Семейде қазандықтардың қуатын арттырады

Семейде қазандықтарды қайта құрып, қуатын арттырады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.
Қазандықтағы құрал-жабдықтарды жөндеуден өткізуге ден қоюмен қатар, жүйені жаңғырту да көзделген екен. Бұл қала тұрғындарын өткен жылы орын алған қолайсыздықтардан арылтады деп күтілуде.
- Біз өткен жылу маусымының барлық қателіктерін ескердік, осы жылы қазандықтарды жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Мысалы, Орталық қазандықтың қуаты 200 гигакалрияға дейін артады, сондай-ақ, автомобиль-жегін көлік көпірін қайта құру аясында оның бойымен жылу магистралін жүргізу мәселесін де қарастырмақпыз. «Орталық» қазандығында қуаттылық 70 гигакалорияға жеткіліксіз еді. Мұндағы құрал-жабдықты жөндеу жұмыстары 15 тамызда аяқталып қояды, - дейді облыс әкімі.
Құрылысшылар мен жөндеу жұмыстарын жүргізуші мамандар «РК-3» қазандығына ерекше көңіл бөледі. Бұл қазандық жаңа Қарағайлы ықшам ауданын жылумен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда гигакалорияның жеткіліксіздігін толтырумен қатар қосымша қуатттылығын арттыру да қажет. Сонда ол жаңадан салынып жатқан нысандарға да жеткілікті болмақ.
- Ең бастысы, техникалық және қаржылық шығындарды жоб керек, ал олар өте қомақты, сомасы жылына 1,5 миллиардқа дейін шығады. Жалпы айтқанда, барлық жұмыстар 15 тамызға дейін аяқталсын деген мақсат қойып отырмын, - деді Даниал Ахметов.
Қазандықтарды жөндеу мен қайта құруға 2,6 миллиард тенге бөлінген. Гидравликалық режимді реттеу қажет – бұл таза техникалық мәселе, оған қосымша қаржы бөлінбейді.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Семей қаласының әкіміне жылу жүйелеріне заңсыз қосылып отырған абоненттерді анықтау үшін ауқымды тексеру мен аудит жүргізу бойынша тапсырма берді.