KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Эрмитаждағы алтынның жартысынан көбі ШҚО жерінен алынған - Әбдеш Төлеубаев, археолог, тарихшы ғалым

21.09.2020, 05:41 243

Сақтан қалған сары алтынның 850 данасы Елеке сазынан табылды. Ат әбзелдеріне арналған алтын әшекейлерді Әбдеш Төлеубаев бастаған археологтар қорым қасындағы мінәжат орнынан тапқан. Осы тақырып төңірегінде Әбдеш Төлеубаев ағамыздан сыр тартып, сұхбатқа археология тақырыбын арқау еттік.

 – Алтын адамды тапқан археолог ретінде атыңыз елге мәлім. Енді обадан қандай олжа іздеп жүрсіз?

– Сөзіңнің төркіні түсінікті. Жалпы, «археологтар  алтын іздеумен айналысады» деген қате пікір қазақтарда ғана қалыптасқан. Басқа бірде-бір халықта мұндай ұғым жоқ. Бәлкім, қазақ жерінде алтын көп болғандықтан осындай ұғым қалыптасқан шығар. Бүкіл Еуразиядағы алтынға бай жер – қазақ даласы. Әрине, алтын – қай уақытта да бағалы дүние. Тіпті сақтардың дәуірінде алтынның мінәжат культі болған. Мысалы, Санкт-Петербургтің Эрмитажында тұрған алтынның жартысынан көбін Шығыс Қазақстан жерінен алып кеткен. Міне, осындай өлкеде қазба жұмыстарын жиі жүргізген соң, ел бізді алтын қазып жатыр деп олайтын шығар. Археологтар алтын іздемейді, бабаларымыздың өндірістік өркениетін зерттейді. Шындығына келсек, қазба жұмысы кезінде табылған дүниенің бәрі алтыннан да бағалы болып есептелінеді. Мысалы, мен өткенде тас келсап таптым. Көлемі жұдырықтай ғана жұмыр. Ол – ерте заманда алтынды үгітуге арналған технология. Міне, бұл жәдігер мен үшін үлкен жаңалықтың көзі болып саналады.

– Ол қай жерден табылды?

– Осы жолы Елеке сазынан таптық. Содан кейін сол жерден астауша таптым. Ол дәнекер жасауға арналған құрал болуы керек. Осылайша, ақырындап сақ дәуіріндегі өндіріс ошақтарының сыры ашылып келеді. Археологтардың көздеген мақсаты да – осы.

– Сақ дәуіріндегі өндіріс ошақтарының өзгешелігі қандай болған?

– Бүгінгідей алып өндіріс ошақтары болмаған. Алайда әрбір рудың, тайпаның, бірлестіктің өздерінің ұсталары болған. Ұсталар отырықшы болған және кеніштердің басында қоныстанған.  Кенішті өлкенің төңірегінде айнала қоныстанған отырықшы халық та болған. Олар егін салып, ұсталықпен айналысқан. Сол бір сақ дәуірінде Алтай, Тарбағатай өңірі металлургияның бай ошағы саналған. Біз зерттеп жүрген дүниелер – сол заманның жәдігерлері мен өндірістік өркениетінің жұрнағы.

 – Таңдай қақтырар талай дүние таптыңыздар. Ал соларды жасаған өндіріс орындарын, құрал-саймандарын таба алдыңыздар ма?

– Құрал-саймандардың табылып жатқанын жоғарыда айттым. Осы жолы обаның түбінде 50 метр тереңдікте жатқан ұстахананы таптық. Ол – сақ заманындағы шеберлердің металды өңдейтін, құятын орны. Жер бетінде ешқандай белгі байқалмаған еді. Қазба жұмысының жүру барысында сол маңайдан алдымен көлемі бармақтай-бармақтай қырықтай қорытылған темірді таптық. Жерді тереңдетіп қазғанда барып алтын, темір, қола сияқты металдарды балқытатын пештің орны шықты. Келер жылы сол ұстахананы зерттеуді жоспарлап отырмыз.

– Бұл археология тарихында бірінші рет табылған ұстахана ма?

– Жоқ, осыған дейін де әрбір жерден өндіріс ошақтарының орны анықталған. Алайда бұл тақырып толыққанды зерттелген жоқ. Байырғы бабаларымыздың шеберлігі мен өндірістік технологиясына тәнті болғанымызбен, оны әлі зерттеп-зерделей алған жоқпыз.

– Сонда, сақтардың көшпелі өндірістік технологиялары зерттелмеген дейсіз ғой?

– Иә. Мен 2003 жылы Шіліктінің алтын адамын тапқаннан кейін сондағы алтындардың жасалу жолына қызықтым әрі таңғалдым. Олар көзге көрінбейтін сіркенің көлеміндей-ақ. Алайда сол саңырауқұлақтың басы тәріздес көзге көрінбестей алтынның түбіне түймелікті дәнекерлеген. Диаметрі 1 мм-ден де кішкене. Бұл – қандай шеберлік?!

Содан Санкт-Петербургтен Рафаель Сергеевич деген керемет шебер әрі ғалымды шақырдым. Сақ-скифтердің алтын бұйымдарын зерттейтін ғалым. Ол Шіліктінің алтын тізбелерін зерттей келе: «Қазірдің өзінде мына сіркедей алтынға түймелікті дәнекерлеу үшін міндетті түрде асыл әйнекті білу керек. Сонымен қатар дәнекер жасау үшін 1050 градустық ыстық керек. Оны қазіргі технологиямен жасаудың өзі қиын», – деген қорытында жасады. Сонда біздің сақ бабаларымыз асыл әйнекті де біліп, 1050 градуста металды еріте білген болып тұр ғой. Осыдан кейін сақ бабаларымыздың білімі мен білігіне қалай таңғалмайсың?!

 – Осы жолы қазған обадан қандай олжа таптыңыздар?

– Біз осы жолы алтынмен апталған ат әбзелдері мен оған керекті әшекейлерді таптық. Бұл бірінші рет емес, осыған дейін де археологияда кездескен болатын. Бірақ олар жырынды-жырынды жұрнағы ғана еді. Жұқа қаңылтырмен қапталған болатын. Ал биыл табылған ат әбзелдерінің түр-сипаты, формасы, ұстыны толық сақталған. Арасында құймасы да, қапталғаны да бар. Сондықтан бұл жәдігерлердің құндылығы жоғары болып отыр. Олардың қатарында жаңалығымен ел құлағын елең еткізер, керемет деп кесіп айтар келісті әшекейлер көп.  

Солардың бірі – жолбарыс тұқымдас мифологиялық аң бейнесі. Алтыннан жасалған аң бейнесі бұрын-соңды археологияда кездеспеген. Аяғында үш қоңырауы бар, төртінші қоңырау жоғалып кеткен тәрізді. Одан өзге, екі қабат алтын сымнан жасалған шынжыр жайлы да ауыз толтырып айтуға болады. Оның екі ұшында «сердолик» тасы, екі шетін ала салпыншақтар тағылған. Бұл да – бұрын-соңды кездеспеген дүние. Сондай-ақ обадан табылған алтын бұғы бейнесі де – бұған дейін бізге беймәлім болған олжа. Оның жүген немесе құйысқанға жапсыруға арналып жасалғаны байқалады. Жәдігерлердің қатарында бармақ басындай алтын қазан бар. Оның қос құлағы, белдігін ала белдеулі бедері, түбінде ілгегі бар. Сақ бабамыздан қалған самұрық бейнелі алтын құстың да он шақтысы табылды. Содан құлағы ерекше үлкен аң бейнелі алтын, қайысты қаптауға арналған 65 шақты қапсырмалы алтын болды. Осының бәрі – бүгінгі археологиялық ғылымның жаңалығы мен жетістігі.

Жалпы, обадан табылған бұйымдардың көбі сақ патшасының құрметіне басқа ру-тайпалардың, бірлестіктердің тарту-таралғыға әкелген дүниелері болуы мүмкін.

– Табылған дүниелер ғылыми тұрғыдан қаншалықты зерттеліп жатыр?

– Археологиялық қазба жұмыстары зерттеудің бастауы болып табылады. Зерттеу жүргізу барысында табылған дүниелерді бізге дейінгі археолог ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеп келеміз.

– Қазба жұмысы кезінде табылған дүниелер қазіргі қазақ мәдениетіне қаншалықты жақын?

– Жүген, өмілдірік, құйысқан сияқты ат әбзелдері қазіргі қазақ мәдениетіне сол күйінде жеткен. Сақ дәуірінде қалай болса, қазір де солай. Ер-тоқым біраз өзгешелікке ұшыраған. Сақ дәуіріндегі ер-тоқым қасы жоқ, көпшік тәріздес болған. Ал осы жолы табылған ат айылының әйкелі тұп-тура қазіргі кездегідей. Формасы, көлемі, түрі қаз-қалпында сақталып, бүгінге жеткен. Ерекшелігі – алтынмен апталған. Негізінде, бертінгі ер-тұрмандар күміспен күптелген. Сақтардың дәуірінде алтынмен аптаса, түркілердің дәуірінде күміспен күптеген. Жалпы, біздің бабаларымыз металлургия саласын өте жақсы игергенін қай дәуір көрінісінен де байқауға болады.

– Сол бабалар өркениеті мен жетістігі бүгінгі ұрпаққа қаншалықты дәріптеліп жатыр?

– Біз тапқан дүниелерімізге қатысты жаңалықтың бәрін мектеп оқулықтарына кіргіздік. Шіліктінің алтын адамы, Берелден табылған алтын адам, жалпы, қазақ даласынан табылған археологиялық жәдігерлердің барлығы мектеп оқулықтарына кірді. Мысалы, 6, 10, 11 сыныптың тарих оқулықтарының жетекші авторы ретінде осының бәрін оқулыққа кіргіздім. Газет, телеарна арқылы халыққа да айтып, жеткізіп жатырмыз.

– «Археологтар аруақтарға маза бермеді» деп жүр кейбір жұрт?

 – Ол – қараңғылық түсініктен қалыптасқан ұғым. Мен аруақты сыйлайтын ауылдың баласымын. Құран оқып, діни жоралғы жасап барып жұмысқа кірісеміз. Ал шәкірттеріме аруақтың дүниесіне қол салауға болмайтынын үнемі ескертіп отырамын. Табылған дүниені жеке мүддемізге пайдаланып жатқан жоқпыз. Біздің мақсатымыз – ғылымға үлес қосып, бабалар жетістігін, өркениетін зерттеу-зерделеу. Мысалы, Шіліктінің алтын адамын мен ашпасам, таппасам, жер астында жатар еді ғой. Біз оны барлық жағынан зерттеп, өз бабамыз екенін анықтадық. Оның бойының 180 см, сүйегінің шомбал болғанын, тіпті солақай екенін анықтап, бет әлпетін қалпына келтірдім. Осылай ел иесі, жер иесі, осы өлкенің мұрагері екенімізді әлемге дәлелдедік.

– Сіздің археолог ретінде адалдығыңызға ешкім күмән келтірмес. Десе де Берел, Тарбағатай өңіріндегі жұрт әртүрлі мистикалық оқиғалардың болып тұратынын айтады екен.

– Қай жерде болса да ондай ауытқулар болып тұрады. Оның бәрін археологтарға қарай итере беруге болмас. Мұндай сөздердің шығуына себепкер тағы бір күшті айтайын. Сол өңірлерде жеңіл жолмен ақша тауып, алтын қазумен айналысатын байшыкештер бар. Солар халықтың қолымен от көсеп отыруы мүмкін. Бұл – сыртқы бір күштің қитұрқы әрекеті. Олардың мақсаты – ғылыми топқа кедергі жасап, өңірді өз мүдделеріне пайдалану.

Мысалы, сол өңірде менің 12-13 атамның моласы жатқанын білем. Мен ол туралы кітап та жазып шығардым. Сонда  сақ-скифтердің жерлеу ғұрпындағы ұқсастықтардың өзі 35-45 бетті алды. Ондай ұқсастық тек бізде ғана сақталған. Мысалы, өлікке ат арнау сақтарда керемет болған, олар 15-16 ат сойған. Ал қайтыс болған кісіге жылқы сою күні бүгінге дейін бізде сақталғанын білесің. Жылқы тұлдау біздің қазақта ғана болған. Сақтардың мұрагері екенімізге осы да – жеткілікті мысал. Екі жағымызда екі алпауыт отыр. Соларға жер иесі екенімізді дәлелдейтін дәйегіміз бен дерегіміз дайын болу керек.

"Дидар" газеті

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив