Ертіс өзені жағалауында спорт алаңдары салынбақ - Өскемен

Облыс орталығының әкімі Ертіс өзені жағалауын абаттандыру және жарықтандыру бойынша жұмыстардың жүргізілу барысын тексеріп қайтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған жағалауда биыл бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, қайта жарықтандырылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктерді жаңартылып, абаттандыру жұмыстары мен қоршауларын (балюстрадалар) және амфитеатрды жөндеу жоспарланып отыр.
- Ертіс өзені жағалауын жөндеу үшін арнайы қаржы бөлінді. Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін жағалауда өз кезінде өзекті болған түрлі шағын сәулет нысандары, мүсіндер қойылған болатын. Біз ондай ескі, қазір өзектілігін жоғалтқан дүниелерді алып тастап, толықтай жаңартуды жөн көрдік, - деп түсіндірді шаhар басшысы.
Жағалаудан спортпен айналысып жүрген спортшыларды жиі кездестіруге болады. Солар үшін 2 немесе 3 жерге спорт алаңдары да орнатылып, кеспе тастар ауыстырылмақ.
- Біз бүгін жауапты компаниялар бұл жұмыстарды игере алмай жатқанына көз жеткізіп отырмыз. Себебі жұмыс тағы да белгіленген уақыттан кешігіп жатыр. Демек, жауапты бөлімдердің басшылары мен мердігер компания өз жұмыстарын лайықты түрде атқара алмауда деп есептеймін. Себебі байқау өз уақытымен жарияланып, қаржы жеткілікті түрде бөлінген, - деді Жақсылық Омар.
Аталған жұмыстардың барлығы жоспар бойынша тамыздың аяғына дейін аяқталуы керек.