KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 2 м/с, Ю
443.85 474.3 4.8

Робот хирург – Da Vinchi Xi

9.06.2023, 17:08 3 474 Оразай Жеңісұлы

Заманауи технологиялардың легі медицина саласында да қарқынды дамыған. INTUITIVE компаниясының ұсынған соңғы үлгідегі Da Vinchi Xi роботы хигургтардың жұмысын жеңілдетпек. Бұл робот хирургия саласын жаңа кезеңге шығарады деген болжам жасалуда.
  Адам өмірін сақтап қалуда дәрігерлердің еңбегі орасан екенін білеміз. Алайда кейде адамның мүмкіндіктері шектеулі кездер болатыны да жасырын емес. Әсіресе қателікті кешірмейтін медицина саласында ондай олқылықтарға орын жоқ. Ондайда ғылым мен білім ұштасқан озық технология дәрігердің көмекшісіне айналады. Американың INTUITIVE компаниясы жасаған Da Vinchi Xi роботы – дәл сондай көмекшінің бірі. 
  Da Vinchi Xi роботы – қазіргі таңда медицина саласының технологиялық дамуының жоғарғы сатысы. Хирургтің қолы, көзі һәм құлағына айналатын роботтың ең басты ерекшелігі – асқан дәлдікпен ота жасауында. Ғылымның соңғы жетістіктері топтастырылған құлтемір әлем назарын өзіне аударған. 
  Дәрігердің ең сенімді көмекшісі бола білетін робот үш бөліктен тұрады: хирургтің жұмыс орны, науқастың жатар жері және бағдарламалық бөлім. Дәрігердің консолы хирург үшін барлық жағынан ыңғайлы әрі ықшамды жасалған. Тіпті робот арқылы ота жасайтын әр дәрігердің өзі қалаған баптаулары жеке-жеке сақталады. Операция жасар алдында өзіңізге ыңғайлап жасаған баптауыңызды таңдасаңыз болғаны, ақылды техника лезде қалауыңыз бойынша жұмысқа әзір болады. Хирург ота барысын 3D және HD форматта бақылайды. Видеоның сапасы мен уақытқа үлгеруі еш кешеуілсіз жүзеге асады. 
  Роботтың келесі бөлімі – науқастың жатар орны. Ең алғаш көрген адамның көзіне бірден түсетіні де осы. Бұл бөлім дәрігерлердің сұрауы бойынша арнайы зерттеліп, барынша қолайлы жасалған. Кейде операция барысында науқасты ары-бері қозғап, орнын ауыстыруға тура келеді. Ондай жағдай хирург жұмысына кедергісін келтіретіні ескеріліп, консолға жаңа қызмет енгізілген. Хирург жасалатын ота түрін бір батырма арқылы таңдаса болғаны, робот автоматты түрде науқасты операцияға ыңғайлап жатқызады. Ал роботтың қолдары дәрігердің ешкімге тәуелді болмауын қамтамасыз етеді.
  Ал басқару бөлімінде роботтың жүрегі орналасқан. Операция барысында қызып кетуден сақтау үшін басқа құрылғылардан әдейі бөлек қойылған. Сонымен қатар ота барысында видеокөрініс пен роботтың жұмысы дәлме- дәл сәйкес келуі үшін жүйе ядросы жеке қуат көзіне қосылған. 
  Da Vinchi Xi роботы қазіргі таңда ота жасаудағы ең тиімді көмекшіге айналған. Аталмыш құрылғының мүмкіндіктері адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді. Қазіргі таңда бұл роботтармен әлемнің ірі-ірі ауруханалары жабдықталған. Медицина саласына жаңалық әкелген көмекші құлтемір осы саланың тасын өрге домалатады деген болжам жасалуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив