Негізі, Конституция туралы сөз еткенде оның ел дамуына тигізетін әсерін ескермеуге болмайды. Елбасы бұл жайлы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын» деп жазды «Қазақстан жолы» атты кітабында. Рас, 1993 жылғы Конституция тәуелсіз елдің даму бағыттарын айқындауға белгілі мөлшерде септескенімен, іс жүзінде Елбасы күткендей құжат бола алмады. Айталық, мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, экономикалық реформаны жүргізіп, елді дағдарыстан шығару, мемлекеттің сыртқы саясатын, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді қалыптастыру фунцияларында олқылықтар болды. Ал іс жүзінде Елбасы Конституцияда осынау төрт негізгі бағыт бойынша барлық мәселені шешуге қауқарлы болатын баптардың болғанын күткен еді. Сондықтан жаңа Конституция қажет болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі оқиғалар жайлы Конституцияның 20 жылдығына арналған жиында сөйлеген сөзінде:
«1995 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігі құрдымға кетудің алдында тұрды деп бүгінде объективті түрде айта аламыз. Мәселе көлденеңінен тұрды: Кеңес Одағы ыдыраған соң мемлекет бола ма, әлде болмай ма?
…Тығырықтан шығудың мен ойлаған жолы, менің айтқан ұсыныстарым сол кездегі парламентте түсіністік таппады. Соңы ушыққан шиеленістерге, азаматтық соғыстарға ұласып жатқан мұндай сценарийлерді ТМД-ның көптеген елдері көз алдымызда бастан кешіп жатты. Әлі бұғанасы қатпаған, көп ұлыстан құралған мемлекетіміз үшін бұған жол беруге болмайтын, өйткені ол апатпен барабар еді. Айналамыздағы елдердің көбінде жаңа мемлекеттілікті құру қайғы-қасіретпен қатарласа жүріп, қантөгіске әкелгенін көріп отырдық. Солардың қасында Қазақстанның жаңа тарихы жаңадан құрылған елдердің көбі үшін маңызды сабақ болмақ» деген еді.
1995 жылы қабылданған Конституция елдің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сыртқы саясатты айқындауға септігін тигізді, сонымен бірге билік тармақтарының құзыретін нақты бөлді де, әр құрылымның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Парламент елдегі реформаларды заңнамалық тұрғыда сүйемелдеуді жеделдетті. Жылына жүздеген заң қабылданып жатты. Әйтпесе, 1994 жылы сайланған Жоғарғы Кеңес бір жылда небәрі 7 заң ғана қабылдаған болатын. Саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістер қарқынды жүріп, қоғам транфсормацияланып жатқанда заң шығарушы органның бұлай баяу қимылдауы реформаларды тежеуі мүмкін еді. Ал реформалар тежелсе, даму да жоқ. Айталық, зейнетақы реформасы, инвестиция тарту, білім жүйесін жетілдіру, медициналық сақтандыру тетіктерін қарастыру, әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін нығайту тәрізді реформалар 1995 жылы қабылданған конституцияның нәтижесінде жүзеге асырылды. Сөйтіп, әу баста «алдымен экономика, содан соң саясат» дейтін ұстанымға сүйенген Қазақстан билігі елді 90-жылдардың дағдарысынан өткізіп, экономикалық даму жолына түсіруге мүмкіндік алды. Елдің даму бағыты айқындалып, болашаққа деген сенім пайда болды. 2008 жылғы және коронавирус пандемиясының кесірінен пайда болған дағдарыс кезінде ел экономикасының тұрақтылығын сақтауға, халықтың әл-ауқатын төмендетпеуге септігі тиген Ұлттық қор да Конституция берген мүмкіндіктер аясында құрылған болатын. Әрине, Ата Заңда әлеуметтік-экономикалық реформалар жайлы бүге-шігесіне дейін жазылған жоқ. Алайда Ұлттық қорды құру, зейнетақы реформасын жүргізу, тегін білім беру мен медициналық қызмет тәрізді көптеген бастама Конституция ережелері негізінде әзірленген нормативтік актілерге сүйене отырып жүзеге асырылды. Сол себепті сарапшылар Қазақстан Конституциясын ел дамуына негіз болған құжат ретінде бағалайды.
Заман талабына сай дамытылды
Әдетте, қарапайым жұрт Конституцияны ешқашан өзгермейтін құжат ретінде бағалап жатады. Алайда іс жүзінде Конституцияның заман талабына сай жетілдіріліп отыратыны бар. Онсыз заманауи сын-қатерлер мен трендтерге ілесу қиын. Әрине, Ата Заңды орынды-орынсыз толықтырып, өзгертуді де ешкім құптамайды. Дегенмен елдің даму деңгейі, демократиялық үрдістердің тереңдеуі ескеріле отырып өзгерістер жасаудың артығы жоқ. Марқұм академик Ғайрат Сапарғалиев бір сұхбатында Конституцияның дамытылуы шешуші рөл атқаратынын айтқан-ды. «Елбасы Конституциямыздың әруақытта да заман талаптарына сай болуы үшін үнемі бақылауда ұстап отырды. Мұның бір көрінісі 1999 жылы жүзеге асты. Президент заңнамаға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жасады. Мұндағы негізгі идея Парламенттің өкілеттілігін кеңейту еді. Парламентке молырақ өкілеттілік беру, құқықтар мен міндеттер жүктеу мақсаты-тын. Себебі заң шығарушы орган ең маңызды орган болып есептеледі. Ол – барлық қоғамдық қатынасты реттейтін күш. Осыған байланысты Парламенттің мәртебесін көтеру мәселесі пісіп-жетіле бастады. Тағы бір рет, 2007 жылдың ақпанында Жарлық шығарып, өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы бастама көтерді. Оған мен де қатыстым. Сөйтіп, айналасы 4-5 айда Конституция жаңа сапаға көтерілді. Бұл өзгерістер негізгі Парламенттің рөлін күшейту, оның ішінде Мәжілістің тұғырын биіктете түсуге бағытталды» деген еді академик Ғ.Сапарғалиев.
Енді салыстырып көрейік, Конституция қабылданған 1995 жылы еліміздегі жалпы ішкі өнім көлемі 20,37 млрд доллар болса, Парламентке қосымша құзыреттер берілген 2007 жылы 104,8 млрд долларға жетті. Бұл дегеніңіз ел экономикасы дағдарыстан толық шығып, халықтың әл-ауқатының жақсарғанын көрсетеді. Мұндай жағдайда қоғамды демократияландыру үрдісін тереңдетуге қадам жасауға болады. Егер халықтың жағдайы нашар, экономика әлсіз кезде саяси реформалар жасалса, демократия охлократияға айналып кетуі әбден мүмкін еді. Сондықтан Қазақстан мұндайға жол бермеудің барлық жолын қарастырды. Сонымен бірге еліміз саяси жүйені жетілдіруді де ұдайы жүргізді. Алғаш рет 1999 жылғы Парламент сайлауында аралас жүйе қолданылса, 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде Парламент Мәжілісінің депутаттары пропорционалды тәсілмен сайланды. Бұл қоғамда белгілі бір стереотиптер негізінде қалыптаса бастаған саяси ұстанымдарды жойды. Партиялардың қызметін күшейтті. Әйтпесе, қазақ қоғамында жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық арқылы түрлі қызметке тағайындалуға немесе заң шығарушы органға депутат ретінде сайлануға мүмкіндік пайда болуы ықтимал еді.
Тағы бір мысал. Конституцияны жетілдіру арқылы Қазақстан 2003 жылдан бері үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын күшейтті. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге келіп жұмыс істеген шетелдік ұйымдарға балама бола алатын қоғамдық бірлестіктердің саны өсті. Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістер қоғамдық институттарды дамытты.
Ең қызығы, сол кездегі шешімдердің нәтижесін жылдар өткен соң беріп жатыр. Үкіметтік емес сектор бүгінде мемлекеттің мықты тірегіне айналып үлгерді. Бір ғана еріктілер қозғалысына қосылушылар санының күрт өсуі былтыр пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде халыққа орасан пайдасын тигізді. Волонтерлердің қызметінен мемлекет те ұтты. Демек, еліміздің басты құжаты тәуелсіздікті нығайтып, мемлекеттің бәсекеге қабілетін арттырудың темірқазығына айналды деген сөз.
Айтпақшы, 2017 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның жаңа бастамаларын құқықтық негізде қолдауға да жол ашқаны бар. Бұл өзгерістер жайлы Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайра Мәми: «Осы орайда Мемлекет басшысының кейбір билік өкілеттіктерін Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлу жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Парламенттің Үкімет қызметіне бақылау өкілеттігі ауқымды түрде күшейтілді. Азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау тетіктері нығайтылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі үшін, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін жетілдіру тұрғысына құқықтық негіздер құрылды. Мемлекеттілік тірегін сақтаудың қосымша тетіктері енгізілді. Қазір ол заңнамадағы елеулі өзгерістермен бекемделіп, тәжірибе жүзінде іске асырылып жатыр» деген еді. Ал Елбасы саясатының арқасында жетілдіріле түскен саяси үрдістер 2019 жылы билік транзитіне ұласты. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған партиялар, бейбіт шерулер туралы заңдар сол саясаттың жемісі. Демек, ел билігінің жылдар өткен сайын демократиялық үрдістерді қоғам мен ұлттың өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып жетілдіруінің де қайнары Ата Заң. Бұл – Қазақстан Конституциясының өміршеңдігінің көрінісі. Әрі Ата Заң азаматтардың игілігі үшін жұмыс істеп тұрғанының, алда да кез келген сынақтан алып шығуға қауқарлы екенінің белгісі.