ШҚО әкімі семейлік ардагерлерді құттықтады

ШҚО әкімі Даниал Ахметов семейлік ардагерлермен кездесті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жеңіс күні қарсаңында өңір басшысы Семей қаласына келіп, соғыс ардагерлерінің үйлерін аралап, мерекемен құттықтады.
Даниал Ахметов бірінші болып Рашида Хасанованы құттықтады. Ол 1932 жылы 14 наурызда дүниеге келген. «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, облыс және қала әкімдерінің грамоталарымен, «КСРО білім беру ісінің үздігі», «Ұлы Отан соғысының ардагері» төсбелгілерімен марапатталған.
Артынша облыс әкімі 97 жастағы соғыс ардагері Матвей Юрченконың үйіне барып, ізгі тілегін білдірді.
Матвей Юрченко 1925 жылы 20 тамызда дүниеге келген. 1943 жылдың 8 наурызында Красноярск өлкесінің Минусинский аудандық әскери комиссариатымен әскер қатарына шақыртылған. 1943-1945 жылдары 229 атқыштар полкі қатарында Екінші Украина майданында шайқасқан. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Бұдан бөлек, ШҚО әкімі Жеңіс күнімен 96 жастағы соғыс ардагері Асқар Рахымбаевтың үйіне барды. Ол 1941 жылы Ақсуат аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақыртылған. 378 әскери бөлімнің қатарында Шығыс майданында шайқасқан. Румынияны, Брашева және Мишельді фашистік Германиядан азат етуге қатысқан. Жауынгерлік ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Мінсіз еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Ардагердің 10 бала, 27 немере, 43 шөбере, 2 шөпшегі бар. Облыс басшысы соғыс ардагерлерін және тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі және бір жарым миллион теңгенің сертификатын, тұрмыстық техника және азық-түлік кәрзеңкесін табыстады.