Қазақстан өз алдына ел болған уақытта Жайық жағасындағы Атырау қаласының атауы «Гурьев» болғаны көпшілікке аян. Бұл атау ілкідегі Ресей ханшайымы Екатерина II жарлығымен қойылған екен. Осылайша, облыс бұрынғы бір саудагер, дәулетті көпестің тегімен аталып келді. Яғни, тәуелсіз елдің үлкен аймағы үшін жат есім. 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы өңірді Атырау деп атау жөнінде қаулы қабылдап, мұнайлы өлкені қазақыландырған еді. Ал тағы бір Батыс аймақтың бір қаласы Ақтау тәуелсіздікке дейін украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко қаласы деп аталған. Ақыры 1991 жылдан бастап теңіз жағасындағы ақ тауға ұқсайтын қала қазақы атауына ие болды. Қазақы қала атауларының тарихын қозғағанда бұл тізімге Ақтөбені де қоспай кетуге болмас. Себебі Ақтөбе қазақы атау болғанымен, 1999 жылға дейін барлық ресми құжаттарда «Актюбинск» болып жазылып жүрді. Дегенмен 1999 жылдың наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала атауының орысша транскрипциясын ауыстырып, Ақтөбе деп өзгерткен еді.
Шағын қалалар да қазақыланды
Енді шағын қала, елді мекендердің жайына көшсек. Қызылорда облысына қарасты, Сырдария өзенінің оң жағалауында тұрған Байқоңыр қаласы 1995 жылға дейін орыс тілінде «Ленинск» аталып келді. 1955 жылы ғарыш айлағы пайда болғаннан кейін шағын қала атауы талай ауысып, тек орыс тіліндегі атаулар қойылып келген. 1995 жылы қалаға ғарыш айлағының атауы беріліп, Байқоңыр болып қазақыланды. Сол секілді Ақмола облысының қазіргі Ақкөл қаласы да 1997 жылға дейін Алексеевка аталып жүрді. 1965 жылдан бері қала статусын алған елді мекен ұзақ уақыттан соң қазақыланды. Тәуелсіздік кезеңінде қазақы атауын алған шағын қалалардың бірі – Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласы. Ертістің оң жағалауында, Павлодар қаласынан оңтүстікке қарай 50 шақырым қашықта орналасқан қала 1993 жылға дейін «Ермак» атауында болды. Шамамен 80 жыл бойы Ермак аталған қалаға бұл атауды ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде дала өлкесі губернаторы берген екен.
Ал жоғарыда айтқан Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Жем қаласы 2000 жылға дейін «Эмба-5» деп оғаш атаумен аталып келген. Қандыағаш қаласынан 97 шақырым жерде орналасқан қаланың іргесі 1960 жылы қаланып, әскери қалашық ретінде танылған. Жем өзенінің бойында орналасқан елді мекенге соңында Жем атауы лайық болып шықты.
Атқарылған іс көп, мәселе әлі де бар
Жалпы алғанда, елімізде 80 мыңға жуық құрамдас бөліктер мен 90 мыңға жуық елді мекен бар. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 3 мыңға жуық елді мекен, 20 мыңға құрамдас бөліктердің атаулары өзгерген. Мұның өзі көп іс атқарылғанын көрсетеді. Дегенмен түйткіл жетерлік. Жат атаулар көп. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атауларының 65 пайызы, Қостанай облысындағы елді мекендердің 60 пайызы, Павлодар облысындағы елді мекендердің 39,3 пайызы әлі Кеңес заманындағы орысша атаулармен аталып жүр. Республика бойынша, соңғы 2 жылда 6 мыңға жуық көше, даңғыл, шағынаудандар мен 200-ден аса елді мекен атаулары қазақыланған. Бұл қарқынмен барлық елді мекен мен көшелерді қазақыландыру үшін бірталай жыл кетпек. Әр өңірде бұл мәселе айтылып-ақ жатыр. Қарағанды қаласындағы көше атаулары бірізге түспей келе жатса, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласының атауын өзгертуді қоғам белсенділері көптен айтып жүр. Одан бөлек, халық аузында келе жатқан түрлі жер-су атаулары да толығымен түзеліп бітпеген.
Аңғарсақ, қазақ жеріндегі қалалардан бастап, шағын елді мекендерге дейін орыс тілінде аталып келгені анық. Тәуелсіздіктің септігі тиіп, оның біразы осы күні қазақыланып отыр. Әйткенмен, мұнымен мәселе бітті деуге келмес. Себебі қазақы атауын қайтаруды қажет етіп тұрған қала мен аудандар әлі де жетерлік. Оның ішінде облыс атаулары бар екені жасырын емес.