KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 1 м/с, В
447.4 477.55 4.76

Балабақша кезегі үш жылда жойылады – Өскемен әкімі

16.12.2022, 09:00 475 Мадина Амангелдіқызы

Өскемендегі балабақша кезегі үш жылда толық жойылады. Қала әкімі осылай деді.

Бүгінгі таңда Өскеменнің мектепке дейінгі мекемелеріндегі кезек 4416 орынды құрайды екен. Шаһар басшысы Жақсылық Омардың айтуынша, кезек күту мәселесі екі-үш жыл ішінде шешіледі, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

- Әлеуметтік саланы дамыту - қаладағы өмір сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Осы ретте мектепке дейінгі білім берумен қамту бірінші орынға шығады. Баланы балабақшаға аса қиындықпен орналастырған кездер көбінің есінде шығар. Балабақшада орын жетпей, ата-аналар әр орын үшін таласатын. Қазір бұл мәселе артта қалды десе де болады. Біз Өскеменнің балабақшаларындағы кезекті толықтай жоюға таяп қалдық деп сенімді түрде айта аламыз. Тиімді жұмыстың нәтижесінде бес жыл ішінде кезек 3,5 есеге қысқарды. Әсіресе, соңғы екі жылда біз ерекше табысқа жеттік. Осы уақыт аралығында қаламызда 12 жаңа балабақша ашылды, - дейді Жақсылық Омар.

Айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де белсенді жалғасып жатыр. Қазір 1290 орынға арналған тағы бес балабақшаның құрылысы қарастырылуда: 2 балабақша – 19-шы ықшам ауданында, 1 – ЖМК, 1 – Нұрлы Жол, 1 – Защита ауданында.

- Қаланың оң жақ бөлігінде типтік балабақша ғимараттарын қайтару мәселесі тиімді болып көрінеді. Бұл ғимараттар кезінде басқа қажеттіліктерге берілген еді. Бүгінгі таңда біз аталмыш мәслені қолға алып отырмыз, - дейді әкім.

Жақын арада Челюскин көшесінде жөндеуден өткен балабақша ашылады екен. Сонымен қатар, Протозанов және Космическая көшелеріндегі бұрынғы балабақшалардың жұмысын қайта жандандыру бойынша шаралар да басталып кеткен көрінеді.

- Осы қарқын сақталған жағдайда кезек күту мәселесі екі-үш жыл ішінде толық шешілмек, - деп атап өтті шаһар басшысы.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив