KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 1,3 м/с, Ю
441.8 480.02 4.88

Өскеменде Ұлан ауданы өнерпаздарының гала-концерті өтті

6.10.2023, 21:34 268 Ләззат Қанатқызы

Өскемен қаласындағы “Ертіс концерт” үлкен залында Ұлан ауданы өнерпаздарының қатысуымен “Ұланым-мақтанышым” атты гала-концерт өтті.

Шара «Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

- Әр ауданның мәдени күндерін өткізу 9 жылдан кейін қайта жаңғырып жатқанына шын жүректен қуаныштымыз. Бұл - халықты біріктіретін үлкен іс-шара, біз үшін үлкен той. Бүгін керемет көрмемізді халыққа паш етіп, гала-концерт өткізіп жатырмыз. Өскемендік тұрғындарға ауылшаруашылық өнімдерін ұсынамыз. Одан кейін Арбатта түрлі ойындар мен бағдарламалар ұйымдастырылған, - дейді Ұлан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов.

Мәдени күндер аясында жергілікті өнімдердің,қолөнер бұйымдарының, майлы бояумен, түрлі материалдан өрнектеп салынған суреттердің көрмесі де ұйымдастырылыпты. Сол ауданнан шыққан ақын-жазушылардың кітаптары да қаз-қатарынан тізілген.

Келушілер, әсіресе,бағалы тастар қойылған минералдар көрмесі мен аудандық “Балалар шығармашылық үйі” ұстаздарының сурет салу процесін таңдана тамашалап жатты.

- Шығармашылық үйінде 5 бағыт  бойынша 24 үйірме жұмыс істейді. Бүгінгі шараға оқушыларымыздың және олардың жетекшілері жасаған жұмыстарын әкелдік. Қазіргі таңда бізде мықты мамандар жұмыс істейді. Оған дәлел - оқушыларымыз облыстық, республикалық байқауларда жеңіске жетіп, биіктерден көрініп жүр, - дейді “Балалар шығармашылық үйі” директоры Ләйлә Уалшаева.

Залға кірген сәттен-ақ ұлттар достығына куә боласың.Әр келушіні түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімін киген жастар қарсы алып, құрмет көрсетеді. Ал фойеде Ұланнан шыққан ұлы тұлғалар Қасым Қайсеновтың, Зәки Ахметов пен Сәрсен Аманжоловтың кейпіне енген театр актерлары халықпен суретке түсіп жүр.

Ұлан ауданының мәдени күндері 2 күнге созылмақ. Ертең “Fresh Market” сауда орталығында ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив