KZ
Өскемен
+3°
дождь жел 2,5 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Саяси нәубет құрбандарын еске алды – Өскемен

31.05.2023, 14:09 189 Оразай Жеңісұлы

Қарт тарихқа құлақ түрсең, қазақ пен қасірет бір ұғым ба деп қамығасың. Қарындастан айырған қаралы көштер «қарлагтарға» ұласқанын ұмыту мүмкін бе. ХХ ғасырдағы саяси нәубет түздің елін топалаң тигендей қырып, рухын тұралатып-ақ тастаған еді. Бүгінде еңсе тіктеген ұрпақ ата-бабасын еске алып, жыл сайын аза тұтады. 31 мамыр – 1920 жылдан басталып, 1987 жылға дейін жалғасқан саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алатын күн. Осы датаға орай бүгін Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» деп аталатын іс-шара өтті.

Іс-шара барысында модератор – қалалық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов «Азалы кітапты» таныстырды. Бұл еңбекте дүрбелең жылдары Шығыс өңірінде жазықсыз жазаға тартылып, кейіннен ақталған төрт мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбанының есімі атап көрсетілген.

Ал Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Маратбек Аханов саяси қуғын-сүргін тақырыбын кеңінен толғап, алаш арыстарының ұлтты ұйыстырудағы ересен еңбегі туралы құнды мағлұмат берді. Іс-шараға келген қала әкімдігінің өкілдері де сөз сөйледі.

– Саяси қуғын-сүргіннің салқыны бір адамға ғана емес, бүкіл елге тиді. Қаншама ұлт өкілі жер аударылды. Солардың көпшілігі қазақ жерін паналады. Бұл – біздің тарихымыз. Өткенін білмеген елдің өркендемейтіні белгілі. Сондықтан бүгінгі датаның маңызы зор. Бүгінгі іс-шара да мәнді, мазмұнды болмақ. Өйткені тарихшылар мен өлкетанушылар ұсынатын мағлұматтар көпжылғы табанды еңбектің жемісі, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.

Жиынға қатысушылар іс-шара соңында тақырыптық көрмені тамашалады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив