KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
448.15 483.46 4.86

«Жұқпалы ауруларымен күресуге үнемі дайын болдық». Сәуле Есенгелдіқызы санитарлық-эпидемиялогиялық қызмет туралы

5.11.2021, 16:57 241

Медицина жер бетіндегі ең көп таралған ғылым ретінде, өзектілігін жоғалтпайды, адамзат әрқашан өз өмірі мен денсаулығы үшін күреседі. Мұны бізге пандемия тағы бір рет көрсетті және пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті.

Сәуле Есенгелдіқызы Слямғазина - осы салада ширек ғасырдан астам тәжірибесі бар облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары. Сауле Слямғазина санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласының тәуелсіздік жылдарындағы қызметі, соңғы жылдағы коронавирустық пандемиямен күресудің ерекшеліктері мен COVID-19-ға қарсы вакцинацияның пайдасы туралы айтып берді.

 

– Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында жұмыс істегеніңізге бүгінде қанша уақыт болды?

– 1993 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтында «медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша жоғары арнайы медициналық білім алып, қазіргі қызметіме дейін Мақаншы, Үржар, Жарма аудандарына жұмыс істедім. Биыл кәсіби еңбек жолыма 28 жыл толады.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, профилактикалық медицинаны дамыту, бастапқы медико-санитарлық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және олардың орындалуын бақылау бағытында кешенді шаралар қолға алынды.

 

– Жалпы қандай қауіпті дерт түрлерімен жұмыс істедіңіздер? Біздің өңірде ең көп бас көрсететін қандай қауіпті инфекция түрлері бар?

– Сібір жарасы, дифтерия, қызылша індеттерімен бетпе-бет кездескен кездер болды. Алдын алу шаралары ұйымдастырылып, індеттердің халық арасына таралуына жол бермеуге тырыстық. Шығыс Қазақстан аумағында кене энцефалиті, бруцеллез, дизентерия, салмонеллез, вирусты А гепатиті сияқты жұқпалы және паразитарлы аурулар жиі тіркеледі.

 

– Өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі бір жарым жыл бұрын келген жаңа коронавирустық пандемияған қаншалықты дайын болды?

– Негізі біздің қызмет жұқпалы ауруларымен күресуге үнемі дайын болды. Өйткені, арамызда арнайы медициналық білімі бар эпидемиологтар, санитарлық дәрігерлер, вирусологтар, бактериолог дәрігерлер әлі де бар. Сондай-ақ, нормативтік құжаттар, санитарлық ережелер, бір сөзбен айтқанда, бізде бірізделген жүйе қалыптасқан. Дей тұрғанмен, пандемиямен бетпе-бет кездескен кезде «әскер» қатарының аз екені білініп қалды. Өйткені міндетіміз еселеніп, мойнымызға шамадан тыс жүк артылды. Науқастар саны сағат сайын көбейіп, көмек көрсету, індеттің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру, қадағалау, бақылау жұмыстарын жүргізу біздің міндетіміз болды. Жаңа індет, жаңа ауру, онымен күресетін алгортим болғанымен, кейбір ерекшеліктер ескерілген жоқ. Сыры белгісіз жаңа індетті ауыздықтауда тәжрибеміз аз болғандықтан, қиындық туғызған жағдайлар болды. Сол себептен медицина және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күні-түні жұмыс істеп, арасында мамандардың өздері де вирусты жұқтырған жағдайлар болды. Осылайша, осыған дейін еңбегі еленбей келе жатқан санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қаншалықты маңызды екені бірден білінді.

Пандемияға дейін біз тіркеу кезінде облыстың шектеулі аумағында аса қауіпті инфекциялардың (сібір жарасы, туляремия, дифтерия және басқалары) сирек ошақтарын оқшаулау және жою бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды толық көлемде жүргізетінбіз. 2020 жылы облыстың барлық аумағында КВИ ошақтары бір мезетте пайда болған коронавирустық инфекция пандемиясы басталғанда температураны өлшеуге арналған пирометрлермен, медицина қызметкерлері мен санитариялық қызмет қызметкерлерінің жеке қорғаныш құралдарымен (ЖҚҚ), стационарларды инфекциялық төсектерімен, ӨЖЖ аппараттарымен жабдықтау бойынша қиындықтар туындағаны рас.

Осы жерде айта кету керек, Елордадағы біздің қызметті тікелей қадағалайтын және жұмысымызды үйлестіруші Комитет аудандағы, қаладағы халықпен тікелей жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлерге материалдық көмек беріп, жұмыс істеуге барынша жағдай жасады. Мысалы, былтыр тамыз айында Комитеттің орталықтандырылған сатып алу қызметі негізінде Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне, оның ішінде 10 ауданға су жаңа 10 ВАЗ-2121 «Нива» қызметтік көліктері берілді. Қауіпті індетті ауыздықтауда күні-түні алыс-жақын жолға шығып, барынша уақыт ұтуға тырысатын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары үшін жол талғамайтын көліктер үлкен көмек болды.

 

– Халық қаншалықты заң талаптарын орындайды?

– Негізі, пандемия басталғалы бері түрлі шектеулер енгізіліп, өмір сүру форматы өзгерді. Халық наразы болғанымен, көбінесе заң талаптарын орындап келеді. Бұзушылықтар жоқ емес. Себебі бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілік сезімінің жоғары болуы бізде тәртіптің бар екенін дәлелдеп келеді.

 

– Бүкіл халықтың жаңа вирусқа қарсы тұра алатындай иммунитетін қалыптастыру үшін тұрғындардың қанша пайызы екпе алуы қажет?

– Жалпы, жұқпалы аурулардың алдын алу, олардың санын азайту, халық арасында таралудың, аурущаңдықтың деңгейін төмендетудің ең тиімді әдісі – вакцинация. Вакцинация арқылы адамзат шешек, вирусты полимелит ауруларын мүлдем жойды. Сондай-ақ, екпе арқылы көкжөтел, қызылша, дифтерия, туберкулез, сіріспе сияқты жұқпалы аурулардың саны азайды. Вакцина арқылы адам ағзасында жұқпалы аурудың қоздырғышымен күресетін иммунитет қалыптасып, адам сол жұқпамен мүлдем ауырмайды немесе ауырғанның өзінде жеңіл түрде өтеді.


– Бұрынғы өмір салтына қашан ораламыз? Өз болжамдарыңызбен бөліссеңіз...

– Қоғам – бұл популяция. Біз әрқайсысымыз индивид болғанымызбен, барлығымыз бір популяциямыз. Адамның жеке иммунитеті болуы керек және популяцияның иммунитеті болуы керек. Осы жерде «ұжымдық иммунитет» түсінігі қалыптасады. Жалпы, халықтың 60 пайызында коронавирустық инфекцияға қарсы иммунитет болған жағдайда, ауру таралуы барынша азаяды, аурушаңдық төмендейді. Сол кезде ғана біз бетпердені шешіп, қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі бар.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды, оның ішінде медицина мен санитарлық-эпидемиологиялық саладағы әріптестерімді осы жылғы ерекше мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің арқасында іске асып жатқан игі шаралар көп. Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы, келешегіміз кемел болсын, Қазақ елі! Баршаңызға қажымас күш, күш, мықты денсаулық тілеймін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив