KZ
Өскемен
+1°
небольшая облачность жел 3 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Шығыстағы ең танымал ғалым әйелдер

8.03.2023, 10:41 3 824 Мадина Амангелдіқызы

 8 наурыз мерекесі қарсаңында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ғылыми саланы дамыту жолында қажырлы еңбек етіп жүрген ғалым әйелдердің тізімін ұсынды.

Шығыстың ғылым саласында қазір 5 әйел аса танымал екен. Олар: Альмира Жылқашинова, Жанна Әубәкірова, Жұлдыз Сағдолдина, Лайла Журерова, Айжан Қартаева, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Альмира Жылқашинова - физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Қазір Альмира Жылқашинова бөгетсіз шағын гидроэлектростанцияның коммерциялық үлгісін жасау үстінде. Ол энергиямен жабдықтау желілеріне қосылмай-ақ шалғайда орналасқан аудандарда қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, ғалым отын элементтері негізінде энергиямен қамтамасыз ету құрылғысын әзірлеп жатыр. Мұндай қондырғылар электр энергиясын өндіруде газды немесе мұнай өнімдерін жақпайды. Олар тек ауа мен сутекті пайдаланады. Одан бөлек, Альмира керамикалық материалдарды жасау бойынша кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс жүргізеді. Олар әскери салада, сарбаздарды жеке қорғау құралдары – бронды элементтер ретінде қолданылады.



 Жанна Әубәкірова - Қазақстанның тарихи демографиясын, демографиялық тәуекелдер мен қатерлерді, әлеуметтік-демографиялық процестерді зерттеу саласындағы маман. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Қазақстан Республикасының демографиялық қауіпсіздік деңгейін бағалаумен айналысуда. Мұны осы Жанна Әубәкірова қолға алған. Демограф-ғалымдар әлеуметтік тәуекелдерді, Қазақстанның қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді зерттеп жатыр.  Аталмыш жоба аясындағы жұмыс үкіметке бірқатар қоғамдық мәселелерді шешуге көмектеседі, мысалы, болашақта қажет болатын мектепке дейінгі мекемелер, мектептер, жұмыс орындарының санын болжауға мүмкіндік береді.


 Жұлдыз Сағдолдина - "Беткі инженерия және трибология" ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, қауымдастырылған профессор.  ШҚУ медициналық материалтану ғылымын да сәтті дамытып отырғаны белгілі. Профессор Жұлдыз Сағдолдина ортопедия мен стоматологияда қолданылатын титан импланттары үшін гидроксиапатитті жабындарды алудың ғылыми-технологиялық негіздерін әзірлеумен айналысады. Оның айтуынша, бұл жабындыны қолданған кезде ағза имплантты жақсырақ қабылдайды. Сондай-ақ ол электрофрикциялық өңдеу әдісімен топырақ өңдеу құралдарының қызмет ету мерзімін ұзартудың қолжетімді, арзан және тиімді технологиясын жасап жатыр.


 Лайла Жүрерова - "Беткі инженерия және трибология" ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері. Оның жобалары электролиттік-плазмалық өңдеу және детонациялық тозаңдандыру технологиясын қолдана отырып, тісті дөңгелектердің тозуы және жылу энергетикалық жабдық элементтерінің жоғары температуралы коррозиясы мәселелерін шешуге бағытталған. Әйел ғалымдардың зерттемелері өнертабысқа және пайдалы модельге берілетін Қазақстан Республикасының патенттерімен қорғалған.

Лайла Жүрерова мен Жұлдыз Сағдолдина бірлесіп энергетика және машина жасау саласында қолданылатын машиналар мен құралдардың бөлшектерін беттік нығайту технологияларын әзірлеуде.


Айжан Қартаева - 20 жылдан астам уақыт бойы Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеумен айналысып келе жатқан профессор. 2005 жылдан бастап оның зерттеулерінің нәтижесінде Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов туралы бірқатар монографиялар жарияланған. Сонымен қатар, профессор осы ұлы тұлғалардың шығармашылығының үйлесімділігі мен байланысын зерттейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив