындағы аллея. Екіншісі - "Тәуелсіздік монументі" мүсіндік композициясы. Бұл монумент Қазақстан тарихының барельефтерін, үш ұлы бидің және мемлекеттің негізін қалаушы екі ханның мүсіндерін қамтиды. Аллея да, монумент те тұрғындардың сүйікті демалыс орындарына айналатынына сенім мол.

Қаланы абаттандырудағы айтулы істер

Өскеменде өмір сүруге жайлы жағдай жасау үшін «Менің аулам» бағдарламасы арқылы абаттандыру жұмыстары іске асырылуда. Аталмыш бағдарламаға 90-нан астам аула енді. Биыл 17 аула абаттандырылады. Тағы 40 аулада балалар ойын алаңы мен спорт кешендері орнатылған.

Ағымдағы жылы аула және аула аралық жолдарды жайластыруға қаражат бөлінген екен. Мониторинг және талдау қорытындысы бойынша жөндеуді қажет 192 учаскеден тізім жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс толық қарқынмен жүріп жатыр.

Сонымен қатар, алдағы екі жылда Новаторов және Қабанбай батыр көшелері, Буров және Мызы көшелері, «Ертіс-Концерт» ауданында аумақты қайта жаңарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.


Қаланы жаңғыртуға бағытталған жобалар

Өскеменде соңғы жылдары қаланы жаңғырту бойынша көптеген жұмыстар атқырылды. Бұл шаралар әлі де жалғасын табуда.

2019 жылдың қараша айында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында "Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешені енгізілген болатын. Осы жылдың 1 қарашасындағы мәліметтерге сәйкес,      "Сергек " 295 970 жол-қауіпсіздік ережелерін бұзушылықты тіркеді. Сонымен қатар, бұл жүйе ұрлықты ашуға, есірткі заттарын сақтауға, бұзақылық пен басқа да құқық бұзушылықтарға көмектеседі.

Қалалық қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі енгізіліп, белсенді қолданылып келеді. Жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырылды. Енді жолаушылар жол ақысын Oskemencard картасымен төлей алады.

ШҚО әкімдігі Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен бірлесіп, қалада іске асырылып жатқан төрт жоба бойынша кредиттік шарттар жасасты. Олар - сумен жабдықтау және су бұру, көшені жарықтандыру, жылумен жабдықтау жүйелерін, сондай-ақ, ҚТҚ басқару жүйесін жаңғырту.

Көше жарығын жаңғырту бойынша 12 мыңнан астам шамды энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыру жоспарланған. Қазір жалпы жұмыс көлемінің жартысынан астамы орындалыпты. 2021 жылдың соңына қарай көшелерді жарықтандыру жүйелерін диспетчерлеу бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталады.

ҚТҚ басқару жүйесін жаңғырту, бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу мақсатында "Оператор РОП" ЖШС-мен бірлесіп, алты қоқыс тасығыш, 1200-ден астам контейнер жеткізілді. Олар қала ішінде орнатылып, өз функцияларын атқарып тұр.

Қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желісіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мен құрылыстар салынып жатыр.


Жаңа медициналық нысандар бой көтерді

Тәуелсіздік жылдарында Өскеменде 15 жаңа медициналық нысан салынған. Олардың қатарында барлық облысқа қызмет көрсететін Қан орталығы, Ана мен бала орталығы, оңалту орталығы, заманауи пульмонологиялық орталық бар.

Келер жылы Қазақстанда теңдесі жоқ жаңа гематология орталық қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Онда жоба жасушалық және гендік-инженерлік технологияларды пайдалана отырып, ең жаңа бірегей жабдықты орнату көзделген.

Қалада медициналық қызметтердің сапасы жағынан да кең қадам жасалды. Медицина мекемелері заманауи аппараттармен жабдықталуда. Бес жылдан бері өскемендік дәрігерлер Еуропаның ауруханаларында білімдерін шыңдап, біліктіліктерін арттырып келеді.


Білім саласы ерекше назарда

Өскеменде соңғы уақытта жыл сайын жаңа мектеп немесе балабақша ғимаратын ашу үйреншікті үрдіске айналып отыр. Білім беру ғимараттарын жаңарту жағынан да айтарлықтай көп жұмыс атқарылды.

Мысалы, былтыр 42 мектеп, 24 балабақша және 21 қосымша білім беру мекемесі жаңартылып, жөнделді. Айта кету керек, бұл нысандардың көпшілігінде 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген.

"Менің мектебім" кең ауқымды жобасы сәтті жүзеге асырылды, оның шеңберінде мектептерде жаратылыстану ғылымдары мен робототехниканың заманауи кабинеттері ашылып отыр.

2019 жылы облыс орталығында 440 орындық төрт мектепке дейінгі ұйым ашылған. Олардың ішінде "Ғажайыптар әлемі" балабақшасын ерекше атап өтуге болады. Бұл балабақшада аутистік спектрі бұзылған балалардың әлеуметтік, коммуникативтік және тұрмыстық дағдыларын түзетуге, сондай-ақ, балаларды мектептердегі инклюзивті сыныптарда оқуын жалғастыруға дайындайды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаланың барлық мектептерінде асханаларды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Іске асырылған негізгі жобалардың бірі - Жас техник станциясын қайта жаңарту.

Сондай-ақ, өткен жылы 19 балалар жасөспірімдер клубы жаңғыртылды. Компьютерлер, ноутбуктер, жиһаз, проектор, музыкалық аппаратура, спорттық құрал-жабдықтар, робототехника кабинетіне арналған жабдық сатып алынды. Жаңғырту мектеп жасындағы балалардың дарындарын дамытуға, олардың зияткерлік және физикалық даму деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекті төмендету үшін 897 орындық төрт балабақша ашылды. Жыл соңына дейін Сәтпаев даңғылы мен Есенберлин көшесіндегі "Ertis City" тұрғын үй кешенінде 450 орындық тағы үш балабақша ашу жоспарлануда.


Спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған

Спорт - барша елдің әлемдік аренадағы беделіне үлкен әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Дамыған елдер осы бағытта көңіл бөліп, спортшылардың әлемдік бәсекелердегі жетістіктеріне ғана емес, бұқара халықтың дене шынықтыру саласына да ден қояды. Қаламызда спорт үшін жасалып жатқан істер спортшыларымыздың болашақ жеңістерінің және өскемендіктердің салауатты өмір салтына бет алуының басты негізі болып табылады.

Мысалы, Сәтпаев даңғылының бойында ірі спорт кешені бой көтерді: Рыпакова манежі, орталық бассейн, Жекпе-жек сарайы, спорттық мектеп-интернат. Қазір тенис орталығының құрылысы жүргізілуде.

Қалада қысқы спорт түрлеріне арналға екі мұз айдыны бар. Бірқатар маңызды спорттық нысандар жаңартылып, жөндеуден өтті: Борис Александров атындағы спорт сарайы, Стахановская көшесіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Алтай» және «Восток» спорт стадиондары.

Аблакетка, Защита, Жібек маталар комбинаты, Меновное ықшам аудандарында StreetWorkout алаңы ашылып, қала ішінде жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын веложол салынды. Алдыңғы жылы Самал табиғи-спорттық паркі пайдалануға берілді.Мұнда серуендеу аймағы, жүгіру және велосипед жолдары, спорт және балалар ойын алаңдары, жағажай аймағы, тамақтану пункттері, үлкен автотұрақ ұйымдастырылған. Ал биыл BMX кәсіби велотрегі жасақталды.

Қаламызда бұқаралық спортты дамыту да қолға алынған. Оны жүзеге асыру үшін «AulaFit» бағдарламасы іске қосылды. Бұл ерекше бағдарлама спортпен шұғылдануды қолжетімді етеді. Тұрғындар тәжірибелі жаттықтырушылардың нұсқаулығымен өз аулаларында спортпен айналыса алады. Ондағы спорт түрлері - волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, жалпы дене шынықтыру және т.б. Қалада мұндай жаттығулар 10 спорт алаңында өткізіледі.

 

Көріп отырғанымыздай, Өскеменнің Тәуелсіздік жылдарында үлкен еңбекпен келген жетістіктері оның тұрғындарына болашаққа сеніммен қарауға, алға жаңа мақсаттар қойып, ілгері жылжуға жол ашып отыр. Қаламыздың әлеуетін одан әрі арттыру бағытында бізді жігерлерлендіріп үлкен жауапкершілікке жетелейді. Болашақта бағындырған белестер мен қол жеткізген жетістіктер еселей берсін деп тілейік.

 

 

 

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив