KZ
Өскемен
-2°
ясно жел 2 м/с, В
448.81 476.82 4.77

Күршімдіктер бассейннің игілігін қашан көреді?

28.10.2022, 09:47 399 Ләззат Қанатқызы

Күршім ауданында жарты миллиард теңгеге салынған бассейнді келесі жылдың жазына дейін іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Бұл туралы аудан әкімі Алмат Ақышев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қаңтар айында Күршім ауданында құны жарты миллиард тұратын бассейн ашылған болатын. Бірақ, өкінішке орай, тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Жылдың аяғында су жаңа спорт нысанының қолданысқа жарамсыз екені анықталды. Тұрғындардың айтуынша, нысан ашылғанда ғана су толтырған. Одан қазіргі күнге дейін қаңырап тұрған нысанның игілігін ешкім көріп отырған жоқ.

- Нысан әлі қолданысқа берілген жоқ, оны барлығы біледі. Қазір қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Іс нысанға қатысы бар лауазымды тұлғалардың үстінен жүргізіліп жатқан шығар, оны нақты айта алмаймын, білмеймін де. Бізге соттың аяқталғанын күтуге де болар еді, бірақ халық бассейннің іске қосылуын күтіп отыр. Сондықтан, облыс әкімінің тапсырмасымен, жұмыстарды бастап кеттік, - дейді Алмат Талғатұлы.

Аты шулы спорт нысанын жөндеу үшін тағы да қанша қаражат қажет екені әзірге белгісіз. Жақында тексеру үшін арнайы мамандар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген көрінеді.

- Біраз мәселелер бар, біз оны шешеміз. Осы жолы арнайы эксперттік ұйым келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қандай құрылғылар мен жұмыстар керек екенін көрсетті. Біз оны сметалық құжаттамаға түсіріп беру үшін келесі ұйымға жібердік. Одан кейін ғана нақты бағасы белгілі болып, шешімдер қабылданады, - дейді аудан әкімі.

Әкімнің айтуынша, нысан орталықтандырылған су жүйесіне қосылыпты. Яғни, бассейнді толтыру бүкіл ауылдың су беру системасына әсер ететіні белгілі. Екіншіден, канализация жұмыстары тағы бар. Осы екі мәселемен қатар, ішіндегі кішігірім жұмыстар шешілсе бассейнді келесі жылдың жазына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ауданға жақында ғана келген жаңа әкім Күршімдегі 200-ге жуық спорт нысанының ешқайсысы ауыз толтырып айтуға жарамайтынын жасырмады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив