KZ
Өскемен
+9°
переменная облачность жел 7 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

KAZ Minerals мамандардың жас буынын тәрбиелейді

16.10.2022, 00:31 304

Өңіріміздегі жұмыспен қамту әлеуеті жоғары алпауыт компаниялардың бірі саналатын KAZ Minerals Тобы соңғы жылдары кеншілердің жас буынын дайындауға көп көңіл бөліп жатқаны белгілі. Бүгінде кәсіпорын жоғары оқу орындары мен колледждердің базасында инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша жастарға білім беріу арқылы, болашақ маман даярлау бағытында арнайы бағдарлама қабылдаған.

Бұл компанияның тау-кен металлургия өнеркәсібі саласында мамандардың жаңа буынын даярлап шығаруға құйған ірі инвестицияларының бірі болып саналады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта бұл дарынды жастарды іздеу мен іріктеудің ең тиімді құралдарының бірі болып келеді.

Жалпы, теория мен тәжірибені ұштастыра отырып білім алу, жас ұрпаққа, әсіресе, ауыл жастары үшін таптырмайтын мүмкіндік екені рас. Қазірде осындай мүмкіндікті өз пайдасына жарата білген ауыл жастары арамызда аз емес. Бұл әсіресе алпауыт компанияның тау-кен компаниялары орналасқан өңірлердегі жастарға тән. Осындай жастардың қатарында Аягөз өңірінің тумалары болып келетін Нұртас Қажиев пен Санжар Жұмашевті айтуға бар. Бүгінде бірі автослесарь, екіншісі эколог мамандықтары бойынша кәсіптік-техникалық білім алып жатқан жастар болашақтарын KAZ Minerals компаниясымен байланыстырмақ.

Қазіргі уақытта Өскемен көпсалалы технология колледжінде білім алып жатқан Нұртас Қажиевтің жасы 15-те. Автослесарь мамандығын алып жатқан ол KAZ Minerals компаниясының білім гранты негізінде оқып жүр.

– Бірінші курста білім алып жатырмын, – дейді Нұртас Қажиев. – Қаржыландыру келісім шарты негізінде оқимын. Аталған компанияның қолдауымен білім алудың бірден-бір артықшылығы - оқудың тегін қаржыландырылуы болып табылады. Тиімді жағы тек осымен ғана түгесіліп қалмайды. Яғни, болашақта тұрақты жұмыспен қамтылудың толық кепілдігі де бар.

Бұл мамандықты алуына себепкер болған әкесі екенін алға тартқан студент, отбасында әкесінің және жақын ағасының осы салада көп жылдар еңбек етіп келе жатқанын атап өтті. Отбасында төрт баланың екіншісі болып келетін Нұртас, алдағы уақытта алып жатқан білімін жоғары біліммен ұштастыруды да ойлайды. Дей тұрғанмен, оның болашақ еншісінде екенін айтқан ол, өз мамандығы бойынша жақсы жетістікке жету үшін әр адамның еңбеккор әрі өз ісінің маманы болу керектігін тілге тиек етті.

Ал Семей Геологиялық барлау колледжінде білім алып жатқан Санжар Жұмашев Аягөз ауданына қарасты Ақтоғай станциясының тумасы болып келеді. Қазіргі уақытта «Табиғи ресурстарды қорғау және ұтымды пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатқан жас болашақта эколог маман болып шықпақ.

– «KAZ Minerals Aktogay» компаниясының «Оқуды қаржыландыру» бағдарламасы бойынша үшжақты келісім-шартқа отырдық. Қазіргі уақытта бірінші курс студенттімін. KAZ Minerals компаниясының білім алудың артықшылығы - тегін оқуым. Яғни, грант иегерімін, жатақхана тегін, ай сайын 37 мың теңге мөлшерінде шәкіртақы төленеді. Алдағы уақытта компания өзіне іс-тәжірибеден өтуге қабылдайды. Ал оқуымды тәмамдаған соң, тағылымдамадан өткізіп, жұмысқа қабылдайды. Колледжден «Эколог және лаборант» біліктіліктерін алып шығамын, – дейді Санжар Жұмашев.

Төрт баланың арасында тәрбиеленген ол кәсіптік білімді жоғары біліммен ұштастыруды ойластыруда. Болашақта өз үлесін жер қойнауындағы қазба байлықтарды игеруге арнауды шешкен ол отбасында кеншілер болмаса да осы мамандықты таңдағанын айтады. Осы мамандықты тандағанына ата-анасы да қарсы болмай, керісінше қолдаған. Жақсы жетістікке жету үшін жалқаулықтан аулақ болып, сапалы білім алуға көп көңіл бөлу керектігін алға тартқан жас өз болашағын аталмыш компаниямен байланыстырады.

Айта кетсек, бүгінгі таңда KAZ Minerals 80-ге жуық студенттің оқуын қаржыландырып отыр. Компания гранттық оқумен қатар, шәкіртақы төлеп, жатақхана шығындарын, сондай-ақ, басқа қаладан келген студенттердің екі жаққа жолақы құнын өтейді. Барлық өндірістік және дипломдық тәжірибені студенттер компанияның өндірістік нысандарында өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін грант иегерімен үш жылға еңбек шарты жасалады.

Сондай-ақ, KAZ Minerals Шығыс Қазақстанда «Супер-колледж» жобасын іске асыруда. Оның аясында Өскемен көпсалалы техникалық колледжінде, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің Жоғары колледжінде және Аягөз политехникалық колледжінде арнайы оқу сыныптарын заманауи жабдықтармен жарақтандырды. Оған қоса, компания Аягөз қаласының политехникалық колледжінің студенттеріне арналған жатақхана құрылысын қаржыландырды, қазірде онда басқа қаладан келген жүзден астам студент тұра алады.

 

 

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив