Тәуелсіздікке – 30 жыл. ХХІ ғасырдағы маңызды манифест

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы IV ядролық қауіпсіздік жөніндегі самитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесті Қазақстан жастары арасында үлкен қолдауға ие. Аталған бағдарламалық құжатты Елбасымыз жаһан талқысына ұсынып қана қоймай, оны іске асырудың айқын жолдарын да айтып өткен болатын. Оның: «ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! Бұл – шетін мәселе. Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар» деуі сөзсіз орынды. Бұл манифестің барша адамзат тағдырына қатысты маңызды құжат екендігін аңғартса керек.
«Әлем. XXІ ғасыр» бейбітшілік манифестің маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде. Елбасының бейбіт бастамасы әлемдік деңгейде жоғары бағаланып отыр. Бұл өзекті мәселе түрлі халықаралық мінберлерде қызу талқыланып, дүние жүзіндегі барлық тұрғының тарапынан да қолдау тапты. Нәтижесінде, манифест БҰҰ Бас ассамблеясы мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Осы ретте ұйымның Бас хатшысы Антониу Гуттериштің де Қазақстанға ерекше ықыласы бар екенін атап өткіміз келеді. Содан бері ол еліміздің бастамаларын тұрақты қолдап келеді. Әлемдік қауымдастыққа мәлімдеме жасап, жаһандық қарусыздануға шақырған бас хатшы Қазақстанның 1990 жылдардан бері ұстанып келе жатқан саясаты мен ұстанымы оң екендігін тағы бір дәлелдеді. Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылыққа ұмтылып, ядролық қарусыз әлем құрудағы белсенді бастамашылдығы әлем назарынан тыс қалған емес. 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан 64/35 қарарын қабылдап, 29 желтоқсанды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні етіп жариялады. Қарар Қазақстанның бастамасымен қабылдағаны баршаға мәлім. Еліміз бұл күнді бекер таңдаған жоқ. Өйткені 1991 жылдың дәл осы күні Семей ядролық полигоны жабылған болатын. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес секілді өзекті мәселелерді күн тәртібіне енгізуі еліміздің ширек ғасырдан астам уақыт бұрын айқындалған ұстанымдарынан еш айнымағанын тағы бір айғақтады. Осы себепті, Вашингтон да Елбасының жаһандық бейбітшілікті көздейтін бастамаларына құрмет танытып, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қадамдарына үлкен сеніммен қарап келеді. Халықаралық қауымдастық пен АҚШ секілді әлемдегі ең қуатты елдердің Астананың қауіпсіздік пен тұрақтылық бойынша бастамаларын қолдауы еліміздің бейбітшілік флагманы ретіндегі рөлін нақтылай түседі.
Елбасы манифесінің тиімді жақтарын саралаған саясаттанушы Расул Жұмалы: «Әлем. XXI ғасыр» манифесін халықаралық қауіпсіздік, тұрақтылықты сақтауға қажеті бар құжат ретінде қабылдаймын. Елбасы манифесінде дүниежүзілік қоғамды жалпы әлемдік проблемалар мен қауіп-қатерлерді шешуге барынша күш салуға шақырады. Әлем жұртшылығының алдында Қазақстан тұңғыш Президентінің осындай бастама жасағаны қуантады. Себебі, бұл – қазіргі кездегі халықаралық қатынастардағы өзекті тақырыптардың бірі. Бірқатар мемлекеттер заңды, заңсыз түрде жартылай қырып жою қаруына иелік етіп отырғаны шындық. Мұның өзі соғыс өртінің өршуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан бастаманың көтерілуі дұрыс деп ойлаймын, – деп манифестің маңыздылығына тоқталып өтті.
Жаһандық қарусыздандыру мәселелері барлық адамзат үшін ерекше өзектілікке ие. Манифестің Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануының хабаршысы болуы ерекше мәнді. Біздің еліміз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға жауапты 15 негізгі мемлекеттің қатарына кірді. Соғыссыз және халықаралық ядролық бақылаусыз бейбіт өмірді қолдаған Елбасымыз – ядролық қаруды таратпау мәселесінде дара көшбасшылардың бірі саналды. Бұл әлемдік қоғамның Қазақстан тұңғыш Президентінің жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан жеке үлесі мен күшін жоғары деңгейде мойындауының белгісі деп айтуға толық негіз бар.
Біз ядролық қарусыз әлем қауіпсіздігін ілгерілету жөнінде «Болашақ жасар» республикалық жастар газетінің бас редакторы, саясаттанушы Дәурен Бабамұратұлының пікірін білдік. Ол «Бүгінгі таңда әлем үлкен соғыс алдында тұр деген пікір басым. Сол соғысқа дайындық ретінде бірқатар ел ең бірінші ядролық қаруды жасауды мақсат тұтқан. Әлемде аталған қарудың саны көбейген сайын, оны қолдану мүмкіндігі де арта бермек. Сол себепті бүкіл әлем елдері бірауыздан аталған қарудан бас тартқаны жөн. Біздің осылай айтуға моральдық құқымыз бар. Өйткені біз әлемдегі ең үлкен ядролық арсеналдардың бірінен саналы түрде бас тартқан бірден-бір мемлекетпіз» дей келе, ядролық қарудың таралуының қауіп-қатерін тілге тиек етті. Елбасы Н.Назарбаев «жаһандық стратегия соғыстар мен жанжалдар вирустарын жою жөніндегі үйлесімді және жауапкершілікті іс-әрекеттерін айқындауда үш басты қағидатты нақты мазмұндау керектігін» ұсынғаны белгілі. Атап айтар болсақ, Елбасы: «Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Бұған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі кеш болады және жауап беретін адам табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартысты реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек», – деп барша адамзат назарын ғаламдық мәселеге аударды.
Манифестің басты өзегі барлық елге жауапкершілікті сезіне отырып даулы мәселені бейбіт және келісушілік арқылы жүзеге асыру болды. Елбасы әлемдік қауымдастыққа ғылыми нақтыланған түрде аталмыш қауіптен құтылудың жолдарын ұсынып қана қоймай, аталған құжаттың басты тезисі: «соғыс жеңімпаздардың салтанаты емес» екендігін ұғындырды. Қорыта айтқанда, Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» тарихи манифестің маңызы Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамаларының өзектілігін айшықтай түседі. Ал ядролық қарусыздану, әлемдік ареалдар құру, ірі державалардың әскери және экономикалық қарсы тұрушылықтарын болдырмау, халықаралық қарусыздану, әділетті жаһандық бәсекелес-тік – бүкіл адамзаттың алдында тұрған басты міндеттер болып қала бермек.